Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қазақстандық оқушылар арасында жиі кездесетін аурулар аталды

Қазақстанда оқушылардың көру қабілеті төмендеп барады. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жүргізген арнайы сауалнаманың қорытындысы осындай, деп «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап bilim-all.kz хабарлайды.

Бүгінгі күні балалар қолы қалт етсе планшет пен гаджетке, одан қала берді теледидарға үңіледі. Жаңа технологияның жетістіктері бүгінгі таңда оқушының әрі қамқоршысы, әрі алданышы. Дұрыс қолдана білсең, көпкөрім пайдасы бар. Ал уақыттың қадірін білмей ұзақ отырсаң, зияны да баршылық. Бұған статистика дәлел.

«Оқушылар арасында жиі кездесетін аурулардың түрлеріне келетін болсақ, бірінші орында көру қабілетінің нашарлауы тұр. Сондай-ақ тірек-қимыл жүйелері сыр береді. Оның ішінде арқа омыртқасының қисаюы көп кездеседі. Үшінші орында жүйке және асқазан-ішек жолының аурулары бар», - дейді  қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова.

Соңғы үш жылда мемлекет тарапынан мектептегі медицина қызметіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Гүлнәр Дығаева 18 жылдан бері №52 мектепте медбике болып жұмыс істейді. Оның міндетіне алғашқы медициналық көмек көрсетумен қатар, сауықтыру, алдын алу жұмыстары да кіреді. Партада дұрыс отырудан бастап дұрыс тамақтанудың қыр-сырына дейін үйретеді. Талап бойынша осындай «сергіту сәті» қаланың барлық білім ошағында жүруі тиіс. Қарапайым ғана жаттығулардың оқушылар үшін, әсіресе бастауыш сынып балалары үшін пайдасы көп. Соңғы жылдары көз ауруларының 1,5 есеге азаюы соған дәлел.  

«Оқушыларға өте қызықты. Балалар өте белсенді түрде қатысып, қосылып отырады. Көңілді музыкаларды қосып, балалардың дене шынықтырудағы жасаған әрбір іс-қимылын қоса отырып, би және де жаттығу жұмыстарымен сергіту сәтін орындатып отырамыз», - дейді №52 мектептің мұғалімі Айжан Еркебаева.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жүргізген сауалнама тағы бір мәселені анықтады. Қаладағы 10 оқушының біреуі ғана спортпен белсенді айналысады екен. Сонымен қатар жеміс-жидек пен көкөністі мүлдем қолданбайтындар да бар. Сол себепті мамандар ата-аналарға ас мәзірін дұрыстап, саламатты өмір салтын ұстануға кеңес беруде.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама