Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 апта бұрын)
Исатайдың Жәңгір ханға қарсылық себебі

Байұлы беріш руынан шыққан Исатай Тайманұлы Ағатай батыр нәсілінен Жәңгір ханға қарсылық себебінің көбі қайын атасы Қарауылқожаның елге берген жәбірінен туған. Жәңгір хан Қарауылқожаны теңіз еліне басшы қойған. Сол уақытта орда Қарауылқожа елге ықтиярсыз өкім етіп, ақысыз, пұлсыз қызметін еттіріп, пішенін шаптырып әм халықтың шапқан пішендерін ықтиярсыз арттырып алады. Екінші, үй басына салық салып екі сомнан ақша алады, старшыналардан алты сомнан алады. Үшінші, елден семіз жылқы сойған кісіден қазы, жал-жаясын жинатып алады. Оған халық еш нәрсе демейді. Жәңгір ханның қайын атасы болғандықтан қорқады. Соның ішінде Исатай Тайманұлы Қарауылқожаның бұл ісіне риза болмай, қарсы болады. Ханға: «Мына Қарауылқожаны бізден ал, әм мына алым-салықтарды алудан тоқтат!» деп неше рет арыз берсе де, хан тыңдамайды. Сонан Исатайға ақырында кісі жібереді де: «Ашуыңды бас, қолыңдағы халықты тарат, сонан кейін өзің мұнда кел, тілегіңнің орындалуы көтерсін», — дейді. Оған Исатай әм басқа ерген старшыналар нанбайды, әм бармайды.

Қарауылқожаның салық әм жал-қазы жинайтын старшыналарын елден ұстап алып, Исатай қасына ерген адамдарымен сабап-сабап елден қайырады, еш нәрсе алдырмайды. Қарауылқожа ханға ат құрғатпай жамандап, қарсылығын айтып хабар беріп тұрады, ханнан Исатайға тез шара қолдануды талап етеді. Хан Жәңгір Исатайдың бұл көтерілісін орыс өкіметіне білдірмей, қай жолмен болса да өзі бітірмекші болады. Себебі, «орыс өкіметіне білдірсем, ордалық елдерді басқара алмағандығым білінеді, екінші жағынан, орыс отряды келсе, халықты бүлдіреді, халықтан қорыққаны болды».

Сонан хан Исатайды неше мәрте шақырса да, бармайды. Сөйтіп жүргенде, Исатай жігіттері «союға қой аламыз» деп Күшік Жапаров дегенмен шатасып, абайсыз өлтіріп алады. Оны Қарауылқожа ханға білдіреді де, мұнымен Исатайды айыпты етіп, орыспен ұстауға амал қолданып, орынборға хабар береді, тергеуге кісі сұрайды. Орынбор губернаторы ускавай старшина келді. Оған хан өзінің немере інісі Медет Шөкеновты қосады. Олар келгенше, Исатай он жеті кісімен Қандыағаштағы Жәңгір ханға жолығып, жүзбе-жүз арыздарды беріп, ответ алуға
жүреді. Ханның аулына барғанша жолшыбай жұрт еріп, жүз кісі болады. Мұны хан Жәңгір біліп сасып, қорқып, алдынан Балпаң төре, Алаша Алтай Досмұхамбетовтерді жібереді: «еліне қайтсын, қолын таратсын, сонан соң мақсұтын алсын!» деп. оған нанып Исатай кейін қайтады. Дегенмен қолын таратпайды. Сонан соң тергеуші келіп Күшік Жапаровтың ісін, оған қоса Исатайдың жүз кісімен ханның ауылына барғанын қылмысқа сайып, Исатайды шақырады. Оған Исатай бармайды. Барған жолдастары дұрыс жауап бермейді, сонымен олардан күдер үзген соң, өздеріне қас болған адамдардан өш алғысы келіп, елді жинай бастайды, халықты үгіттейді.

Исатай, Махамбет қол жинай береді, қастерін тіккен кісілерден өш алу мақсұтымен. Исатайдың жігіттері беріш Балқы бидің айғырын айдап алды. Енді Исатай отыз бес жігітімен Қарауылқожаның үш жүз қойын тартып айдап алды. Онан кейін «Қарауылқожаны жақтайсың» деп, беріш руының старшынасы Төлегеннің жүз алпыс жылқысын айдап алды. Екі жүз жетпіс кісімен Нарынның Теректі құмындағы Балқы бидің ауылын шауып, үй-мүлкін жиырма түйеге артып алды. Сол жылы Қарауылқожаны қайта шауып, бес жүздей ірі-қарасын әм елу кісісін ұстап алды. Әйтеуір Жәңгір ханды жақтаған билерді, байларды шабумен болды.

Ел ішіндегі халықты теспей сорған ірі саудагерлерді шауып, дүниясын алып, үйлерін өртеп жіберді. өздері ордаға барып тығылды. Көтеріліс бірден-бірге ұлғайды. Орынбордан Бероске губернатордың бұйрығымен жүз елу казак-орыспен полковиник Бокатловты жіберді. Оның артынан подполковник геккені жіберді «қалай болса да Исатайды ұстап, қолын таратуға» деп.

Гекке Жайық бойындағы қалалардан бес жүздей казак-орыс салдаттарын жинап әм үш зеңбірек алып, үш орынға бөліп жасырын қойды. Жайықтың арғы бетіндегі Баймағамбет хан Айшуақ баласына бұйрық берді, Жайық бойынан Исатайды өткізбес үшін. Өзі отыз кісімен ордаға барды.

Қаланың қысылып тұрған уақыты еді. Исатай сол уақытта он бес күндей орданы босқа қамап жатты. Арадағы билердің, төрелердің «ханнан мақсұтыңды алып береміз» деген сөзіне нанып, «осы қамаумен де ханды қорқытып, мақсұтымызды аламыз» деп жатады. Махамбет неше рет Исатайға: «Ой баурым! Салып ханды шабалық» — десе де, Исатай қасарып тыңдамайды.

Ордаға келген Гекке де Исатайды шақырады, оған бармайды. Сөйтіп тұрғанда, Астарханнан үш жүз казак-орыс, бір зеңбірек келеді. Подполковиник Гекке Ақ қаладағы үш жүз казак-орысқа Теректі құмындағы Исатайдың ауылын шабуға бұйырады. Олар Ақ қаладан шығып, жылдам жүріп, білінбей келіп Исатайдың ауылын шабады. Мал-жанын, қатын-баласын қолға алады. Ордада жатқан Исатайға хабар болып, қалың түнде көтеріліп келіп, ауылын шапқан Мерковливтің әскерін қамап алып, мал-мүлкін, кісілерін қайырып алған. Орыс әскері соғысуға қорыққан. Сол хабарды Гекке естіп бес жүздей әскермен Исатай ауылына Мерковливтің отрядына қосылуға жүрді. Бұлардың көбі ханның жігіттері еді. Оған Орманов Шыман төрені бас етіп жіберді әм Ақ қаладан шыққан отрядқа келіп қосылып, барлық әскерге Гекке бас болды. Оралдан шыққан екі зеңбірек пен көп отряд та келіп жетті. Бәрі жиналып Теректі құмдағы Исатайдың аулына қарап жүрді. Бұлардың жолындағы Жаманқұм Бекетайдағы қалың пішенді Исатай жігіттері өртеді. Қарттар айтады: «Ол Исатайдың халықты шақырған ұраны еді» деп.

Геккенің әскері түнімен жүріп, таң ата Бекетай құмының басында Ағаш үйдің тұсында Тасоба деген жерге келіп түсе қалғанда, Исатай жігіттері де көрінеді.

Исатай әскері мен Геккенің отряд әскері қарсы келіп жеткен жерде орыс зеңбірек атты, бұған қарамай Исатай жігіттері соғысқа араласты. Исатай жігіттері оқты қардай боратып айқайлап шауып араласқанда, Геккенің әскері бір қанаты жапырылып қашады. Сонда Гекке зеңбіректі алға шығарып, шашыранды оқты картешті жаудырған. Бұл Исатай қолының ойламаған жерден шыққан уақиғасы болып, Исатай қолына бәрәкатсіздік туғызды. Қол шыдамай бытырай бастады. Маңдайы тойтарылды, жеңілді, қаша бастады, жеті шақырым жерге шейін қуды.
Бұл соғыста Исатай қолынан он кісі, Исатайдың үлкен бәйбішесі және Жақия деген жиырма жасындағы үлкен баласы өлді. Сол соғысқан орында азық артқан түйе, ет, құрт-май көп қалды, орыс қолы алды. Бұл жеңілу Бөкейлік жеріндегі көтерілістің бетін қайырды. Жұрт бет-бетіне бытырап кетті. Тек Исатай қасында үш жүздей кісі қалды.

Исатайдың жеңілу себебі — әуелі орданы қамағанда, ордадан адамды шетке шығармау керек еді. Ол болмады, ханның хабары жер-жерге тарап әскер төгілді. Екінші, сол әскерді біріне-бірін қоспау ойына келмеді. Үшінші, әскерді реттеп, соғысу ғылымын білмеді, жаппай бір орыннан соғысты, бұрынғы соғыс ғылымын білетін орыс патшасының әскеріне әлі келмеді әм қазақ халқында құрал жоқтан болды. Исатай қолының қарулы құралды орыс әскеріне тарпа бас салып, бұрын ұмтылып соғысып қайрат көрсеткеніне подполковиник Гекке таң қалды.
Тасобадағы соғыстан соң Исатайдың қай жаққа кеткенін біле алмады. Гекке отрядын үшке бөлді. Үш жүз қазақ-орыспен Тастөбенің солтүстік жағындағы Жаман шолақ, Шағырақ, Қыли деген жерлерге полковник Мерковливті бас етіп жіберді. Ханның жүз жиырма бес жігітіне Стуменді бас қылып, екінші бөлігін Мыңтөбеге жіберді. Мыңтөбе Тасобаның Жайық бетінде. Ондағы мақсат Исатай Мерковливтің отрядынан қаша қалса, Жайықтан өткізбей жолын кесу еді. Жайықтың бойында Стуменнің отрядынан Исатай, Махамбет көз алдында құтылып кетіп, Гекке ай  жарым Бөкейлікте елді шабумен болды. Исатайдың жанашыр жолдасы деп Махамбеттің ағасы исмайылды ұстаған ораз ысық руынан Қалдыбайдың Қабыланбай, Ізмайыл деген екі баласын ұстаған, алашадан Қадырдың Ешбайын, қызылғұрттан Шұнайдың Алдиярын, Сәрсенбайдың Долбайын, Байтанаттың Ескенін, Темірбектің Мұстафасын, Сәрсенбінің Бура және Дауыл деген екі баласын ұстаған. Басқа кісі көп, бұларды кісендеп оралға айдап жазаға тартқан. Алдына мың шыбық соғып Сібірге әм салдатқа айдаған. Ұсталғандардың малдары жеті жүз түйе, мың жарым сиыр, мың жарым қой, үш жүз жылқы ханның төрелері мен билеріне үлестірген. Исатайдың Бөкейліктегі көтерілісін басқаны үшін Гекке полковник шенін алды.

Исатай, Махамбет Жайық бойындағы күресте казак-орыстармен соғысып, отыз сегіз кісі Жайықтың арғы бетіне өтті, оны беріштің Құрақ деген бір қарты бастап өткізді дейді.

Исатай Жайықтан өтіп, Қаракөл, Қарабау, Тайсойғанға бет қойған. Бұлардың Жайықтан өткенін Баймағамбет Айшуақ баласы естіп, артына түседі. Мұны Исатай, Махамбет біліп, көшін ілгері жіберіп, өздері кейін қалады. Сол күндерде Исатайдың көшіне Баймағамбет отряды тап болып, Исатайдың әйелі Несіпәліні, балалары — Досмағамбет әм Дінбаянды барлық он екі кісісін ұстап алып кетеді.

Исатай, Махамбет басқа жолдастарымен Қарабау, Қаракөл шекті кетеді. Исатай сол жүруден Арал теңізінің бер жағындағы Борсық құм жайлайтын назар шектіге барады. Құлан баласы Жүсіп батырды табады. Шекті ол уақытта орыс өкіметіне бағынбай жүрген уақыты. Қашқан-пысқан сонда  баратын. Осы көтерілісті пайдаланып, қазақ баласына хан болам деп Қасымұлы Кенесары төре Көкшетаудан көшіп келіп, әуелімен Торғай суының бойына қонады. Бұған кіші жүзден Тіленшінің Жоламаны бастаған Елек бойындағы табын руы көшіп барып қосылған.

Жем бойын Маңғыстау түбегін аралап, ол жердегі адай, шекті руларына қосылып, ол елде патша мен хандарға қарсы болғаны бұларға жағдай туғызды. Орынбордың генерал Беровский: «Исатай, Махамбет қайта Бөкейлікке өтіп кетер» деп, жар құлағы жастыққа тимей, бұрынғы күзет шенінің төрт бөлік атты қазақты, екі зеңбіректі Ақ қала мен князға тағы жіберді. Исатайды ұстауға Баймағамбет хан шектінің Құлан баласы Жүсіп старшинасына, байбақтының қазы биі Сырым баласына, көп адамдарға хат жазып, әмір таратса да, Исатайды ұстауға бірде-бірі қамданбады әм ұстамады. Баймағамбет хан Исатайды ұстап тірі алып келгенге екі мың сом, өлтіріп басын кесіп әкелгенге бес жүз сом жариялады. Оған да ешкім шықпады.

Исатай, Махамбет хандарды шабуға қол жинады. Ел-елге үгіт сөздер жүргізді.

Исатай, Махамбеттің үгітімен Жем, Сағыз, үстірт, Елек, Қобда жайлаған адай, шекті, табын, кете және алаша рулары орыс патшасына және оның Баймағамбет ханына қарсы тегіс көтерілді. Ханның дұрыс қарашы болған адамдары да Жем, Сағызға көше бастады, Баймағамбетке бағынудан бас тартты. Сол күнде ел ішінде молда болып жүрген орынбордың тыңшысы Батырқан Шаһмарданұлы: «Темір бойына қару-жарақпен Исатайдың қолы жиналды», — деп хабар береді.

Мұнымен қатар орта жүздің көтерілісін бастаған сұлтан Кенесары Қасымұлынан да хабар алады. Исатаймен екеуі қосылып кетуден үлкен қауіп етіп қорықты. Сондықтан Исатайға қарсы тағы да подполковник Геккені бас етіп орынбордан, Електен, Көбік қаладан және оралдан зеңбірек, бес жүз атты казак-орыс отрядын шығарды және «жер біледі, жөн біледі» деп, Жолшыбай отряды мен Баймағамбет отрядын алуға бұйрық берді.

Исатай «ханды шабамын» деп, орданы екі жұма босқа қамап жатып, дұшпандарын күшейтіп алған. Бұл жолы олай етпей аңсыз жатқан Баймағамбет ханды тез шабуға Қиылдың бойымен бес жүз жігітпен аттанды. Қапылыста ауылын басып қалуға ойлады, бірақ ол ойлары да болмады. Елекке құятын судың бойында подполковиник Гекке мен Баймағамбет табысты. Отрядтың алдына көп жігіт пен күзетте жүрген Аспандияр төре Сүйінғалиұлын жаралап, екі жігітін ұстап алып, басқалары қашып құтылып Геккеге хабар береді. Отряд тұрып болғанша, Исатайдың қолы қырдан төгілді. Исатай батыр екінші рет геккемен беттесті. Қазақ халқы соғыс өнерін білмеуі, екінші, құралының кемдігі, бұрын-соң зеңбірек даусын естімеуі, түскен жерін қопаруы қазақ халқының жеңілуіне үлкен дәлел болады. Зеңбіректі орыс әскері ең әуелі Исатай жағына атқанда, екі кісі өледі, бірнеше кісі жаралы болады, оған қарамай Исатай жігіттері қалың қолға шабады. Гекке әскерінің  жартысын сайдың астымен Исатай әскерінің бір қанатына көрсетпей жібереді. Исатай қолы араласа беріп, орыс қолының көптігін көріп, кейін шегінеді. Артынан Баймағамбет хан қумақшы болып келе жатқанда, Исатай жалт қарап көріп, қарсы шабады. Төренің отряды Исатайдан қорқып, орыс отрядына қайта шабады. Оларды қызумен Исатай көп жерге қуады. Сол кезде саймен жіберген Геккенің көп отряды артынан Исатайды орап алады. Ойламаған жерден көп отряд шыққан соң, Исатайдың жігіттері бытырауға айналды. Исатай соғысып найзамен шәншіп, жолатпай келе жатқанда, біреуі тұра қалып атын атты, ат тұрып қалды. Исатай аттан түсіп жаяу да көп соғысты. Ақырында біреу найза шәншіп қансырап барып жығылды, біреу келіп уентопкемен жүрегінен атып өлтірді.

Бұл соғыста Исатай жағынан көп кісі өлді. Халық тарады. Сөйтіп, жарақты патшаның әскеріне төтеп бере алмай жеңілді.

Оқуға кеңес береміз:

Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама