Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Сүйкімді қарт

Сапарғали Бегалинді жұрттың көбі Сапеке дейді. Үлкеннің бәріне «екені» қоса бермеген халық, жақсы көрген қартына қосқан. Жақсы көру үшін жағымды мінез, құнарлы еңбек керек. Бұл қасиеттерге Сапекен, бай кісі.

Еңбек пен мінезді қосарлап айтуым әлде қалай емес. Бұл екеуі бойға бірден біте бермейді. Еңбегі керек, өзі керексіз адамдар арамызда бар. Сапекең алдымен адамшылық қасиетті бағалаған, жазушы болармын, болмаспын әуелі адам болайыншы, деген мақсатты жоғары ұстаған, сондықтан оның адамшылық қасиеттерін кір шалмай келді.

Біз қазір осы Сапекеңнің 80 жасын тойлап отырмыз. Бұл құрмет бір мұнда ғана емес, бүкіл республикамыздың жер-жерінде үлкенді-кішілі өтіп жатыр. Ата-бабаларымыз өмірінің тек екі күнін — туған күні мен өлген күнін құрметтепті. Онда да екі-ақ рет. Біз бұл күндері жыл сайын, мүшел сайын құрметтейтін болдық. Жаңа дәстүрлер жасадық, ескінің ере алмағанын тастап, жоқты жаңадан жасадық. Қазақ атамыз қалпында, ал қазақтың өзі, қазақшылығы әмән өзгеруде, жаңаруда. Зәуеде бабаларымыздың бірі тіріліп келе қалса мына Сапекеңді 80-де деп, сенің ұрпағың деп сендіру қандай қиын. Қалай сенеді. Сақалдан жұрдай, көсе деуге қияқтай мұрты бар, шал деуге шашы қап-қара, беті әжімсіз, қолынан қалам түспейді, жазатыны ылғи өлең, кітап. Оларының ішінде бір ауыз құдай, әруақ деген сөз жоқ. Сиынатыны, жырлайтыны — совет, социализм, жүріс-тұрысы, үй-тұрмысы, киім-киісіне дейін бұрынғы қазақтарға ұқсамайды. Сонда да бұл кісіге бүгінгі қазақтар бас иеді. Қазақ қауымы мүлде өзгерді, жаңа дәстүрлер жасалды дедік. Соның ең айқын айғағының бірі осы Сапекең өзі болып тұр.

Сексен жас көптің арманы, бірақ, ол арманға жететіндер аз. Жеткендердің ішінен ілуде біріне, халық қалағанына той жасалады. Олай болса, Сапекең тек әкенің ұлы болып қалмай, халық ұлы да болған. Адам адамшылықтың жоғары сатысына көтерілгенде ғана халық ұлы бола алады.

Дүниеге келген жанның дүниеден алашағы, берешегі бар. Талайлар сол алатынын жөнді ала алмай, беретінін жөнді бере алмай кетіп жатады. Сапекең бұл жағынан мығым, есебі түгел. Өткен замандарда екі сексен жасаған қарт, бір сексенде Сапекең көрген заманда ғаламаттарының жүзден бірін көрсе де тәңіріне мың-мың шүкіршілік етер еді. Сапекең ол ғаламаттардың куәсі ғана емес, жасаушылардың, ол ғаламаттарды қағазға түсіріп, тарихта қалдырушылардың бірі — жазушы, ақын әсіресе жас ұрпаққа көбірек еңбек сіңірген жазушы.

Бәйгеге сан сәйгүлік қосылады. Көбі қарақшыға жетпей жолда қалады, жеткендерінің өзі діңкелеп азар жетеді. Солардың ішінде бірен-саран жүйрік Тайбурылдай зымырап өтеді қарақшыдан. Сапекең де сексеннен зымырап өтіп барады, жалғыз аяқ қағып жазым етпесе, жүзге дейін шабысынан танар түрі жоқ. Тфә,тфә, тілім тасқа!

Көп жасағандар, талантты қалам қайраткерлері әр заманда-ақ болған, бірақ біздің замандағыдай сый-құрмет көре бермеген. Таланттың ерте не кеш туып қалатын кездері бар. Өз заманында туған талант ерке, еркін өседі. Сапекеңді Сапекең еткен, қазақ совет әдебиетінің қадірлі ағасы еткен заманы — совет заманы. Заманымыздың осы шарапаты күн нұрындай әлемге жайыла берсін, Сапекең сол нұрға бөленіп жасай берсін, біз тойлай берейік.

1975


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама