Қазақстандағы кинематографиялық жаңалық және ұлттық кинематографияның бүгінгі келбеті
Кино — өнердің кенже баласы болғанымен, тұтынушысы ең көп мәдени құбылыс. Қазақ кино өнері — сол құбылыстың бір бөлшегі. Дегенмен адамдардың басы құралған жерде бүгінгі қазақ киносы туралы сөз қозғала қалса, оң баға есту мүмкін емеске айналып бара жатыр. Кейбір тарихи фильмдердің әлсіз сюжеттік құрылымы, сериялдардағы драматургиялық қабаттардың таяздығы көрермен көңілін қалдырғаны рас. Бірақ бұл қара аспанды төндіріп, етекті жасқа толтырып түңілуге негіз болмаса керек.
Бір кезде қазақ киносы жай ғана қазақ киносы болатын. Соңғы жылдар бедерінде «қазақ киносы» деген анықтама ортақ белгіні бере алмайтыны анық болды. Отандық киноөнімдер бірнеше лагерьге бөлінді. Ол, ең бірінші, көрерменге алдымен жетіп жатқан, көбіне ұсақ студияларда әуесқой режиссерлер түсіретін, кейде «Қазақфильм» қаржыландыратын, коммерциялық не бұқаралық кино. Бір сәттік көңіл аулауды мақсат қылған олардың көбінің жаңалығы аз, көркемдік құндылығы төмен болатыны түсінікті. Екіншісі — мемлекеттік тапсырыспен, аға буын, не атын қалыптастырып үлгерген орта буын режиссерлер түсіретін, тарихи, идеологиялық кино. Бұл санаттағы фильмдердің негізгі мақсаты — елжандылықты насихаттау, өткеніміздің қандай қиын болғанын, бүгініміздің қандай жарық екенін шегелеу. Үшіншісі — коммерцияның да, идеологияның да қамытына симайтын, суреткерлік ұстанымдарына ғана адал режиссерлер тобы түсіретін авторлық, фестивальдік кино.
Сонымен, 2016 жылы түсірілген осы сипаттас фильмдерді мүмкіндігінше шолып шығатын болсақ.
Коммерциялық кино
Біздің кеңістікте өздерін кәсіби режиссер санайтындарға бұл бейәдеп сөз сияқты естіледі. Қазіргі коммерциялық кино, бір кездегі «Жаралы сезім» емес, өзбек ағайындарға түсірткен клиптектес дүниелер де емес, қазақстандық коммерциялық кино — әзірге Голливуд фильмдерінен үйренуге, шаблондар мен штамптарды сіңіруге тырысу процесін бастан кешіп жатқан өзінше бір әлем. Бірақ, ең өкініштісі, біз Голливуд киносынан техникалық қана емес, тақырыптық тұрғыда шаң қауып келеміз.
Той киноның топыры
Жер бетіндегі барлық халықта үйлену ғұрпы бар: адамдар кездеседі, ғашық болады, той жасайды. Бірақ, басқа ешбір елдің кинотеатрын дәл біздікі сияқты тойдың видеосы жауып кетпеген. Соңғы бір жылда кинотеатрларда жиырма жеті қазақ киносы көрсетілді. Оның екеуі әлеуметтік драма, екеуі үрей фильм (ужас), үшеуі тарихи драма, бесеуі боевик, қалған оншақтысы той туралы комедия мен мелодрама. Яғни, сіз қазақ киносын көрем деп барған екі күннің бірінде тойдың үстінен түсесіз: үшеудің үйленуі де болды («Свадьба на троих», А.Бисембин), он алты қызға үйлену де болды («Он алты қыз», Қ.Мұстафин), ауылдан қалаға қашып барып үйленді («Побег из аула», Н.Адамбай), қаладан ауылға қашып барып үйленді («72 сағатта үйлену», Е.Жолдас), алып қашып үйленді («Мезет», А.Әбілов (қосымша линиясында), шымкентше үйленбек болды («Потому что шымкентский», Ш.Орынбаев), отызға толып та («Замуж в тридцать», А.Бисембин), толмай да үйленді («Супер той или замуж по казахски», Ғ.Асылов). Бәрінің кейіпкерлері не тойға дайындалып жатады, не той жасайды, не тойға қонақ болады, әйтеуір нысанада той маңындағы туысқандарымыздың әрекеті.
Сонда қазақта үйленуден басқа проблема жоқ па дейміз ғой. Болмаса қазақты тойдан басқа ештеңе қызықтыра алмай ма?
Сондықтан той тақырыбының сондай деңгейде сұраныста болғаны қоғам үшін комплимент емес. Қазақ мәдениетінде тойдың орны бөлек екені рас. Той десе қу бастың домалайтыны да рас. Бірақ, одан осыншалықты культ жасауға болмайды ғой. Қазір той тойлап жүретін заман емес.
Ауылдан қалаға «қашу» мен қаладан ауылға «қашу»
Әрине, біз аз ұлтпыз, оны да есепке алу керек, бірақ, қазақстандық коммерциялық кино ауылдан қалаға қашу мен қаладан ауылға қашудың ортасында жүргені өкінішті. Жоғарыда аталған және аталмаған бірсыпыра фильмдердің негізгі мотиві — осы, қос әлемнің кереғарлығына құрылады. Ауылдан келген адам қалаға үйренісе алмайды, орысшаға тілі жетпей елге күлкі болады. Қаладан ауылға келген адам қазақша сөйлей алмайды. Ауыл адамы аңғал, марғау, қарапайым, адал. Қалалықтар әбжіл, қу, ерке, өтірікші, бұзақы. Мұның бәрі бізде тұрақталып қалған стереотиптер. Кейде одан да шаршайсың.
Мысалы, «Гламур для дур» — Асқар Ұзабаевтың «Жұлдызды коктейль» мен «Жолдың» арасында әрі-сәрі күйде жүргенін көрсетті. Жылтырақтан әлі де арыла алмайтын оның «партизандық кино» қозғалысына түбегейлі қосыла алмайтыны, бірақ, коммерциялық киноға өзіндік талабы бар екені белгілі болды. Месседж тұрғысында бәрі дұрыс, «Гламур для дур» біздің адамдардың өзгенің өміріне қол салғыш сұғанақтығын, жаппай сауатсыздығын, өзгені табалауға дайын тұратын тұрпайы мінездерін сынайды. Әлеуметтік желідегі негізсіз танымалдылықтың иллюзия екендігі де уақытылы айтылып отыр. Қос кейіпкер арқылы қыз тағдырына көз салу да бар. Бірақ, фильмнің құрылымы арзан анекдоттардың ретсіз ауысуы сияқты әсер береді. Әрі орысша сөйлей алмайтын ауыл адамын әжуа қылу — ешқандай тапқырлық емес. Ақбота Нұр Сейтмағамбет пен Әсел Ақбарованың мінез, болмысындағы қайшылықтар фильмді қызықты етіп тұр.
Қ.Мұстафиннің «Он алты қызы» да ауылдан қалаға келген бейбақ туралы. Бұл туынды Берік Айтжановты тосын амплуада көрсетуімен ғана есте қалды. Ол жасаған бейне ауыл адамдарын аңғал, таза қылып көрсеткенімен, бүгінгі күннің кейіпкерінен гөрі советтік кинодан көшіп келгенге көбірек ұқсайды. Кейіпкерлер бастан өткеретін қызықты оқиғалар калейдоскопының көбі жасанды. Дәл осыны Ж.Момышевтің «Бизнес по казахски» комедиясы туралы да айтуға болады.
Нұртас Адамбай «Келінка Сабинасының» жалғасын ұсынды. Қаладан ауылға келіп өз тәртібін орнатқан тапқыр келіннің образы ұнамды болғанымен, карикатуралық мәнерде шешілген басқа кейіпкерлер (ене, ата, күйеу) керісінше әсер етеді. «Келінка екінің» негізгі кемшілігі, бұл бірінші фильмдегі әзілдерді, ситуацияларды қайталау ғана болып шықты. Және түптеп келгенде, мұныңыз әлі кино емес, скетчтердің жиынтығы ғана. Нұртас кәсіби телевизияшы болғанымен, кәсіби киногер емес екенін байқатып қойды. Бірақ, бұл фильмдердің шытырлатып касса жинайтын себебі, сұранысқа сай болып тұр. Бізде кино эстетикалық бірлік ретінде ешкімді қызықтырмайды. Мақсат кино көру емес. Мақсат — көңіл көтеру.
Қылмыстық жанр
Жылдың екінші жартысында Н.Адамбай тағы бір тосындау жанрда фильм ұсынды. «Тараз» қылмыстық драмасының тақырыбы, мазмұны ескі, тоқсаныншы жылдары, қазір санасақ, отыз жыл бұрын түсірілуі керек «туынды» еді. Оның үстіне науқас ана, жетім бала, жетім шал, күшпен күйеуге берілген қыз — бақытсыз кейіпкерлердің букетін жинапты. Сормаңдайдың біреуі де бір киноға жетер еді, ал, мұндағы тотальді дағдарыста кейіпкерлердің ешқайсысы толық ашылмай, бәрі эскиз күйінде қалған. Сюжеттік жүрістер сенімсіз. Мұның бәрі режиссердің тәжірибесіздігінен болса керек, өйткені, схема бар да, қисын жоқ. Экранда драма болып жатса, зал жырқ- жырқ күледі. Шыны керек, мұнда Е.Дайыровтың ойынынан басқа көз тоқтататын ештеңе жоқ.
Нұртас Адамбайдың «Таразының» ізін ала тағы бір қылмыстық драма, А.Сатаевтың «Районы» фильмін ерекше ықыласпен қарайсың. Көзің анық жетеді: бәрін де кәсібилік шешеді екен. Ең бастысы нені түсіру емес, қалай түсіру. Мәселе тіпті жанрда емес, стилистика мен қолтаңбада. Сценарист Т.Жақсылықовқа тән көше слэнгінің табиғилығы, «жігіттік» юморы тартымды. Режиссер Ақан Сатаевқа тән мәдениет пен жаңа актерлерді ашу қабілеті ұнамды. Сатаевтың тұрақты операторы Хасан Қыдырәлиев камерасының қисыны да түсінікті. Үш жыл қатарынан «Оскар» алған Эмануэль Любецкидің триумфынан кейін «Районы» фильмінде үзбей түсіретін операторлық жұмысты көргенде еш таң қалғанымыз жоқ. Жалпылай алғанда Сатаев тағы да дәлелдеді: сексенінші жылдың өзін көзің тоятындай етіп түсіргенде «тақырып ескірді» деп шала бүлінбейсің. Мойындау керек, әдебиетте де, кинода да ауыл, не ауылдан шыққан қазақтың тұрмыс-тіршілігі басты тақырып болады да тұрады. Қалада туып, қалада өскен адам көп зерттелмеді. Осы тұрғыдан қазақтың қаласындағы өмірдің нышандарын О.Сүлейменовтің поэмасына негізделген «Балконнан» көретін едік. А.Сатаев туындысы ондай терең оқиға болмаса да, сексенінші жылдардағы Алматының иісін береді.
«Анаға апарар жол»
Сол тұрғыдан алғанда шындыққа бір табан жақындау шыққан «Анаға апарар жол» жылдың ең айтулы премьерасы ретінде танылуы орынды. Бұған дейін жиырмасыншы ғасырдағы қазақ даласының күйі туралы «Аманай мен Заманай», «Жерұйық», «Жат», «Аманат», «Көшбасшы жолы» сияқты фильмдер болды, бірақ, ғасыр тауқыметтерін неғұрлым толық сыйдыра білген отандық туындының бірі — осы «Жол». Бас кейіпкерлер Ана мен Бала. Демек, Ана — Отан, Атамекен, туған жер. Бала — перзент, халық, қазақ. Анасына асыққан Ілияс арқылы туған жерге байланған қазақ туралы айтады. Екеуінің басындағы талайлы тағдыр қатар өріледі, параллель сипатталады. Сол арқылы бүтін бір дәуірдің портреті шығады.
Алтынай Нөгербекова Ілиясты босанатын алғашқы көріністен баласын құшақтап отыра кететін соңғы көрінісіне дейін, ақылды көздерімен, жүзінен төгілген мейірімімен фильмді жылытып тұрды. Әділ Ахметовпен бірге экранымызға «жаным — арымның садағасы» дейтін адамгершілік оралды. Оның бір ғана кемшілігі — кемшілігінің жоқтығы. Кеңес кезіндегі оқулықтардың бетінен түсе қалғандай. Қосалқы рольдердегі Аружан Жазылбекова, Берік Айтжанов, Болат Әбділманов, Еркебұлан Дайыровтар есте қаларлық образдар түзген сыңайлы.
Біз «қазақ киносының тілі өте кинематографиялық» деп мақтанамыз. Бірақ, бұл, «кино лайым классикаға ұқсағысы келіп тұруы керек» деген сөз емес. Мойындайық, өз-өзімізді ұмытып, бәріміз «кинематографиялық» киноның соңынан кетсек, қазақ көрермені Голливудтың жемтігі бола береді. Қазір бұқараның санасы үшін күрес жүріп жатыр. Зеңбірекке қарсы ақберенмен шығуға болмайды. Бұқаралық киноға қарсы авторлық киномен қарулана алмайсыз. Биік өнер, эстеттік кино — ол да керек, бірақ, бұқара үшін «сторителлинг» немесе қарапайым сюжет баяндаушы фильмдер басымдықта болатынын жасыра алмаймыз. Ақан Сатаевтың бұл фильмі — нағыз сол тұрпатты дүние.
Көріп отырғанымыздай, қазақ киносының қазіргі келбеті — бүкіл қазақ қоғамының келбетіндей ию-қию. Мемлекет өзіне ұнайтын киноға ақша бөледі, кейде өзіне ұнамайтын киноға да мүмкіндік береді. Ал, «кино арқылы табыс тапсам, танымал болсам, абырой жинасам» дейтін жеке студиялар, кейде кино еместі кино деп түсіріп, өз бетімен «дамып» жатыр десек те болады. Жалпы талғамды көтеретін дүниелердің зәрулігі өкінішті болып тұр. Авторлық фильмдер кинотеатрларға жетпейді, жетпеуіне мұндай сипаттағы киноны көрсеткісі келмейтін билік өкілдері де, көргісі келмейтін көрермен де кінәлі шығар. Бірақ, көрермен көргісі келетін киноны деңгейлі түсіру камера ұстаған ағайынға да серт пе дейміз?!