Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Сүйек-буын туберкулезі

Құрт ауруы адам ағзасына туберкулез таяқшаларының енуінен пайда болатын инфекциялық жұқпалы ауру екендігі екінің біріне мәлім. Туберкулезге тыныс ағзалары жиі шалдығады. Сонымен қатар бұл дертке сирек те болса ми, ми қабықшасы, сүйек буын, лимфа бездері, бүйрек, жыныс ағзалары, көз, ішек және басқа да ағзалар мен мүшелер де ұшырайды.

Сүйек-буын туберкулезі — өте ауыр, созылмалы жұқпалы ауру. Ауруға шалдыққан адам көп уақыт жұмысқа жарамай, жарымжан, тіпті мүгедек болуы да мүмкін. Сүйек-буын туберкулезі адам организміне туберкулез ауруының қоздырғышы түскенде басталады. Ауру туберкулезбен ауыратын кісілерден, малдан, құстан жұғады. Туберкулез микробы адам организміне көбіне тамақ бездері және ішек арқылы әртүрлі жолдармен өтеді. Туберкулез ауруы шаң-тозаң арқылы және аурудың ыдыс-аяғы, киім-кешегінен де беріледі. Туберкулез микробы тыныс жолдары және тамақ ішкенде ауыз арқылы ішке кіріп, қан тамырларына түседі де, тіндерге, оның ішінде сүйек тіндеріне тарайды. Организмі онша өсіп жетілмегендіктен қорғаныс қабілеті нашар болғандықтан, сүйек-буын туберкулезімен әсіресе балалар көп ауырады.
Ауру сүйектен басталып, біртіндеп жақын буынға жайылады. Жаңадан қозып келе жатқан сүйек туберкулезі ұясы, көп жағдайда ұзақ уақыт езінің бастапқы жағдайын тез өзгерте қоймайды. Науқастың білінуі жалпы организмнің улану белгілерінен басталады. Ауырған адам әлсіз, ашушаң болады, жұмысқа қабілеті төмендеп, асқа тәбеті тартпай, кешке қарай дененің қызуы 37,2-37,5 градусқа көтерілуі мүмкін. Жалпы организмнің улану белгілері әсіресе жас балаларда ете айқын керінеді. Олар сылбыр, көңілсіз, бозарып, үлгерімі төмендеп, ойлағанда шаршағыш келеді. Кейде түнде ұйықтап жатып айқайлайды.

Туберкулин таяқшасы организмге микробтың түскен белгісін білдіреді, қан талдауында да өзгерістер болады. Бұл туберкулез үдерісі дамып, сырқат белгілері пайда болды деген сөз.

Омыртқа туберкулезі сүйек-буын туберкулездерінің арасында бірінші орында. Ауырған адам кейде аяқтың әлсіздігін сезеді. Адам қимылдағанда кібіртіктегені байқалады: иіліп-бүгіліп, еңкейгенде, әсіресе отырып-тұрғанда ауырған жер айқындалып, тіпті қай омыртқа зақымдалғаны белгілі болады. Кісі тез шаршап, жұмыс күнін үлкен қиындықпен аяқтайды. Кейде аяқ әбден әлсірегендіктен жүру мүмкіншілігінен айрылады. Асқынған кездегі іркілмелі ісіктер омыртқа туберкулезінің айқын белгілері. Сонымен қатар омыртқада анатомиялық өзгерістер пайда болады, жұлын зақымданады. Жұлынның зақымдануы аяқтың толық салдануына және қуықтың, ішектің жеткіліксіз жұмыс жасауына алып келеді. Омыртқа ішіндегі туберкулез ұясын өте жақсы жетілдірілген пентинограммада ғана көруге болады.

Ортан жілік, жамбас буындар туберкулезі

Ортан жіліктің басы мен мойнынан, яғни жамбастың шұңқырынан, басталған туберкулездің даму үдерісінің бастапқы сатысында аурудың тынышын аларлықтай жағдай онша сезіле қоймайды. Бара-бара, әсіресе ұзақ жүрістен кейін, аяқ аздап ауырып, сылти бастайды. Жаттығу жасағанда, секіріп ойнағанда, ауру аяққа күш түсіп, көбірек ауыратын болады. Жас балалардың аяғы қисайып, сүріншек келеді жиі жығыла береді. Адамның дене қызуы 37-38°С-ге дейін көтерілетіндігі байқалады. Бірсыпыра уақыт өткен соң ауру аяқ сау аяқтан гөрі жіңішкере бастайды. Сырқат дами келе аяқ, жамбас және тізе буындары бүгіліп кететін жағдайға ұшырайды. Ортан жіліктің басы бұзылып, жіліктің басы мен мойнының бірсыпыра жері қысқарады. Аяқ қысқарып, адам өмірлік ақсақ болып қалады. Жамбас туберкулезі асқынғанда буын іріңдейді, ісік пайда болады, ісік ішіне ірің жинала-жинала, кейін өздігінен жарылады да сыртқа шығады. Жілік басы мен буын шұңқырының туберкулезден бұзылуы оның басының буынының шығуына әкеп соқтырады. Бұндай жағдайда ауырған адамға тек ота ғана көмектесе алады.

Тізе-буын туберкулезі

Тізе ауруға шалдыққанда басқа сүйек буын туберкулезіндей ауру белгісі өте жай басталады. Буын туберкулезінің бастапқы сатысында жарақаттану алдымен буын қалтасында, оның ең кіші қабатында басталады. Бұл жағдайда буында сарысу және буын айналасындағы тіндерде шамалы ісік пайда болады. Жұмыс соңында буынның шамалы ауырғаны байқалады. Тізе буынының қозғалыс қабілеті көп өзгере қоймайды. Туберкулез сарысуының басқа сарысудан айырмашылығы — оның ұзақ уақыт бірқалыпта сақталуында. Кешкілік дене қызуы 37-37,5°С-қа дейін көтеріледі. Біршама уақыттан соң сарысу тізе үстіндегі тобыққа немесе тобықтың жан-жағына жайылғанда ол жердің қатты ауыратындығы сезіледі. Барған сайын ауру асқынып, ауырған аяқ ақсаңдап жіңішкере бастайды. Буындағы ісік біртіндеп ұлғайып, аяқ ұршық тәрізденеді. Алғаш ауру адам тізесін бүге басып жүріп, кейін аяғын қанша жазбақ болса да, жазылмайтын халге жетеді. Буын іріңдегенде, ірің буын қалтасын жарып, санның, төменгі сирақтың жоғарғы бөлігіне жиналады, кейін жұқарып, қызарып өзінен-өзі жарылып, көпке дейін бітпейтін жараға айналады. Туберкулез үрдісі ұлғайып, тізе буынының қозғалысы бірте-бірте бұзылып, буын қалтасы жиырылып, жабысып қалған жағдайда буын біржола қозғалмай, аяқ 5-10 см қысқарып қалады.

Иық, балтыр, табан, шынтақ және білезік буындарының туберкулезі

Бұл буындарда туберкулездің басталуы бәсең, аздап ауырып, буынның көлемі ұлғайып, қозғалу қабілеті нашарлайды. Туберкулез ауруының белгілері: буындарда бұлшық еттері семіп, аяқ-қол сүйектері жіңішкеріп, тері қыртысы қалыңдайды. Емделмей, ауру асқынған жағдайда, буын қозғалмай қалады, суық ісік және жазылмайтын жара пайда болады. Сырқат адамның дене қызуы көтеріліп, жүдеп, тамаққа тәбеті тартпай, әлсіреген жағдайда, тезірек дәрігерге көрінген дұрыс.

Г.М. Қожабаева, жоғарғы санатты дәрігер


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама