Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романындағы өмір үшін күрестегі кейіпкер
Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романындағы өмір үшін күрестегі кейіпкер.
Қазақ әдебиетінде елеулі орын алған өзінің шытырман оқиғаларымен оқырманды баурап алатын роман- «Шырағың сөнбесін».
Романның «Шырағың сөнбесін» аталуы артындағы қалар ұрпақтың ғұмырлы болуын меңзеп тұрғандай. Жау тылында қалған аяғы ауыр Назираның өмірінің бөлшегі бойындағы шаранасының аман қалуын көкседі.
Ұрпақ адам өмірінің шырағын жағушы деген нені білдіреді?
Шырақ деп- көзінің нұры, көңілінің қуанышы болатын адам ізінің жалғастырушысы баланың аман-есен тіршілік етуі. Бұл шығармадағы жан- жақтан анталаған жау тылында қалған аяғы ауыр ананың да тілеуі өмірінің бір бөлшегі, жан дүниесінің жартысы- баласының аман-есен дүние есігін ашса деген ананың сезімінің ыстық көріністері беріледі. Осы романда жазушы: «Менің құрсағымда да бір шырақ жалтырап жанып келеді. Соны өшіріп алсам…Құрсағымда титімдей жан иесі барда, мелшиіп қарап отыра алмаймын, қайткенде де қарекет жасап, бір нәрсеге жетуім керек»,- деген жолдардан дауылды күнде әлсіз жанған шырақтың сөніп қалмауы үшін харекет кылуға ұмтылған анна бейнесін көруге болады.
Ауыр азап, қиын-қыстауға қамалып, жаны жапа шегіп жатса да өз алдындағы үлкендердің пайым-парасатын, табиғи биязы мінездерін өзіне үлгі тұтып, есіне ала отырып сабырды серік еткен Нәзира кеудесіндегі сәбиін де «сәби», «перзент», «балам» деп атамай, «сол» деп суреттеп береді. Әлсіз шырақ, әлсіз үміт сәулесі «сол» деп солқылдақ үмітпен жеткізеді.
«Бүйірімді тепкілеп жатқан-сол. Жан иесі-сол. Жападан жалғыз қалып жаны қысылғанда демеу бойындағы бөлшегі-сол». Нәзира-ұлтжанды, қайсар, «қаһарман» қыз.Бұлай деуімнің себебі-он тоғыз жастағы жас келіншектің қолына қару алып соғыспаса да, жолшыбай жау бомбасының астында қалуы, вагонда «тілсіз жаумен», одан бөлек фашистермен кездесуі, осының бәрінен ұрпақ ұрпақ үшін ерлікпен өтуі. Құрсағындағы баламен: «Қайран туған жер! Ортамызда өткел бермес дариядай жау бар. Кішкентай болса да үміт жетелеп, әйтеуір жақындай берейікші деп шығысқа қарай жетелеп келеміз»-деген сөздері келешектен үміт үзбеген, әрі туған елі үнемі жүрегінде жүретін жан екендігін айғақтайды.Қаршадай қыздың «тар жол тайғақ кешкенін» көріп, бүгінгі бейбіт заманда өмір сүріп жатқандығыма шүкіршілік етемін. Бүгінгі күні кей замандастарымның тәуелсіз елде әлеуметтік желілер мен ішімдік, нашақорлық секілді кесапаттарға қарсы тұра алмай, жауды емес, жауды емес, өз нәпсісін жеңе алмай жатқандығына көңіл құлазиды. Екіншіден, Нәзира- ана!Енді ғана балалықпен қош айтысқан ару құрсағындағы сәбимен «ауыздықпен су ішеді». Оның «ана» деген мәртебесі тым биік атауды арқалап жүруінің өзі туындының бар мәнін ашып тұрғандай. Кім біледі, ол жай ғана келіншек болса, шығарма осыншалықты әсерлі болар ма еді?
«Мен жападан жалғыз қалдым. Көз жасым шықпай ағыл-тегіл кеудеме құйылып жатты. Бірақ мені тоқтататын бір-ақ жан сол. Бүйірімді түртіп-түртіп қалатын сол тірі жан иесі...» Бұл жердегі «сол»- Нәзираның әлі жарық дүние есігін ашпаған нәрестесі. Жары Қасымбектің артынан бала қалсын деп, ұлтының бір ұрпағы үшін Нәзира «ана» деген атқа лайық болып, қиындыққа мойымайды.Бүгін де Нәзирадай жас аналар қоғамда көп. Бірақ бәрін бірдей ана деп атай алмаймыз. Өмірдің сынағына төзе алмай, не болмаса жастықпен шалыс басып, нәрестесін қоқыс жәшігіне тастап кететін тас бауырлар баршылық. Сол себептен Нәзираны қазақ қыздарының «эталоны» десек артық емес.
Қорыта келгенде, Тахауи Ахтанов «Шырағың сөнбесін» романын жазудағы әйел психологиясы, әйел адамның жан дүниесін түсініп көркем әдеби тілмен жазудың өзі оның шеберлігін, туа біткен дарындығын көрсетеді. Сөз соңында шығармадағы әженің «шырағың сөнбесін» деген сөзін барша елге тілегім келеді.Роман Нәзира арқылы өмір үшін күресті көрсетті. Ендеше, мына өмірдің шамшырағы, кемел келешегі-яғни біз және ертеңгі ұрпақ, сол шырақты сөндіріп алмайықшы!
У. М. Джолдыбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Мәдениетова Бплсұлу, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Шығыстану факультетінің 1-курс студенті