Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Тұсау кесер тойына құттықтау, тілектер

Қадірлі меймандар! Асыл ағайындар!
Тәй-тәй басқан, таудан асқан баламыздың тұсауы кесіліп, болашағына жол ашылғандай күй кешудеміз. Құтты болсын бұл қадамы баланың! Ешқашан сүрінбесін, дұшпан көзіне ілінбесін, әрдайым күлімдесін, оқыс басқан қадамы еш уақытта білінбесін!

*** *** *** ***

Бүгін алтын баламыздың тұсауы кесілді, күрмеуі шешілді. Болашағына қадам басты, сол қадамды кішкентай бір адам басты.
Өмір жолы жарқын болсын, қуанышқа бар күн толсын! Көзінен жас ақпасын, удың дәмін татпасын! Батпақтарға батпасын, елін-жұртын мақтасын! Сүрінбесін – әрдайым осылай мен зарлайын! Басына бақ орнасын, Қыдыр оны қолдасын!

*** *** *** ***

Құрметті қонақтар! Ағайын-туыс, бауырлар!
Бүгін тұсауы кесілген азаматымыздың дені сау болып, ата-анасына қуаныш пен бақыт сыйласын. Өмірде сүрінбесін. Әрбір басқан қадамы оңғарылып, Қыдыр ата қолдап жүрсін!

*** *** *** ***

Тұсауы кесілген кішкентай азаматымыздың өмірі нұрға бөленіп жүрсін! Жүрегі шуақты болсын, білегі қуатты болсын! Сүрінбей алға ұмтылсын, жолын кесіп кім тұрсын! Бақ әкелсін бәріңе – жасы менен кәріңе!

*** *** *** ***

Ананың тілегі

Оқуда зерек бол, ұйқыда сергек бол!
Істе шебер бол, тұйықта көсем бол!
Ойда мәнді бол, тойда сәнді бол!
Үлкенге тең бол, кішіге кең бол!
Ел үшін жауыр бол, жақсыға бауыр бол!
Достарың сүйінсін, дұшпаның күйінсін!
Құлқынға елікпе, мақтанға желікпе!

*** *** *** ***

Әкенің тілегі

Ескен желдей жүйрік бол,
Қарағайдай сүйрік бол!
Өз ісіңе берік бол,
Ата-анаңа серік бол!
Үкідей үлпілдеп тұр,
Жорғадай бүлкілдеп жүр!
Шаршамай шарықтағын,
Ешқашан тарықпағын!
Жолың ашық болсын,
Алдың нәсіп болсын!
Достарың көбейсін:
Доссыз – кедейсің!
Кедергінің кесірі тимесін,
Жақсылық ісің күймесін!
Адымың алға ғана сүйресін.

*** *** *** ***

Ата айтар бір тілек

Еліңе ырыс-құт орнасын,
Жеріңе тыныштық орнасын!
Өсек аянның құрбаны болма,
Озбырлардың шұлғауы болма!
Жүзің нұрлы болсын,
Жүрегің сырлы болсын,
Тілің жырлы болсын –
Жігіттің сұлтаны атанып,
Өнерің сегіз қырлы болсын!

*** *** *** ***

Басып жатыр бір қадам, екі қадам,
Шоқты қара көзінен шашыраған.
Қуанышпен кеудеден жасыра алмай,
Төр іздейді тіршілік-сахнадан.

Балдырғанды бал үміт алға сүйреп,
Тәй-тәй басты, қадамың алғаш рет.
Қаз-қаз тұрып,
Қарыштап жүріп кетсін,
Ата-ананың соқпағы, жалғасы боп.

Тұсауын кес сәбидің, бар да жылдам,
Құр қалмасын өмірдің сайранынан.
Шапқыласын туған жер төсінде еркін,
Жігіт болсын желі ескен айдарынан.

*** *** *** ***

Тәй-тәй басқан кішкентайымыздың тұсауы кесіліп, болашағына жол ашылғандай күй кешудеміз. Құтты болсын! Өмір жолы ақ, түзу болсын! Ешқашан сүрінбесін, дұшпан көзіне ілінбесін! Өмірі нұрға, көңілі жырға бөленіп жүрсін!

Кішкентай адамның басқан қадамы құтты болсын! арайлап атқан әр таңы қуанышқа толы болсын! Көзінен жас ақпасын, жамандықтың дәмін татпасын! Қадамын сүрінбей басып, тек қана алға ұмтылсын, басына бақ орнасын, Қыдыр қолдасын!

*** *** *** ***

Тұсауың кесілді, құлама,
Тізеңді жаралап жылама.
Құлындай құлдырап жүгірші,
Кәніки өзіңді сына да
Секірсең құздардан сүрінбе
Шыңдарға   шыққанда бүгілме.
Болаттай қабырғаң қатайып,
От ұшқын ойнасың түгіңде.
Ұзақ боп Иншалла өмірің,
Тасысын шаттықтан көңілің.
Жарқырап күн санап өсе бер,
Жарқылдап семсердей сенімің.

*** *** *** ***

Кесілді балам тұсауың,
Жалтақтамай аяқ бас!
Биік болып ұшарсың,
Асқарлармен қанаттас.

*** *** *** ***

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама