Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Сан есім туралы түсінік. Дара және күрделі сан есім
Сан есім туралы түсінік. Дара және күрделі сан есім
Сабақтың мақсаты: 1. Сан есім туралы түсінік беру және құрамына қарай бөлінуін түсіндіру.
2. Сан есімге жаттығу жұмыстарын жүргізе отырып, оқушылардың практикалық дағдысын қалыптастыру, теориялық білімін арттыру, сауаттылығын, тіл байлығын, шешендік қабілетін дамыту.
3. Оқушыларды өз елін, жерін сүюге, құрметтеуге; шешендікке тәрбиелеу.
Сабақ әдісі: деңгейлік тапсырмалар, ойын, сұрақ - жауап, топтастыру, топтық, жұптық.
Сабақ түрі аралас сабақ
Сабақ типі жарыс сабақ
Сабақ көрнекілігі интерактивті тақта

Сабақ барысы:
1. Ұйымдастыру бөлімі. Оқушыларды түгендеп, олардың сабаққа дайындығын тексеру.
- Бүгінгі сабағымыз Еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 20 жыл толуына арналады(Сабақ тақырыбы мен мақсатына тоқталып өту).
- Ал енді сабағымызды М. Шахановтың «Желтоқсан тағылымы» өлеңімен бастағым келеді.
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, жас қайратым, жас өркені халқымның!

Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің
Ешқашан да еңкеюге тиісті емес жалауы! - деп ақын жырлағандай еліміздің жалауын биікке желбірететін жас өркені – сіздерсіздер!
3 топ ұрандарын айтып, өздерін таныстырып өтеді.
Оқушылық деңгей

2. Үй тапсырмасын тексеру. І) 1) Сын есімнің мағыналық түрлері.
2) 155 - жаттығу. Мәтінді оқып, оның аты неге «Әділетсіздік» деп аталғанын дәлелдеңдер. Сөйлемдердегі сапалық, қатыстық сын есімдерді ажыратыңдар.
ІІ) «Жасырынған сұрақтар»
Сандарды таңдау арқылы сұрақтарға жауап береді.
1. Сын есім дегеніміз қандай сөз табы?
2. Негізгі сын есім дегеніміз не?
3. Туынды сын есім дегеніміз не?
4. Күрделі сын есім дегеніміз не?
5. Дара сын есім дегеніміз не?
6. Сапалық сын есім дегеніміз не?
7. Қатыстық сын есім дегеніміз не?
8. Қазақ тілінде неше сөз табы бар?
9. Зат есім, жалпы және жалқы есім дегеніміз не?

3. Жаңа сабақ.
Білекті... жығар, білімді... жығар.
... ала болса, ауыздағы кетеді,
... түгел болса, төбедегі келеді.
... сомың болғанша,... досың болсын.
Керекті сөздерді таптыра отырып, сан есімнің ережесін шығарып, түсіндіру.
Заттың санын, мөлшерін, ретін білдіріп, қанша? неше? нешеу? нешінші? тәрізді сұрақтарға жауап беретін сөз табын сан есім дейді.
Сан есім құрамына қарай дара және күрделі сан есім болып екіге бөлінеді.

Алгоритмдік деңгей
4. Бекіту жұмыстары.
1) Кітаппен жұмыс. «Кім жылдам?»
159 - жаттығу. Мәтіндегі сөйлемдерден сан есімдерді тауып, дара, күрделі сан есімдерді айырып белгіле.
Мысалдар дара күрделі
Алматыда жасақталған жүзінші дербес атқыштар бригадасы мың тоғыз қырық екінші жылы жиырма бесінші қарашада Калинин облысында жаумен шайқасты.
Жиырма екінші желтоқсанда жүзінші бригада Великие Лукидің түбіне келді.
Үш жүз он алтыншы атқыштар дивизиясының жауынгерлері Дубосеково разъезінде жаумен қалай шайқасса, біздің бригада да Великие Лукиде солай соғысты.
Бесінші қаңтарда үшінші батарея жаудың отыз танкісімен жалғыз шайқасты.
Батареядан он адам өлді, жиырма кісі жаралы болды.
Жиырма екі ат оққа ұшты.
Жаудың он үш танкісі қирады, алты рота жаяу әскер жойылды(Ә. Нұршайықов).

2) «Сергіту» ойыны. Дара сан есімдерді атағанда шапалақтайсыздар, күрделі сан есімдерді атағанда орныңыздан тұрасыздар.
Екінші, қырық - елу, тоғыз жүз бір, жетеу, жүздеген, үш - үштен, бесеу, он бүтін жүзден елу бір, тоқсан, жүз шақты.

3) Поэзия минуты. Оқушылар өлеңдер оқиды.
Эвристикалық деңгей
1) Шешендік сөздерді оқып, сан есімдерді тауып, құрамына қарай ажыратып, көрініс көрсету.
1 - топ. Қазақтың қонағы неше түрлі болады?
2 - топ. Дүниеде не өлмейді?
3 - топ. Он бес жас құйын қуған желменен тең.
2) М. Шаханов «Төрт ана». Өлеңде «төрт» сөзі неше рет қайталанып келеді?
3) 1. Мәтінді түсініп оқып, мазмұнын қысқаша айтыңдар. Жалқы зат есімдерді тап.

Тарихы терең ел
Арайлап атқан таңы бар, асу бермес асқары бар сайын дала, жазиралы жерді мекендеген мейірбан халқы бар ел - Қазақстан. Ол - бүкіл қазақ халқының атамекені, кіндік қаны тамған киелі жер. Ол - дүниежүзіндегі барлық қазақтардың Отаны.
Қазақстан Республикасы - өз тәуелсіздігін алған, өркениетке бет бұрған егеменді ел. Әр қазақ азаматының парызы мен қарызы – ұлтының ұлықтығы, теңдігі, елдігі үшін тер төгу.
Бұл сезім тәуелсіз Қазақстанның азаттығын аялаудан, ұлан – байтақ жерді, ұланғайыр байлықты ардақтаудан басталады. Тарихын, ерлікке толы сахара жұртының ғұмырын тасқа қашап қалдырған Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған бабалардың асқақ рухы, асқан батырлығы ұлттық мұралардың қайнар көзі болып табылады. Заманында әлем өркениетімен иық теңестірген салтанатты шаһарлар, сәулетті кенттер қазақ елінің алып мемлекет болғанын айғақтайды.

2. Мәтінді түсініп оқып, мазмұнын қысқаша айтыңдар. Сан есімдерді тап.
Тәуелсіз Қазақстан
Отан деген не? Бұл сөзді әрқайсымыз күн сайын әлденеше рет естіп
жүрміз. «Отан от басынан басталады» дейді халық. Отан дегеніміз – адамның туып - өскен жері, туған - туысқандарымен, жақындарымен, бүкіл жарандарымен бірге тұратын мекені.
Қазақ елінде тұратын барлық адамның Отаны – Қазақстан Республикасы 1991жылы 16 желтоқсан күні біздің еліміз – Қазақстан тәуелсіз Республика болып жарияланды.
Осы күнге жету үшін қазақ халқы қанша қиыншылықты бастан өткізді.
Әр мемлекеттің дербес, тәуелсіз ел болуы – барша бақыттың бастауы. Елдің өз құқы өз қолында, ешкімге тәуелді емес.
Бұл күнде дүние жүзінің бірқатар елі Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде танып отыр. Осы бақыт әр қазақстандықтың жүрегіне нұр құяды.

3. Мәтінді түсініп оқып, мазмұнын қысқаша айтыңдар. Сын есім, сан есімдерді тауып, мағыналық түрін ажырат.
Қонақжай халық
Қазақ халқы танымаса да, «құдайы қонақпын» деген адамды құрметпен қарсы алады. Жол жүріп келе жатқан адам кез келген ауылға, үйге қонақ бола береді.
Қазақ үшін қонақты қарсы алмау, күтпеу - ұят.
Қонақ күту - қазақ халқының ең жауапты ісі. Келген қонақты риза етуге тырысады. Ең алдымен, қонақтарға сусын ұсынылады. Содан кейін шай ішіледі. Шайдан кейін қонақтардың көңілді отыруына үй иесі бар жағдайды жасайды. Ауылдағы әнші, күйші, өнерлі адамдарды шақырып, қонақтардың көңілін көтереді.
Халқымызда «қырықтың бірі қыдыр» деген сөз бар. Бұл сөздің мағынасы өте терең. Ата - бабаларымыз «қонақпен бірге құт, ырыс келеді, қонақты қусаң, құт, ырыс қашып кетеді» деп ырымдаған.
Осы дәстүр қазір де бар. Оның дәлелі – шетелден келушілердің: «Қазақ халқы – қонақжай халық» деген сөзі.

Шығармашылық деңгей
«Аяқталмаған ой...»
1 - топ Мен Президент болсам...
2 - топ Менің тәуелсіз елімде...
3 - топ Туған жер...
5. Үйге тапсырма. Сан есім туралы түсінік. Дара және күрделі сан есім. 161 - жаттығу. Сан есімдерді қатыстырып, «Біздің сынып» деген тақырыпта шағын шығарма құрастырып жазыңдар.
Бағалау. Топ басшылары топ мүшелерін бағалайды.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама