Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
ШҚО-да мұғалімдерге арнайы гранттар берілуі мүмкін

ШҚО-да бастауыш сынып мұғалімдеріне арнайы гранттар берілуі мүмкін. Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметов «Нұр Орда» мектеп-лицейінің жұмыс барысымен танысу кезінде айтты, деп хабарлайды Алтайньюс.

Заманауи қалыпта жасалған білім ордасының оқу кабинеттерін аралап, оң бағасын берген аймақ басшысы «Nur Oran» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов пен облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділоваға IT-сыныптардың бағдарламасын халықаралық талаптарға сәйкес өзгертуді тапсырды.

Бұдан бөлек облыс әкімі бастауыш сынып мұғалімдеріне арнайы грант бөлу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы мектеп оқушыларының қай салаға икемі барын анықтау мақсатында арнайы тест әзірлеуді жүктеді.

«Біздің мектептердегі IT-сыныптарда барлық жағдай жасалған. Бұл бәсекеге қабілетті маман даярлаудың бірден-бір жолы. Осындай мектептер өңірімізде көп болуы тиіс. 11 сыныпты тәмамдаған түлектің дайын маман болып шығуына жағдай жасау қажет. Шетелдерде мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Сондықтан қазіргі уақытта білімге деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Ол үшін бізде бар мүмкіндік бар. Еуропа мен Азияның үздік мұғалімдері облыстағы оқушыларды ІТ-бағдарламалауға оқытуы тиіс, - деді Даниал Ахметов.

Сонымен қатар облыс әкімі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Өскемендегі 44 мектептің асханасы қайта жаңғыртылып жатқанын да тілге тиек етті. Жеке кәсіпкерлер мектеп асханаларына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жабдықтар мен жиһаздармен қамтамасыз етіп жатқанын айтқан ол жаңа оқу жылында ескі жабдықтармен жұмыс істеп тұрған 44 мектептің 35-не қайта жаңғырту жұмыстарының толық аяқталатынын хабарлады.

Ал қалған 9 мектептің асханасын заманауи қалыпқа келтіру жобасы бойынша конкурстар биылғы жылдың қараша айында жарияланбақ.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама