Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
12-партия жиылысы ұлт мәселесін дұрыс шешуге жаңа жоба көрсетті

«Еңбекші қазақ» газетінің осы нөмірінде Россия Коммунист партиясының 12-жалпы жиылысының ұлт мәселесі тақырыпты шығарған қарары басылып отыр.

Россияда кеңес үкіметі орнағаннан бері үстіміздегі ұлы революция, ұлы өзгерістің дәуірінде, тұрмыстың дөңгелегі қаттырақ зырылдап жылдам айналғандықтан, тұрмыс түрлі халге, түрлі жайға түскендіктен, әзір бұрынғы езілген ұлттардың еңбекшіл еліне автономия берілсе де, «ұлт мәселесі» деген мәселе тереңнен қозғалып, анықталып қаралып, дұрыс көңілдегідей шешілген жоқ еді.

Бұрынғы езілген ұлттардың еңбекшіл елінің надандығынан, өнер-мәдениет ретінде артта қалғандығынан закон алдында, қағаз бетінде құқықтары бұрынғы зор ұлттармен бірдей болса да, іс жүзінде түрлі реттерде бірдей бола алмай келген еді.

Бір нәрсенің кемдігін, бір істің мінін сол нәрсеге таныс кісі, сол іске жетік кісі артығырақ біледі.

Қағаз бетінде теңдік алғанмен, өзінін надандығынан, іс жүзінде кейбір реттерде теңдік ала алмайтындарын әр ұлттың өзінен шыққан коммунистері артығырақ біледі. Әр халықтың түрлі мінезін, түрлі заңын, түрлі салтын, түрлі мақсатын, түрлі дертін сол халықтың өзінен шыққан коммунистер артық біледі.

Жалпы кеңес құрамасының біздің Қазақстан тәрізді шеткі республикаларында осы тақырыпты бұрынғы зор болып қалған ұлттан — орыстан шыққан коммунистермен, бұрынғы кем болып қалған кірме, уақ ұлттардан шыққан коммунистердің араларында кейбір шет республикаларда ұғыныспағандық болып келді. Ол ұғыныспағандық кейбір уақыттарда алалыққа да айналып кетіп жүрді.

Ондай мақтауға келмейтін істерге кім айыпты, кім айыпсыз екенін кім білсін.

Бірақ әлгі жұртқа белгілі «ұлтшылдық» (национализм) дегенді, «өзімшілдік», «отаршылдық» дегендерді (шовинизм, колонизаторство) қоздырыңқырап жіберу шарттарының бірі сол ұғыныспағандықтан шыққан ала көздік еді. Мемлекетке, Коммунист партиясына бұрын кем болып қалған ұлттан шыққан «ұлтшылдық» қатерлі ме, жоқ бұрын ұлық, қожа болып қалған зор ұлттан шыққан «өзімшілдік», «отаршылдық» қатерлі ме? Бұған 12-партия жиылысы дұрыс, тура жауап берді. Бұған 12- жиылыстың қарарында: «партияның әм кеңес үкіметінің жалпы істеріне, жалпы бағытына ең үлкен қатерлі, үлкен кеселді, зиянды нәрсе бұрынғы зор болып қалған елден шыққан «отаршылдық», «өзімшілдік» деген, ең аянбай күресетін затымыз осы деген. Бұл күнгеше біздің айтып келгеніміз дәл осы 12-партия жиылысының шығарған қарарының бағыты еді. Қайта, біз ұлтшылдықпен, отаршыл өзімшілдікпен қатар бірдей, тең күресу керек деуші едік, 12-партия жиылысы бізден де әрмен, бізден де қатты кетті. 12-партия жиылысының ұлт мәселесі туралы белгілеген жобасы өте қолайлы, бірақ оны іске асыруға кірісу керек.

Партияның ілгергі аңғарын, жалпы бағытын шын ойлайтын коммунистер бұл 12-жиылыстың шығарған қаулысын іске асыруға қамалға қоюға шындап, екпіндеп кірісуі керек.

Партияның бұл қарарын іске асыруға ойламайтын адамдар партияның әм еңбекшіл табының досы болмайды.

1923 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама