Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 30 минут бұрын)
«Сұңқар» зымыранының алғашқы сынақ ұшырылымы мерзімі бір айға жуық кейінге шегерілді

«Сұңқар» («Союз-5») зымыран-тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы 26 сәуірге дейінгі кезеңге жоспарланып отыр. Бұл туралы космодромдағы дереккөз хабарлады.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін жоспарланған 13-16 сәуір аралығындағы резервтік ұшыру күндерінің 26 сәуірге дейін ауыстырылуына ұшыру кешенінің жабдықтары мен зымыран-тасығыш жүйелерін қосымша тексеру қажеттілігі себеп болған. Қажетті тексерулер мен кемшіліктер жойылғаннан кейін, мемлекетаралық комиссия ұшыру күні туралы шешім қабылдайды.

«Сұңқар» зымыранының тарихы

Бастапқыда «Сұңқар» зымыранын 27 наурызда ұшыру көзделген болатын. Алайда, техникалық себептерге байланысты ұшыру күні резервтік күндерге ауыстырылды.

31 наурызда «Союз-5» зымыраны пайдалы жүк макетімен бірге монтаждау-сынақ корпусынан шығарылып, 45-ші алаңдағы ұшыру құрылғысына тік күйде орнатылды.

«Бәйтерек» жобасы

«Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені – Қазақстан мен Ресейдің Байқоңыр кешенінде экологиялық таза отын компоненттері бар зымыранмен ғарыш ұшыруды жүзеге асыру үшін жерүсті ғарыш құрылымын құру бойынша бірлескен жобасы. Жоба 2004 жылы құрылып, 2005 жылы Байқоңыр ғарыш айлаңына сол кездегі Қазақстан мен Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің сапары кезінде ресми түрде басталды.

Алғашқыда «Ангара» зымыран-тасығышын пайдалану жоспарланған болатын. Ол үшін 200-ші алаңдағы «Протон» зымыранына арналған бұрынғы №40 ұшыру қондырғысының орнына жерүсті ұшыру кешенін салу көзделген еді.

Алайда, кейіннен Ресейдің жоспарлары өзгеріп, «Энергия» зымыранын сынауға арналған 250-ші алаңдағы әмбебап кешенді сынақ-ұшыру орнының орнына жаңа алаң ұсынылды. Бірақ бұл нұсқа да жүзеге аспады.

Кейіннен, «Зенит» зымыран-тасығышын ұшыру бағдарламасы аяқталғаннан кейін, 42-ші алаңдағы (монтаждау-сынақ корпусы) және 45-ші алаңдағы (ұшыру кешені) барлық жерүсті инфрақұрылымы Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалға алу шартынан шығарылып, «Бәйтерек» БК-ның меншігіне берілді.

«Ангара» зымыран-тасығышының ұшыру кешенінің құрылысы басталмай, орнына жаңа «Союз-5» зымыран-тасығышы бекітілді. Бұл зымыран үшін «Зенит» КРК-сынан қалған жерүсті инфрақұрылымын жетілдіру арқылы пайдалануға мүмкіндік туды.

«Союз-5» зымыранының сипаттамасы

«Союз-5» зымыран-тасығышы (бұрынғы жобалық атауы «Ертіс», қазақша атауы «Сұңқар») – екі сатылы орташа кластағы зымыран, Ресейдің «Роскосмос» АҚ-ның «РКЦ «Прогресс» кәсіпорнында өндіріледі.

Техникалық сипаттамалары: зымыранның биіктігі бас бұрылмалы қаптамасына байланысты – 58,8 метр немесе 65,2 метр; диаметрі – 4,1 метр; ұшыру массасы – 526-531 тонна; төменгі орбитаға шығарылатын пайдалы жүк массасы – 17,4 тонна; геостационарлық орбитаға – 2,5 тонна.

Қолданылатын отын және тотықтырғыш – экологиялық қауіпсіз нафтил (керосин түрі) және сұйық оттегі.

Жаңалықтар

Жарнама