Байғыз жылаған түн
Үлкені де биттейі де қым-қуыт құжынаған, кейбірінің үсті-бастары жүн-жүн, әлдебер сұрықсыз мақұлықты елестетін, шын-шайтанға шатысы бар — жындыкөбелектер әпсәтте, онсыз да сатала-сатала шамдалды қоршап алды.
— Әкесінің бастары қалған ба жарықта? Сөндірші!
— Кішкене кітап оқиын деп ем…
— Күндіз оқисың. Күнің өтіп бара ма?
— Неге олай дедіңіз, әке?
— Бұйыртса, талай ертең бар шығар, балам…
Аядай бөлме күндізгі аптаптан соң біраз уақыт тұншықтыра қапырық тартып, тіпті кейде, таң атқанша есігі айқара ашық тұрады. Ұры-қары, бұзықтардан жасқанатындай бұл екеуінде көрнеу дүние де жоқ-тын. Үйшіктің төрінде әкенің темір төсегі, оның аяғын ала баласының шиқылдағы көлденең кіріккен. Қалған жихазы: дастарқаны жырым-жырым қалақтай стөл мен қолдан жасалған қос тәбіреткі. Үш құдықты пештің қазандығы бетіне ескі газет төселіп, азын-аулақ ыдыс-аяқтары жиналыпты. Бұлардың беттеріне қан жүгіретін күн — әр айдың басы. Сол кезде қария мандымсыз зейнетақысын алады. Киім-кешек, өзе кәкүр-шүкірге шығындамаса, екі басқа там-тұмдап бір айға жетерлік қаражат. Бәр өкініштісі баладан қайран болмай тұр. Күні кеше ғана қатарының алды болған, ертеңіне сенімді жігіттің аяқ-асты маңдайындағы бағы өшіп, сор жағылады деп кім ойлаған…
Қораздардың алғашқы айғайы мен өріске бет алған сауын малдың тұяқ сартылы, оларды қақпайлаған иелерінің боқтық аралас қаңқылы, енелерінен қалып бара жатқан бұзаулардың үздіккен мөңіресі жаңа таңның келгенін аңғартады. Сол таңға жеткенше әке мен бала талай рет оянып, сан мәрте түзге шығады. Іргедегі ағаштың басынан тұла-бойды түршіктіре сұңқылдаған байғыздың жылауын жамандыққа жорып, онсыз да жетіспеген тағдырларын қорығандай ұлы сыртқа шығып, құсты үркітеді. Соның ара-арасында екеуара күңгірлесіп, біраз әңгіме шерткен болады. Тәп-тәуір басталған шүйірке соңы әмісе көңілсіз күрсінге ұласып, екеуі екі жаққа теріс қарайды. Бұлар қандай ғажап әңгіме бастағанымен оның сұрықсыз ақыры — біреудің тауық қора секілді жалғыз бөлмелі ас үйін паналап жатқан екеуін, жазбай іздеп табады.
— Әке, осы екеумізге қарағанда төбенің үстінде жатқан шешем мен келініңіз бақытты ма деймін? Он екі де бір гүлі ашылмаған немереңіз де бұл жалғанның бейнетінен ерте құтылды ғой!
— Жоқтан өзгені айтпа! Бәрі өтпелі… Біз не көрмедік?! Өлгендерге ілеспей, осы күнге де жеттік…
— Осыны да бақыт деп жатырсыз ба? Көз алдыңызда қанша қымбат адамдарды жоғалттыңыз. «Айырылып қалдық!» деп неше қабат боздадыңыз! Бізді жаратқан Құдай болса, ол неге мейірімсіз осынша?! Әке, түсінбеймін, көргеніңіз көп қой, түсіндірші!..
— Күпір сөзді аузыңа алма! Мен қайдан білейін… Жаратты екен, жүру керек кесікті уақытың біткенше!..
— Кейде, ана кішкентайымды аяп кетем! Сосын ештеңені түсініп үлгермей жатып, кетіп қалғанына жұбанам… Бір елдің бізге тұрпайы саналатын салты бар екен. Бала дүниеге келгенде олар аңырап тұрып жылайтын көрінеді. «Мына жалғанға тағы бір бейбақ келді, өле-өлгенше бейнет шегуге!» деп, ал қайтыс болғанда «Бейнеттен құтылды, бейбақ!» деп қуанып, той жасайды-мыс.
— Оттайды екенсің, сенде? Өлгенге той жасағанды қайдан көрдің?
— Рас айтам, әке!
— !!!…???
Біраздан соң үлкен кісінің алыстан үдеген қорылы басталды. Таң әбден атты. Бөлме іші әлі қоңыр салқын. Неше қауым ел мекендейтін көлемді ауыл күнделікті тынысын қайта бастап кетті. Ертеңінен үміті барлар тырбанып, тірліктеріне кірісті. Біреуі қария, бірі мүгедек мына екеуінің көкейін жеген ойлар олардың қаперіне де келмейді. Бұл екеуінің бастарына түскен қайғы оларды әмісе орағытып өтетіндей және ел қатарынан қалғандығы олардың маңдайына жазылған жазу. Мына көз алдыдағы қоғам мен бұл екеуінің арасын бөтендеткен бір жатбауыр шымылдық тартылғандай. Бір кезде ара-жігі ажырамастай болған ағайын-жұрағаттық қимастықтары майы таусылған шырақтай түтіндеп, қоңырсып барады…
Егер көліктегі кішкентай ұлдың дәретке отырам деп жыламсырай өтінгеніне құлақ асса, егер өзінің де неше қабат сыртқа шыққысы келгенін елесе, егер іштегі періште үнге әмісе құлақ асып, сайтандай азғырған қыңырлықты жеңе білсе — бәрі өзгеше болар ма еді… Қас-қағым сәтті қимай, аузын арандай ашқан ажалдың құрсағына сүңгіді де кетті. Екі жақтан да шығын болды. Ана көлік те ұзақ жолдан келе жатқан тәрізді. Оның жүргізушісі де қас-қағым алтын уақытын жол-жөнекей көз іліп алуға қимаған біреу болды. Қарсы бағытқа ойдаң етіп шықты да мәңгілік тосқауылға кеп соғылды…
«Жолды көтере алмаймын» деп үйінде қалған осы қария мен мылжа-мылжасы шықса да жаны қалған оның жалғыз ұлы ғана тірі қалды. Қария ұлдың денсаулығы үшін үйлерін сатып, көрші ауылға қоныс аударған-ды. Басты себеп, іргедегі төбе есік алдынан да терезеден де мен мұндалап, жандарын ауыртты. Зират басына күн құрғатпай барып, білген дұғаларын қанша оқыса да олар жақтан еш хабар болмады. Қос балдаққа артылып, таңбозынан кеткен ұлды мелшиіп мола басында отырған жерінен әкесі сан қабат: «Өлгенмен бірге өлу жоқ! Бұ не сұмдық!?» деп ұрсып, әрең әкелген-ді.
Сынған сүйектері мен жыртылған еттері қайта бітті. Бірақ ол кеудесін көтере алмады. Іштің соноу бір түкпірінде қоздаған уытты от — оны тереңнен үгітіп, күлге айналдырып жатқандай. Екі көзі іркілдеген жасқа толады да тұрады. Құдай алдында олардың өмірін алған әзірейіл өзі деп санады. Оның басты жегісі — осы айыптау еді. Бұдан кейін ол үшін — тағы бір таңды күту, маңызынан айырылды. Жас организмі құлшынып, қайта қалпына келуге тырысса — көкірек толы күйік қап-қара ыстай өзегін бітеп барады.
Қария ұлының көпе-көрнеу өлімге мойынсұнғанын анық байқады. Бүгінгінің адамдары неге осынша боркемік болды екен деп те қайран қалды. Өзі неден өтпеді… Қаншама ажалды бетпе-бет көріп, қаншама жанды сол ажалдың алғанын көрді. Ұлы рас айтады. «Айырылып қалдық!» деп қаншама рет қара жерді төбеледі. Бірақ, әлі тірі келеді. Яғни, соңғы сәті келген жоқ. Апырау, егер мына ұлдан айырылып қалса да қария ажал келмейінше жүре бермек пе?!. Қария таңның тәтті ұйқысында алаңсыз жатыр.
Ұлы ауыл сыртындағы өзінің жантуыстары тыншыған сол бір төбені аңсайды. Жүрек дауаламайтын кедергіден өтіп кеткен төбе үстіндегілерге қызығады. Бұл жарықты қанша шарласа да оларды енді қайтып таба алмайтынын түйсінген кезде шексіздіктен де терең құлазуға құлдырап, соларға жақындай түсетіндей. Өміріндегі ең қымбат адамдарымен тек қалың қайғының жетегіне ерсе ғана жолыға алатын тәрізді. Ол өзінің өзге бір кеңістікке ауып бара жатқанын іштей аңғарады. Бұрынғы құндылықтар өзгерді. Тіпті, мына жалғанның бірде-бір бағалысы бұны енді еліте алмас. Оның басты өкініші: осы дүниеге келгені және осы дүниеде жүрексүйді жандарға ұшырасып, енді олармен ешқашан қауыша алмайтын хәлге душар болғаны. Бұндай әділетсіздікті ол күтпеп еді. Өз басына осындай түсер деп ойламады. Өзгенің қайғысы өзгенікі. Оны бөлісу мүмкін емес. Ол қалай сүйе алса, соншалықты қайғыра алатынына таң қалды… Егер Жаратушының бары рас болса, оның алдына барған кезде қасқая қарай алатынына күмәнсіз болды. Егер осы қалаулы жандары о дүниеден де табылмаса, онда оны да тәрік етуден тайынбастай сезінді. Бір көрініп, мәңгі көз жаздыратын не деген қатігез жалған?!
Байғыз соңғы рет шақырды да үні өшті.