Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Теңізші Синдбад

Синдбад Бағдаттағы бай саудагердің жалғыз ұлы болатын. Әкесі қайтыс болған соң, ол бар байлықты демде тауысады. Жүзім бағын сатып, одан түскен ақшаға әртүрлі заттар сатып алады. Заттарды алыс жерлерге апарып, жақсы бағаға сатпақ боп саудагерлердің кемесіне отырады.

Бірнеше күн тоқтамай жүзген кеме бір ғажайып аралдың жағасына кеп тоқтайды. Бір кезде капитан: «Желкендерді көтеріңдер! Бұл арал емес, үлкен балықтың жотасы!» деп айғайлайды. Сол сәт алып балық құйрығын суға бір ұрады. Оның күшінен толқын көтеріліп, бір аз адам теңізге құл ап түседі. Олардың арасында Синдбад та бар еді. Капитан суда қалған адамдарға қарамастан ары қарай жүзіп кетеді. Синдбад батып бара жатып, бір ағаш діңіне жабысып үлгереді. Бір күн жүзіп, ертесіне күн бата белгісіз бір аралдың жағасына жетеді.

Синдбад жағалаумен келе жатып, аяғы тұсалған атты көреді. Қуанып кетіп, енді міне бергенде бір адам жүгіріп келіп: «Ат патшанікі, мен — ат күтушімін», — дейді де, Синдбадты патшаға ертіп келеді. Синдбад патшаға басынан өткен оқиғаны баяндап береді. Патша оның зияны жоқ адам екеніне көзі жетіп, аралда қалдырады. Сол жерде біраз уақыт жұмыс істеген Синдбад елін қатты сағынып, жиі күрсінетін болады. Бірде аралға баяғы өзін тастап кеткен кеме келіп тоқтайды. Синдбад кеме капитанына барып жолығады. Капитан да оны танып, тауарларын қайтарып береді. Сөйтіп, Бағдадқа қайта оралған Синдбад тауарларынан көп пайда түсіріп, өз үйінде жайма-шуақ өмір сүріп жатады.

Екінші саяхатына шығарда Синдбад кемеге аз ғана тауар тиейді. Кеме бір қаладан екіншісіне жүзіп, саудагерлер өз тауарларын сатады. Қайтып келе жатып кеме бір аралға тоқтайды. Кемедегілер жағаға түсіп, біраз демалғысы келеді. Синдбад та біраз тынығып алмақ боп алма ағашының көлеңкесіне қисая кетеді. Оянса, кеме жоқ. Ағаштың ұшар басына шығып, жан-жағына алақтай қарайды да кеменің кетіп қалғанына көзі жетеді. Кенет оның көзіне күнге шағылысқан аппақ күмбез көрінеді.

Синдбад күмбезге қарай жүреді. Жанына жақын келіп қараса, күмбез дегені үлкен жұмыртқа кен. Кенет айнала қаракөлеңкеленіп, жел тұрып кетеді. Бұл ұшып келе жатқан құстың лебі еді. Синдбад мұның Рух атты алып құс екенін түсініп, жұмыртқаның тасасына жасырынды. Құс жемтік аулауға ұшар кезде Синдбад сәлдесін шешіп алады да, өзін құстың аяғына байлап қояды.

Құс аспанға көтерілгенде, Синдбад есінен танып қалады. Есін жиса, шет-шеті таумен қоршалған алмазға толы алаңқайда жатыр екен. Алаңқайда алмаздың көптігі сонша, оның санына жету мүмкін емес көрінеді. Сондай-ақ, бұл жер үлкен жыланның ордасы болып шығады. Қозғалуға қорыққан Синдбад айналасына барлай қарайды. Анадай жердегі биік таспен тасаланған қуысқа барып жасырынады. Кенет ол қаны сорғалаған шикі етті көзі шалып қалады. «Мұнысы несі?» деп ойлағанша болған жоқ, алмаз жабысқан етті бір алып құс көтеріп кетеді. Сол кезде Синдбадтың есіне саудагерлердің айтқан әңгімесі түседі.

Алмаз сатумен айналысатын саудагерлер жаңа сойылған малдың етін алаңқайға тастайды екен. Алмаз жабысқан бұл еттерді құс алып ұшады. Саудагерлер құстың соңынан еріп отырып, еттен жерге түскен алмаздарды жинап алатын көрінеді. Синдбад енді осы қулықты өз пайдасына асырмақ болады. Жыландарға көрінбей, алмаздарды керегінше жинап алады. Содан соң сәлденің бір жағына етті, бір жағына өзін байлап, алып құстың келуін күтеді. Сол-ақ екен алып құстың тағы біреуі ұшып келіп, етпен бірге Синдбадты да көтеріп әкетеді. Осылайша Синдбад алаңқайдан аман-есенүлкен олжамен көтеріледі.

Сөйтіп, Синдбад саудагерге керегінше алмаз беріп, Бағдадқа аман-есен оралады. Еш таршылық көрмей, жап-жақсы өмір сүріп жатады. Алайда іші пысып, тағы да сапарға шығады. Бұл жолғы мінген кемесі теңізде қатты дауыл көтерілгендіктен, жақын маңдағы бір аралға аялдайды.

Аралды айнала қарап жүріп олар үлкен сарайды көреді. Сарайдың айналасында адам сүйектері үйіліп жатыр екен.
Кенет қақпадан бір көзді дәу шыға келеді. Зәрелері ұшқан саяхатшылар жан-жаққа бытырай қашады. Бірақ дәу оларды ұстап алады. Тұтқынға түскендер ақылдасып, ағаштан салы жасап, қашпақ болады. Бірде, дәу ұйықтап жатқан кезде, олар от қақтайтын шанышқыны отқа қыздырып, дәудің көзіне басып алады. Дәудің көзі көрмей қалады.Саяхатшылар қақпаны ашып, қаша жөнеледі.

Салыға мінген Синдбад пен оның сапарластары теңізге қарай жүзеді. Сол кезде соқыр дәудің өкірген дауысын естіп, басқа екі дәу жүгіріп келеді де, салыны таспен атқылай бастайды. Суда үлкен толқындар пайда болып, салыны аударып кете жаздайды. Салыда отырғандар суға құлайды. Өкінішке қарай, көбісі жүзе алмайды екен. Олар сол сәтте-ақ су түбіне кетеді. Тек Синдбад пен екі жас саудагер аман қалады. Үшеуі әрең дегенде бір аралға жүзіп жетеді. Әбден шаршаған олар қатты ұйқыға кетеді.

Кенет сыбдырлаған дыбыс естілді. Шөп арасынан үлкен жылан шығып, бір саудагерді шағып алады. Қалған екеуі қашып, ағаштың басына шығады. Жылан оларды қуып жетіп, ағаштың төменгі бұтағында отырған саудагерге атылады. Сөйтіп жанындағы серіктерінен айырылған Синдбад жалғыз қалады. Жерге түсіп, жыланнан қорғану үшін үстіне тікенектер жапсырып алады. «Бұл жерден қалайда кету керек!» Синдбад осы оймен теңізге барлай көз тастайды. Кенет ол алыстан қарауытқан кеменің сұлбасын көреді. Көйлегін шешіп алып, жағада әрлі-бері айғайлай жүгірген оны теңізшілер байқап қалады да, кеме жағаға жүзіп келіп, Синдбадты өздерімен бірге алып кетеді.

Қалаға келген саудагерлер тауарларын сатуға ыңғайланды. Ал Синдбадтың ештеңесі жоқ. Көңілкүйі түсіп кеткенін көрген капитан оған жаны ашып: «Менің кемемнің жүк қоймасында біршама тауарлар бар. Иесі сапар кезінде жоғалып кетті. Сен сол тауарды сатып, пайда қыл» дейді. Кейін сұрастыра келсе, бұл алдыңғы сапарында бір аралға барып, ұйықтап қалғанда қалып қойған өзінің тауарлары екен. Ол тауарларды сатып, көп ақша табады. СөйтіпСиндбад сапарын одан әрі жалғастырды.

Бірде жел тұрып, саяхатшылар тағы бір аралға тап болады. Бұл жердің патшасы мейірімді, халқы ынтымақшыл екен. Патша Синдбадты жылы шыраймен қарсы алады. Құрметтеп, басшылық қызметке тағайындайды. Бірте-бірте Синдбад та бұл елдің әдет-ғұрпын үйреніп, өзіне көптеген дос табады. Патша Синдбадты жақсы көреді, қалаған қызға үйленіп, елде қалуын өтінеді.

Синдбад мейірімді патшаның көңілін қимай, осы жерде қалуды ұйғарады. Аралдан өзіне лайықты жар тауып үйленеді. Арада біраз уақыт өткенде әйелі ауырып, қайтыс болады. Бұл елдің салты бойынша, әйелі өлген еркек тірідей әйелінің қасына жерленеді екен. Синдбадты да әйелімен бірге таудағы бір үңгірге жерлейді. Бақытына қарай, үңгірдің бір бұрышында саңылау бар екен. Сол жерден жол тауып, теңізге қарай жүрген Синдбад жолай жүзіп бара жатқан кемені кездестіріп, туған жеріне аман-есен оралады.

Синдбад еліне оралысымен жатпай-тұрмай еңбектенеді. Сөйтіп жинаған каржысына кеме сатып алады. Енді ол саяхатқа өзінің жеке кемесімен шығады. Біраз жүзген соң, кеме бір жерге тоқтайды. Кемедегілер жағалауды аралап жүріп, Рух деген үлкен жыртқыш құстың жұмыртқасын көреді. Жұмыртқаның үлкендігіне қызығып, балғамен ұрып жармақ болады. Синдбад: «Рух біліп қойса сендерді өлтіреді!» деп айқайлайды. Бірақ оның сөзіне ешкім құлақ аспайды. Бір кезде жұмыртқа жарылып, ішінен үлкен балапан шығады. Сол сәт аспаннан шыңғырған дауыс естіледі. Жағалаудағылар қорқып кемеге қарай қашады.

Кеме ашық теңізге шығады. Екі алып құс аяқтарымен екі үлкен тасты көтеріп алып, ұшып келеді де, тастарды кемеге дәлдеп тастай бастайды. Кеме қатты соққыдан быт-шыт боп сынып, теңізге батып кетеді. Синдбад қана кеменің сынған тақтайына жармасып, аман қалады. Арып-ашып, әрең дегенде бір аралға тап болады. Онда арық бір қарияны кездестіреді. Ол Синдбадтан өзеннің екінші жағасына өткізіп жіберуін өтінеді.

Синдбад қарияны мойнына мінгізіп, өзеннен өткізеді.
Қария Синдбадқа:
— Мені жемісі бар ағаштарға апар, менің жеміс жегім келеді, — деп бұйырады.
Синдбад қарияның айтқанының бәрін орындайды. Бірақ қария Синдбадтың мойнынан түспей қояды. Тіпті, ұйықтағанда да Синдбадтың мойынында отырып ұйықтайды. Синдбад айтқанын істемей қойса, өкшесімен аямай тебеді немесе аяқтарын айқастырып жіберіп, оны қыл қындырады.

Әбден зығырданы қайнаған Синдбат бірде өсіп тұрған асқабақты көреді де, оның ішін ойып, жүзімді салып қояды. Бірнеше күннен соң жүзім ашып, шарап қа айналады. Синдбад шарапты қарияға беріп, ұйықтатып тастайды. Сөйтіп, әрең дегенде одан босап шығады.

Синдбад аралды бірнеше күн аралайды. Бұл жерден тезірек кеткісі келеді. Жағаға шығып, жолай жүзіп бара жатқан кемені күтеді. Бақытына қарай, көп ұзамай алыстан кеме көрінеді. Жас балаша қуанған Синдбад кеме жағаға жетпей жатып суға қойып кетеді.

Синдбад мінген кеме бір қалаға барып тоқтайды. Онда кокос жаңғақтарының өте өтімді тауар екенін білген ол орманнан жаңғақтарды жинап әкеліп, оны қаланың жергілікті тұрғындарына сатып, көп пайда түсірді. Осылай Синдбад Бағдадқа молшылықпен оралады.

Арада біраз уақыт өткен соң, Синдбад тағы да сапарға шығады. Бірақ теңізде оған қарақшылар жолығып, оны бір дәулетті саудагерге құлдыққа сатып жібереді.

Саудагер пілдің азу тісін сатумен айналысады екен. Ол Синдбадқа ағаштың басына шығып, пілдерді найзамен түйреп өлтіруді бұйырады. Синдбад біраз пілдерді өлтірген соң, ормандағы басқа пілдер ызаланып, Синдбад отырған ағашты қоршап алады. Ең үлкен піл келіп, ағашты та мырымен жұлып алып, жерге бір-ақ ұрады.

Содан соң Синдбадты іліп алып, пілдердің бас сүйегі мен азу тістері үйілген төбеге апарып, лақтырып тастайды. Синдбад бұл байлықты қожайынына көрсеткен еді, ол қатты қуанады. Қоймасын пілдің сүйегімен толтырады. Разы болғаны сонша, Синдбадқа да пілдің сүйегінен көптеп беріп, еліне шығарып салады. Пілдің сүйегін сатып, мол табысқа кенелген Синдбад үйіне дәулетті боп оралады. Бұдан кейін ол саяхатын тоқтатып, өз елінде бақытты өмір сүреді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама