Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 сағат бұрын)
«Зағипаны» оқығанда...

Өзінің жастығына қарамай, әдебиет қазынасына қосып үлгерген шығармаларының саны да тізіп-тіркейтіндей көп болмаса да, әдеби ортаның толық мүшесі ретінде қабылданатын бірен-саран жас таланттар болады. Олардың шығармалары том-том болып әшекейлі мұқабалармен безендіріліп, кітап дүкендерінің әрдайым әрін келтіріп тұрмаса да, әр жерде газетте не журнал бетінде үзіліп-жарылып шыққан бірен-саран әңгіме немесе алғашқы жүдеулеу-жұқалтаң кітаптары арқылы көңіліңде ұялап қалады, олардың әйтеуір бір келелі істерді тындыратынына сенесің. Өмір бойы қатар жүріп, қалың-қалың кітаптарын қайталап оқысаң да, көкірегіңде ізі қалмайтын көп адамдарға емес, әдебиет отауының босағасын өпіремдеп аттамай, өз сәнімен, өз бітім-болмысымен, табиғилығымен сол ортаға енген әлгі жастарға көңілің алаңдайды, жаныңа медеу болар нәзік үміттеріңді қалдырар біреулердің барына қуанасың.

Мен үшін Шәрбану Бейсенова — өзімді елеңдететін осындай аз таланттардың бірі.

Шәрбанудың «Тойға келген келіншек» атты тұңғыш кітабы шықпас бұрын-ақ мен оны қалыптасқан жазушы деп қарайтынмын.

Әрине, бұл оның әйел затының өкілі болғандықтан, кейбіреулердің қағидасы бойынша шеберліктегі олқылықтарына не талантына кешіріммен қарағандықтан емес. Құдықтың тұщы-тұнықтығын білу үшін оның суын тауысып ішудің қажеті жоқ дегендей, Шәрбанудың бір әңгімесі арқылы мен оған үміт артқам.

«Тойға келген келіншек» кітабын оқып шығып, қазақ прозасының дүбірлі тобына өз жүрісі, өз жолы, өз сұлулығымен бір таланттың қосылғанына қуандым.

Шәрбанудың шығармаларындағы оқиға, образдар тірі сурет күйінде көз алдыңнан өтіп жатады. Адамдардың ішкі жан толқындарының иірімдері өзіңді де бірге үйіріп алып, сол оқиғаны өзің бастан кешіргендей сезінесің. Асып-тасып, лықсып жатқан көпірме сөзсіз қарапайым қазақ сөздері өзінің бар қадір-қасиеттерімен қаныңа шым-шымдап сіңіп жатқанын сезінесің.

Прозаға қажеттің өзі осылар болса керек. Мен Шәрбанудың «Зағипасы» да, басқа шығармалары секілді, көп жұрттың көп тараулы көңіл-табиғатына өз қанымен сіңеріне сенемін.

Өмірдің біраз белестерінен өткесін, кей адам соңында келе жатқандарға бұрылып көз салары болады. Мен де әдебиет өлкесіндегі кейін келе жатқан ақын-жазушыларды байқап-бағдарлайтындардың бірімін.

Әйел затына, оның ішінде қазақ әйеліне, жар болу, бала сүю, ошақ иесі болумен қатар қалам ұстап әдеби шығармалар жазу оңай тірлік емес. Менің Шәрбану сіңіліммен алғашқы кездесуім әлі көз алдымда. Ол кезде мен Атырау қаласында тұратынмын. «Лениншіл жастың» тілшісімін. Атырауда радиода істейтін Сара Ләтиева телефон шалып, «Мәдениет және тұрмыс» журналының қызметкері менімен жолыққысы келетінін білдірді. Үйге келді. Ақсары өңді сүйкімді Шәрбану журналдың бас редакторы Муса ағай сәлем жолдағанын мені өз журналына қызметкер болуға шақыратынын айтты. Әңгімелесе келе, Шәрбанудің Сағат Әшімбаевтың жары екенін білдім. Кейін «Лениншіл жастың» редакциясына жиналысқа келгенімде, Сағат пен Шәрбану қонақ үйге келіп:

— Апай, әзірше пәтер жалдап тұрамыз, үйге шақырудың реті келмей, ресторанға отырып әңгімелессек, — десті. Өздері үлбіреген жас, сонда да қазақтың дәстүрі деп қолыма күміс білезік салды...

Кейін Сағат ініміз Қазақ теледидарына төраға болған кезде талай хабарларға өзі шақырып, жұрттың көңілінде қалған «Парыз бен қарыз» айдарымен өзі жүргізген хабарларға ылғи қатыстырып отыратын.

Сағат ортамыздан ерте кетті. Шәрбану Сағат ініміздің босағасын босаңсытпай, Мәуленін тәрбиелеп, өзінің шығармашылығын да жетімсіретпе ді.

Мен осы адамгершілігіне, қазақ әйеліне тән парасаттылығына ризамын.

1990


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама