Үшінші лирикалық шегініс
Адам баласы көзі тірісінде бір-бірін қадірлей алмаудан өмір бойы опық жесе де, қорытынды шығармайды. Бір-біріне деген енжарлықтың зардабы жанашырлық пен мейірімнің нәрін сорып азайтуға қалды. Бірақ жан дүниесі тар, көңіл кеңдігі жоқ деп ешкім жазғырылмайды.
Мұқағали ақынның айдалада жүріп жақын тұтқан, бауырына тартқан сезімі мен сенімін сезе тұрып, телефон соғып, не жай-күйін білуге іздеп барған емеспін. Ылғи кездейсоқ кездесіп қалудан тұратын таныстығымыз, бауырластығымыз мәңгілік үзілместей көргеніме өкінем.
«Қазақстан пионері» газетінің редакциясы бұрынғы Коммунистік проспекті мен Гоголь көшесінің бұрышындағы үйден М. Горький мен Пролетар көшесінің бұрышындағы 9 қабатты жаңа салынған үйге көшті. Сағат 14-00-де Орталық комсомол комитетінің секретариатына баруым керек болып, түскі үзіліске ертерек шықтым. Көктем еді. Күн ашық, жылы.
Есік алдында тұрған редакция машинасына отыра беріп ем, қай жағымнан келіп қалғанын білмеймін — Мұқағали жетіп келді. Мұқағалиды көріп кері түстім де, машинаның артқы есігін ашып:
— Отырыңыз! — дедім. Тағы да ішкенге ұқсайды. Соңынан екі-үш адам жүгіріп келе жатты. Мен машина есіктерін жауып, сыртынан ашылмасын деп, ішкі жағындағы тетіктерді басып қойдым. Ойым — ана кісілерден бөліп алып, үйіне апарып салу. Әлгі жанындағылар мені көріп, машинаға жармасуға батылдары жетпей, аңтарылып қала барды.
— Аға, үйіңіз қай жерде? — дедім машина қозғала бергенде. — Апарып салайын...
— Үйге апаратын болсаң, әуелі бір шыны қызыл арақ ал, — деді. Жанымда бір тиын жоқ: ертемен кешегіден басқа бешпетімді киіп шығып ем, тиын-тебеннің бәрі үйде қалыпты. Машинаны жүргізуші Валентин адамның көңілін айтпай ұғатын аса сезімтал адам еді. Жалғыз-ақ айыбы — ішкенді жақсы көретін. Бірақ керемет жақсы адам.
Сыбырладым. Бір жерге тоқта да, машинадан шық — айтатын сөзім бар дедім. Түсіне қойды.
— Қазір мен үйге барып, ақша алып шығуым керек, сен бір дүкенге кіріп, екі шыны қызыл арақ ал, сосын мына кісіні үйіне апарып саламын, қазақтың ұлы ақыны, — дедім. — Бірақ біздің үйдің жанына барғанда, біздің үй екенін айтпа — үйге кіріп шықпай жүруі мүмкін, ал мен сағат 14-00-де жиналысқа баруым керек.
Сонымен екі шыны қызыл арақты екі қолыма алып, Мұқаң айтқан адреске келіп тоқтадық. Есіктің қоңырауын қақты. Арғы жағынан есік ашылды да:
— Тағы ішіп келдің бе? — деген әйел адамның ренішті үні естілді. Мен екі қолымда екі шыны арақ ұстаған күйім Мұқағалидың артында тұрмын. Ол үйдегі жеңгемізді бұрын көрген емеспін.
— Әй, айқайлама, біздің үйге кім келгенін білесің бе? — деді, есік ашқан тұлғалы әйелге қарап.
— Жоқ, білмеймін.
Әйелдің даусында ренішті үн, көңілі қалғандай, ығыр болған кейіп менің төбемнен суық суды құйып жібергендей әсер етті.
— Фариза келді! — деді Мұқағали дәл аспаннан түскен адамды таныстырып тұрғандай.
Менің атымды естігесін жеңгейдің жүзіне жылу жүгірді. Шамасы, Мұқаң үйде айтып отыратын болса керек. Әйтпесе, талай ер-азамат ақынның талай әйелінің, күйеуінен кем емес өлең жазып жүрсем де, маған бір қылмыскерді көргендей алая қараған шанышқы жанарларын өңменімнен өткізгем.
Ас бөлмеге кірдік.
— Мынау екі шыныны Фариза алды маған, өзі ішпейді. Біреуін ашып, маған құйып қой, Лашын! Ал, үйде нең бар — құрт бар ма, көже бар ма — бәрін әкел дастарқанға! — деді де, өзі төргі бөлмеге кетті. Оқушының екі көк дәптерін алып, ас бөлмеге енді. Мен отырмын. Жеңгей үйдегі барды дастарқанға қойып жатыр. Мен Мұқағали шығып кеткенде, Лашын жеңгейге қалай кездескенімді, өзімнің асығыс екенімді айтып үлгердім.
— Міне, көрдің бе — мынаның бәрі жаңа өлең, Фаризажан! — деп Мұқаң дәптерді менің алдыма қойды да, екі қолымен иығымнан қапсыра құшақтады. Біраз тұрды. Бағанағы қызу күйінен белгі де қалмағандай.
— Сен асықпа, түстікті жеңгеңнен іш! Мен саған өлең оқып берем! — деді. Мен көмек сұрағандай жүзбен жеңгейге қарадым.
— Ау, жарқыным, өзі әлжуаз көрінеді, иығынан алсаңшы қолыңды! — деп, Лашын жеңгей менің күйімді бірден ұға кетті.
— Жиналысы бар көрінеді, баяндама жасайды екен, бір-екі өлең оқы да, Фаризаға рұқсат бер!
Мұқағалиөкпелеген баладай отырып қалды.
Келер жылы көктем шықты. Редакцияда отыр ем, телефон соғылды. Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов екен.
— «Балалар кітабының әлемдік апталығы» Бакуде өткізіледі. Соған сен барып қайтсаң, дұрыс болар еді, — деді.
Жолға дайындала бастадым. Билет алып, редакциядағы шаруаларды жігіттерге тапсырдым, ертеңіне жүруім керек еді. Редакция хат бөлімінің қызметкері Айнаш Шынықұлова бес-алты хат әкеліп берді.
— Сізге арнап жазылған хаттар, — деді.
Арасында біреуі тым қалыңдау екен. Балалардың, ата-аналардың әдеттегі хаттарына ұқсамайды, сыртына адресті қазақша жазыпты. Ол кезде конверттің сыртына қазақша жазуға болмайды, тек орыс тілінде жазылады. Соңғы жағында адрес көрсетілмеген — шиырып қол қойылыпты. Ашып қарасам, колмен жазылған өлең.
«Фариза, Фариза ақын, Фариза қыз!» — деп басталатын ағыл-тегіл шумақтар. «Бұны кім жазуы мүмкін?» — деген оймен бірінші парақты оқи сала, шыдамай алты бет өлең-хаттың соңына көз жүгірттім. Мұқағалидың өлең-хатын алып, алқымыма тығылған жұдырықтай кесекті жұта алмай, көзімнен шығардым. Сол түні Бакуге ұшуым керек еді. Үйге келіп, жолға жинақталып жатсам, кешкі сегіз жарымның шамасында біреу телефон соғады. Лашын жеңгей екен.
— Ағаң саған хат жазып жіберіп еді, соны алды ма, алмады ма деп қайта-қайта маған айтып, мазасызданып жатыр. Ауырыңқырап тұр ағаң, ауруханада... — деп, жеңешем сөзінің соңын жұтып, бәсең сөйледі.
Мен хатты бүгін ғана алғанымды, өзім Жазушылар одағының тапсырмасымен түнде жолға жүріп бара жатқанымды айттым.
— Көп сәлем айтыңыз, келген бойда өзім барамын, — деп хош айтыстым.
Адамның онсыз да қысқа ғұмыры тек өкініш пен қоштасудан тұратындай көрінеді кейде маған. Егер мен со жолы Мұқағали ақынның аласұрып, дүниеден бір жылылық көріп кетуді армандап жатқанын ұққан болсам, Баку сапарын ысырып тастап, жанына барып, маңдайына тигізген алақаным арқылы жанымның бар жылуын тұла бойына таратпас па едім.
Мен өзімнің ойсыздығымнан өмірімде осымен екінші рет өкініш азабын тарттым.
Ең алғаш, институт бітіргеннен кейін, мені жақсы көрген Нұрат деген жігіттің қыршынынан қиылар алдындағы көңіліне медеу бола алмағаным. Ауруханада жатыр екен. Мен бір жаққа кетіп ем, үйге келіп ауру екенін ести сала, бардым. Екі беті албырап, жанарымен ішіп-жеп, әңгімелескісі келіп, төсегінен басын көтерді. Мен оның парасатын, адамдығын сыйлағанмен, жақсы көрмейтінмін.
— Тезірек жазылып кет, — деп кетуге ыңғайлана беріп ем, жігіт алқынып:
— Фари, отыра тұршы, он минут отыршы, — деп жалынды.
Мен өтінішіне мән бермей, қазір дәрігерлер келетінін айтып, тағы да келіп тұруға уәде беріп, шығып кеттім. Содан үш сағат өткенде, аурухана төсегінде қайтыс болып еді.
Сол жолы бір өкінгенім әлі есімде болатын. Енді, міне, Мұқағалидың хатына, жеңгеміздің хабарына мән бермей, желкілдеп кете бардым.
Бакуде бір жұмадай болдым. Көп ұлтты совет әдебиетінің балаларға жазатын өкілдері, шет ел әдебиетшілері Каспий жағалауындағы қалаға жиылып, өлең оқып, бүлдіршін оқырмандармен жүздесіп, ырду-дырдумен уақыт өтіп жатты. Үйге, балаларға, амандық білуге хабарластым. Наурыздың 28-і күні ғой деймін.
— Кеше Мұқағали ағай қайтыс болыпты, — деді үйдегілер. Мен аласұрдым да қалдым. Алматыға ұшуға билет жоқ. Сөйтіп, ұлы ақынның соңғы дидарын көре алмай, соңғы сапарына аттандырып сала алмай, сандалақтап Алматыға оралдым.
Мұқағали ақынның маған арнаған өлең-хаты халық арасында көп аңыздар туғызып, түрлі хикаяларға желі болып келеді. Мұнда менің ешқандай «еңбегім» жоқ — бұл — халықтың өзінің ұлы перзентіне деген махаббатынан туған аңыз-әңгімелер.
Ал Мұқағали мен менің арамда болған сыйластық, қимастық, түсініктің бар емірбаяны — жоғарыдағы.
Тағы бір әңгіме — Мұқағали екеуміздің 1984 жылы Қазақ ССР-нің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығына қатар ұсынылуымыз хақында.
Мені Мемлекеттік сыйлыққа бұған дейін де бірнеше рет әр түрлі ұйымдар ұсынған, бірақ бір де-біреуі сыйлық жөніндегі комиссияның тізіміне іліккен жоқ еді. 1972 жылы, «Мазасыз шақ» деген кітабым шыққанда, Талдықорған облыстық комсомол ұйымы республика комсомолының сыйлығына ұсынды. Одан кейін комсомол сыйлығына «Асау толқын» жинағым ұсынылды, ол да хабарсыз кетті. «Шілде» деген кітабымды Жамбыл педагогикалық институтының коллективі Қазақ ССР-інің Мемлекеттік сыйлығына ұсыныпты деп естідім. Мұнда да тізімге ілінбедім. Екі жыл өткесін (мемлекеттік сыйлық та, комсомол сыйлығы да екі жылда бір беріледі) қазақтың қыздар педагогикалық институты «Сенің махаббатың» атты кітабымды тағы да Абай атындағы сыйлыққа ұсынды. Бұл жолы да үнсіз қалды.
Сөйтіп жүргенде, Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің редакция ұжымы (журналистік творчествомды бір кезде сонда бастағам) газет-журналға шыққан «Революция және мен», «Маңғыстау монологтары», «Үйім — менің Отаным» топтама өлеңдерімді 1984 жылғы республика мемлекеттік сыйлығына ұсынған екен. Сол жылы марқұм Мұқағали Мақатаевтың «Шолпан» жинағы да сыйлыққа ұсынылды. Мен бұрын сыйлыққа ұсынылыпсың дегенді естігенде, жастық па, қайдам, алғанымды тәуір көріп, іштей дәмеленіп, кейін қайта-қайта ләм-мимсіз қала бергесін, көңілім тоқтап, дәметуді мүлде қойғам. Бұл жолы да селт етпедім. Қуаныш дегеннің өзі де өзінің кезінде келсе ғана қуаныш болады екен. Әбден көңіліңді қалдырып, жерге қаратып алғасын соңынан алтын берсе де рақатқа кенелмейді екенсің. Мұқағали алады деген берік сенімде жүрдім. Сол жолы «Лениншіл жас» газетіне алғы сөзіммен қоса «Мақатаев туралы жыр» атты өлеңімді бастырып, ақын творчествосы Мемлекеттік сыйлық алса деген ақ ниетімді білдіруді жөн көріп едім. Менің өзім де сол сыйлыққа Мақатаевпен қатарласа ұсынылып отырғаныммен, «өзім алсам екен» дегендей үнсіз қалу мен үшін қылмыстай көрінді.
Мақатаев творчествосы сыйлық алмайды деген ой ешбір жөні түзу қазақтың ойына келген емес. Басқамыз алмасақ та, Мұқағали творчествосының сыйлыққа бірден бір лайық екеніне берік сенімде жүрдік. Мұзафар Әлімбаев, Мұхтар Мағауин және басқалар да сол жылы «жарысқа» қатар түсті.
Бір күні «қайтыс болған адамдарға сыйлық берілмейді деген шартпен Мұқағалиды алып тастапты» дегенді естідім. Бұл — желтоқсан айының бас кезі. Мұны естіп, отыра алмай, «Жалын» баспасында бас редактор болып істейтін, Мұқағали творчествосының жанашыры Бексұлтанға (Нұржекеев) жетіп бардым. Жиналыс болып жатыр екен. Күттім. Жаным шығардай жанталас күйде отырмын.
— Бір әрекет істеуіміз керек, бәріміз бірдей қол қусырып отырып, Мұқағалиға сыйлық берілмейтін болса, елдің алдында өлгеніміз және бізді, тірілерді аруақ атады, — дедім естіген хабарымды жеткізіп.
Екеуміз енді не істейміз деп іштей сенделіп біраз отырдық.
— Мен Назарбаев жолдастың (Қазақ ССР Министрлер Советінің председателі) қабылдауына барайын, — дедім Бексұлтанға. — Бірақ аузы дуалы деген қазақтарға айтып, хат жаздырып, бәріміз қол қояйық, сол хатпен барған дұрыс шығар.
Хаттың сұлбасын қағазға түсірдік. Мұса Жәлел, Николай Островский секілді ақын-жазушыларға барлық сыйлық қайтыс болғаннан кейін берілген. Сыйлыққа ұсынылғандарды алып тастаңдар демейміз, Мұқағали үшін үкімет тарапынан қосымша сыйлық бөлінсін, әйтпесе бәйгеге салып тұрып берілмесе, үкімет пен партияға да, сыйлық жөніндегі комитеттің беделді мүшелеріне де үлкен сын деген ойларды жазып алып, екеуміз үй-үйді аралауға шықтық. Әуелі Әбділда ағамыздан бастап, Нұрғиса, Қадыр, Шерхан және Бексұлтан екеуміз қол қойып, мен Министрлер Советі председателінің көмекшісіне келдім. Қабылдау бөлмесі толған адам. Сол жылы қыс қатты болып, республика көлемінде ғана емес, Алматының өзінде де жылыту жүйелері жарылып, ызы-қызы болып жатқан. Көмекші жігіт Нұртай Әбіхаев әбден тыңдап алды да:
— Сізді председательге кіргізе алмаймын, — министрлермен, орынбасарларымен, басқа да шаруашылық басшыларымен мынау жағдайға байланысты жиналыс өткізіп жатыр және бүгін түнде Душанбеге ұшуы керек. Бірақ мына хатыңызды табыс етемін және өзіңіздің ауызша айтқандарыңызды жеткіземін, — деп шығарып салды.
Ақыры сыйлық Мүқағалиға берілмей, Жазушылар одағы жанынан жыл сайын талантты жастарға берілетін М.Мақатаев атындағы жаңа сыйлық белгіленіпті.
Бұл жайға халық қатты назаланды, тіпті Қызылорда, Шымкент, Гурьевтен маған әдейі келіп, анық-қанығын сұраған жанашырлар да болды.
Бұл да — Мақатаев творчествосының қарапайым оқырмандар тынысына сіңіп кеткендігін, яғни шын мәніндегі халықтығын көрсететін ақиқат.
Әрине, сыйлыққа ие болған менің және басқалардың аяқ астынан таланты артып, немесе керісінше, сыйлық тимеген Мұқағали творчествосының ұлылығы аласарып қалған жоқ.
Бірақ бұл мені ыңғайсыз жағдайда қалдырған оқиға болды. Мұқағалидың ең бірінші жанашыры мен деп ұғатын халық алдында, әншейінде Мұқағали деп жан ұшырып жүгіріп, сыйлық бөлісуге келгенде, үн-түнсіз өзім иеленіп кеткен арсыздай көріндім-ау деген ой жегідей жеді. Әрине, түсінетін адамдар түсіндіріп жатпай-ақ бар жағдайды үнсіз ұғысты.
Мұқағали ақынмен арамыздағы шындық тарихы осы еді.