Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Инновациялық әдістерді қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқу-тәрбие үрдісіне пайдалану

Елбасы Н.Ә.Назарбаев көрсеткендей, Қазақстанның болашағы қазақ тілінің дамуына, тағдырына тікелей байланысты. Сондықтан да мемлекеттік тілдің оқытылу жағдайына көп көңіл бөлініп отыр. Қазіргі кезде қазақ тілі оқу-тәрбие үрдісінің сапалы нәтижесінде студенттің шығармашылық, ізденушілік, қатысымдық қабілеттілігін қалыптастыру мақсатын жүзеге асыруға жағдай туғызатын оқытудың инновациялық түрлері анықталған. Соның ішінде жекелей оқыту, ұжымдық оқыту, компьютерлік оқыту, сыни тұрғыдан оқыту, ойын түріндегі сабақ, дамыта отырып оқыту, жобалап оқыту, саралап оқыту, деңгейлеп оқыту сияқты әдістемелерді оқу-тәрбие үрдісінде оңтайлы нәтиже беріп жүрген жаңа технологиялар деп атауға болады. Қостанай политехникалық колледждің қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің оқытушылары бүгінгі таңда білім жүйесінде жаңа инновацияға бетбұрысы жасауда. Сабақ беру процесінде оқытушылардың алдыңғы қатарлы елдің іс-тәжірибелерін, түрлі инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып студенттің бойына ұтқырлық, шығармашылық , сындарлылық қабілеттерін шыңдауда. Бүгінгі әлеуметтік білім беру кеңістігінде бейімдеп оқытуда қазіргі қоғамдық сұраным – шығармашылық қабілеті жоғары, өз ойын еркін жеткізе алатын, жеке тұлғалық қасиеттері қалыптасқан шәкіртті тәрбиелеу. Студенттердің интеллектуалды және шығармашылық дамуының жоғарғы сатысына оқытуға көшіру үшін оқу үрдісінде оқыту үрдісінің сапасын арттыратын және жеделдететін, оқытудың жетілдірілген әдістерін, сабақ түрлерін оңтайлы таңдап алып, оны жүзеге асырудың қажеттілігі туындап отыр. Шығармашылық деген сөздің сырына үңілсек, «Шығармашылық» сөзінің төркіні – «шығару», «іздену», «ойлап табу» дегенге келіп саяды. Ол – студенттің мақсатты ісіне жету жолындағы талаптануы талпынысынан, жігері мен сабырынан, сұранысы мен ізденісінен құралып, ақыл-ой мен сезімнің, қиялдың ерекше бітімінен көрінеді . Ал студенттердің шығармашылығын дамыту болашақтың үлкен сапарына аяқ бастырар сәтте оған тура жол сілтеу үлкен маңызды іс. Қазіргі таңда жаңа Қазақстанда қалыптан тыс ойлай алатын, шұғыл шешімдер қабылдай білетін, белсенді шығармашылық адам қажет. Ол үшін әрбір оқытушы сабақтарда тек білімділік мақсаттарды шешіп қоймай, студенттердің жекелік қасиеттерін, қабілеттерін дамытудың жолдарын қарастырғаны жөн. Студент кез келген уақытта ізденіп, тың мәселелерді зерттеп, тыңнан тыңшыға айналуы керек. Тың оқиғалармен барша жұртшылықты хабардар етіп отырған студент қана жан-жақты жүргендігін көрсете алады. Содан барып ол өзінің шығармашылық жолын бастайды. Ал шығармашылық ұғымы – жаңа нәрсе ойлап, жетістікке қол жеткізу деген сөз. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты — бәсекеге қабілетті маман дайындау. Ізденімпаз оқытушы шығармашылығындағы ерекше тұс — оның сабақты түрлендіріп, т ұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Нарық жағдайындағы оқытушыға қойылатын талаптар : бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі. Қазіргі уақыт талабы студенттерден көп нәрсені білуін қажетсінсе, ал оқытушы жан-жақты, кәсіби дайындығы терең,өз бойына жинақтаған білімін жастарға үйрете алатын маман болуы шарт. Оқытушы - тек білімді жеткізуші ғана емес, студенттердің білімін, өмірге көзқарасын жүйелі түрде қалыптастыра алатын, ізденгіштікке баулып,танымдық қабілетін дамыта білуі керек. Сондықтан менің алдыма қойған проблемалық тақырыбым: «Студенттердің шығармашылық , іздену дағдыларын дамытатын, қоғамдық өмірге бейімделген, интеллектуалды, патриот жеке тұлғаны қалыптастыру» Алған проблеманың шешілу жолдары: -Балаға түсіндірудің,қабылдаудың жолын іздестіру; -ерекше қабілетті студенттердің өзіндік дамуына ықпал ету,іздену белсенділігіне бағыт беру. - тарихи құжат естеліктермен,баспасөз материалдарымен,көркем әдебиеттермен жұмыс жасай білуге дағдыландыру; Жүзеге асыру жолдары: - тесттік жұмыс (қабілетін,ынтасын ескеріп,деңгейге бөлу.) - жеке жұмыс ( қабілетіне қарай тапсырмалар орындайды) - ерекше қабілетті студенттермен жұмыс деректер,естеліктер,баспасөз материалдармен жұмыс жасайды) - өздік жұмыс - топпен жұмыс - шығармашылық қабілеттерін ашуына байланысты арналған әр түрлі ойындар, понтомимика, жұмбақтар, студенттерді әртүрлі конкурстарға қатыстыру ( көрініс сайысы,өлең сайысы ,айтыс,конкурстар) Өз мақсатымның орындалуы үшін студенттерден талап етемін: - Мен істеймін: жіберген қателіктерімен жетістіктеріне талдау жасау; - Мен үшін керек: талаптану арқылы өз іс-әрекін бағалай білу, ізденсе мақсатына жететініне көз жеткізу; -Мен істей аламын : өз іс-әрекетіне сенімділікпен қарау, төзімділікке тәрбиелеу; Жоспарланған нәтиже: - Сұрақтар қою арқылы қызығушылықтары оянды; - Топта ашық ой-пікір қатынастары қамтамасыз етілді; - Сөйлеу мәдениеті дамыды,ойлау қабілеттері артты. Осы орайда, қазақ тілі, қазақ әдебиеті пәндері бойынша ғылыми жұмыс, шығармашылық жұмыс түрлерін көбірек ұсыну, ойын түрлерін беру, оны кейін практикалық тұрғыда қолдана білуге үйрету жұмыстары өз нәтижесін беріп келеді. Студенттерім әртүрлі Республикалық , облыстық, қалалық конкурстарға қатысып нәтижелерін көрсетуде. Шығармашылық сабақтың жоспарын жасауда студенттің шығармашылық әрекетінің бағдарына сәйкестендіріп, олардың қабілет, біліктері ескерілуі тиіс. Нағыз сабақ ол әрқашан диалог, ізденіс, дайындала үйрене, шәкірттер болашын ойлай жасалған еңбек пен тәжрибенің бірлігі. Шығыс даналығы былай дейді: «Маған айтсаң, ұмытып қалам,көрсетсең есімде қалар.Ал, өзім істесем, үйреніп алам.» Яғни, баланың ынтасын жетелеу,қызығушылығын ояту арқылы оқыту,үйрету қажет деген сөз. Сабақта өзім қолданып жүрген технологиялардың бірі сыни тұрғыдан ойлау технологиясы. Сыни тұрғыдан ойлау - Қазақстандағы білім беру мен оқытуды дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. Сыни тұрғыдан ойлау - бақылаудың, тәжрибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім. Ол болашақта әрекет жасауға негіз бола алады. Мысалы ТП-6 тобындағы «Көсемше. Астана еліміздің бас қаласы» сабағымда сыни тұрғыдан ойлауды іске асырдым. Сабақ беру барысында сыни тұрғыдан ойлау технологиясының және коммуникативтік технологиялардың элементтерін басшылыққа алдым. Ең алдымен топта психологиялық ахуал қалыптастырып алдық. Ол үшін студенттерге өз есімдерінің бас әріпінен басталатын сөзбен сөз тіркестерін құруды ұсындым. Сол сәтте студенттер өздерін сондай озық ойларымен бағалай білді. Мысалы: ақылды Людвиг, әнші Сания , жайдарлы Александр, ажарлы Анастасия, ержүрек Еркебулан. Сонымен қатар тосылып, өз есімдерін байланыстыра алмай қиналғандар да болды. Ары қарай ой қозғау мақсатында топты үш топқа бөліп сабақ сайыс ретінде жалғастырылды. Жалпы көсемше туралы анықтама алынған соң, мағынаны таным бөліміне көштім. Ары қарай көсемше туралы білімді студенттердің бойына сіңірумен қатар, студенттердің ойлау,танымдық қабілеттерін дамыту мақсатында мәтіндер лөстірдім. Студенттер мәтін тапсырмаларын бергенде,сөздікпен жұмыс жасап,мазмұның ашып,бір-біріне сұрақтар дайындап диалог арқылы қарым-қатынасқа түседі. Студенттердің сөйлеу тілін дамытуда диалогтың да берері мол. Мәтін бойынша тапсырмалар орындап, бір-бірімен сұрақ жауап ретінде қарым-қатынаста болды. Келесі кезең «Өзге тілдің бәрін біл өз тілінді құрметте» деп аталды. Бұл кезеңде студенттер мақал- мәтелдерді жалғастырып, көсемшені тауып,сыңарларын үш тілде айтып отырды. Мақал-мәтел айтып сайысқан кездерінде топтар қайталамай айтып жарысты. Келесі әрекет студенттердің шығармашылық қабілеттерін қалыптастыруға байланысты берілді. Студенттерге ватман, маркерлер түсті қағаздар, клей, қайшы беріледі. Топтарға әртүлі тапсырмалар беріледі мысалы, Астана туралы эссе жазу, өлең құрастыру, Қазақстан туралы ой толғауларын білдіру. Әр топ өз ойларын ватманға түсіреді. Мен үшін Астана ......Менің елім Қазақстан.....Астана болашақ қаласы........ т.б. Шығарған жұмыстарын түсіндіреді,талдайды.Сабақтың бұл кезеңі студенттердің қызығушылықтарын және шығармашылық іс-әрекеттерін дамытады, бір-бірін бағалай біледі. Әр студенттің пікірі құнды екенін ұмытпайды. Ал соңғы рефлексия кезеңінде «Менің сабақтан түйгенім» - деген сұраққа студенттер жан-жақты жүрекжарды сөздермен жауап берді.

Қорыта айтқанда, оқыту процесінің нәтижелі болуы оқытушының сабақ беру шеберлігіне, сабағын қызғылықты жүргізіп, зейін қойдыра білуіне, студенттердің өздігінен білім алуға үйренуіне байланысты. Қандай да болмасын жаңа әдіс-тәсілдер әрбір студенттің өз бетімен оқып үйренуіне сенімін ұялатып, шығармашылықпен жұмыс істеуіне, қорытынды жасай алуына, сөйлеу мәдениетінің өсуіне ықпал етеді, білім сапасын арттырады. Жаңа әдіс-тәсілдерді мән-мағыналарына, ерекшеліктеріне қарай таңдап қолдана білсек, балаға білім беруде ұтарымыз анық. Сондықтан оқытушы үшін сабақтың жүргізілу жүйесін жетілдіріп, оқу – тәрбие жұмыстарын жүйелеп, сапасы мен тиімділігін арттырып, өзгерістер енгізуге барлық күш – жігерін жұмсауы тиіс.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы 2014 ж.

 2. Бұзаубақова К.Ж. «Жаңа педагогикалық технологиялар» Алматы 2003ж.

3. Омарова Р.С. Оқыту үрдісінде танымдық ізденімпаздықты дамыту. Алматы 2001ж. 37-бет.

4. Педагогика мәселелері 2015ж № 2

5. Педагогика. Дәріс курсы. Алматы «Нұрлы Әлем» 2003 ж. 368-бет.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама