Иттің баласы
Бір күні қарыны жарылардай тойған мысық, ас тарқату үшін көше бойлап қыдырып келе жатса, жолында терісі қабырғаларына желіммен жапсырып қойғандай, аштықтан бұралған итті кездестіріп қалды. Үндемей қасынан өтіп кетпекші еді, ішінен жақсылық періштесі түрткенінен бе бейжай өтіп кете алмай, өзінің қауіпсіздігі үшін шарбақтың үстіне қарғып шығып:
— Қалың қалай төрт аяқтым?
— Өзің тура екі аяқта жүргендей айттың ғой. Сұрайтын нәрсе тапқан екенсің? Көрініп тұрған жоқ па?
— Көріп тұрмын... Көріп тұрмын... Жағдайың мәз емес екен!
— Бәрін көре тұра әдейі сұрау сендердің қандарыңда бар осы...
— Байқамаған екенмін. Сендерге көбірек белгілі.
— Аштықтан өлейін деп жатқанымды көріп, соңғы сапарыма мазақпен аттандырайын деп пе ең?! Әлде, жаның ашып, ас ұсынайын деп пе ең?!
— Енді... Енді... Ас ұсынамын деп айта алмаймын...
— Онда сүйектеріңді шайнап сындырмай тұрғанда, қараңды жоғалт!
— Сен босқа ашуланып жатырсың... Асықпа...
— Менің күйімде болсаң, асықпағаныңды көрер ем — деп, құйрығын көтеріп қуалай жөнелді.
— Қарының тояды. Бірақ, сәл шыдауға тура келеді.
— Қайда тамақ?
— Сен маған тиіспеуге уәде берсең, алып барайын...
— Келістік!
Сөйтіп, мысық жерге сырғып түсті де, көше басында асхана ұстайтын екі аяқты досына алып барды. Жаңа танысын қабырғаның бұрышында қалдырып, қызметтік есік алдына жақындап «мяу» деп күтуге кірісті. Кірпігін айқастырғанша болған жоқ, алдынан асхана әлемінің алтын қақпасы ашылып, тағамдардың қалдықтарын көтеріп үсті-басы ақ матаға оралған жігіт шықты.
— Сен марғау тоймайды екенсің. Жей ғой, бәрібір босқа ысырап болады — деп, жерге қойып өз патшалығына оралды. Толық кеткеніне көз жеткізген ол
— Әй, сен өліп қалған жоқсың ба?
— Шыға берейін бе?
— Қорықпай келе бер — дегені сол еді, қара құйындай қасына жетіп тағамға бас салды.
— Рақметіңді қарының тойған соң айтарсың — деп, ас тарқату жоспарын орындауын жалғастырды.
Екінші күні марғаудың қарыны ашып келсе, әлгі ит кешегі орында қарсы алды.
— Рақмет саған. Сен болмасаң көзіме шіркей үймелеуші ме еді...
— Бар болғаны сол ма?
— Иә, тағы не керек еді...
— Болдың ба?
— Жоқ... не ғой... кешегі жақсылығыңды бүгін де... қалай айтсам екен...
— Жарайды. Күте тұр.
Өткен күннің үлгісі бойынша, дастархан жайылды. Бірақ, бүгін оның өзінің де қарыны ашықаннан тарихи дұшпанымен бірге дәмдес болды. Екеуінің де нормасы орындалып, жан-жаққа қыдыруға кетті.
Үшінші күні әдеттегідей жауаптылықпен өз уақытында келе жатса, қарама-қарсы жүні жылтырап ит келе жатыр.
— Енді келе жатсың ба? Саған да қалған болу керек! — деді де, аялдамай өз жөнімен кетті. Мысық мән-жайды бірден түсінсе де, түйсігіне жеткізе алмады. Асхана ауласына барса, шошқа қорадан айырымы жоқ. Бәрі шашылып жатыр. Арасынан іліп алар ас жоқ. Сценарий бойынша есік алдында «мяу» дегені сол еді, тозақтың қара дарбазасы ашылып ішінен сыпырғыш ұшып шықты. Ас жемесе де, таяқ жеуге шақ қалғанда, жаны барда, жолын тапқан марғау қашып үлгерді.
Төртінші күн ит жәннәт мекенге айналдырған қызметтік есік алдына келіп «әуп» дегені сол еді. Ойда жоқта, басы жарылды. Соған ызалана бұрыш-бұрышқа жасырынып пәленің бәрін бастаған мысықты күтті. Бірақ оның төбесі де көрінген жоқ.
Өзінің иіскеу қабілеттін іске қосып, ізін суытпай тауып келді. Мысық болса кешелі бері дәм татпағандықтан болар, бойын діріл басып қозғалуға мұршасы келмей жатыр. Ит оған
— Мұның бәрі сенің кесірің! Сен болмасаң басым аман болушы еді. Қара, енді не болды! Қара деймін!
— Маған не қыл дейсің? — деген сөзі ауызынан зорға шықты.
— Не қыл дейсің?! Сен не менімен ойнап тұрсың ба?!
— Өзің шешіп ал...
— Мен мұның бәрін босқа қалдырмаймын! Қазір, көкеңді танытамын!
— Өзің біл...
— Өлімің менің қолымнан!
Бесінші күн де туды. Ит кешегі сөзінде тұрды. Ол тағы да өлмеудің қамын жеп, көшеден өткендерге жағымпазданып ас сұрап жүр.