Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
1-Мамыр — жер-дүниедегі еңбекшіл табының ұлы күні

1-Мамыр — жер-дүниедегі еңбекшіл табының ұлы күні, ұлы мейрамы.

1-Мамыр — жер-дүниедегі еңбекшіл табы байлардың, капиталистердің істеп жүрген жұмыстарын тастап, топ жасап, қатар түзеп, көше майданына шығып, неше ғасырлардан бері еңбекшіл табын жұмысқа салып, олардың табан ет, маңдай терлерімен тапқандарының бәрін жеп, өзінікі қылып келе жатқан байлар, капиталистер табына қыр көрсетіп, олардан әм олардың жоғарғы басқармасы — үкіметтерінен толық ақыларын сұрайтын күн, адамгершілік, теңдік хұқықтарын сұрайтын күн.

1-Мамыр — жер-дүниедегі күллі жұмыскер, еңбекшіл табы ұлтына, қанына қарамай әм қай мемлекеттікі екендігіне қарамай барлығының хал-жайы бірдей, тұрмысы, тілегі, түпкі мақсаттары бірдей екендіктерін білдіріп, барлық жұмыскер еңбекшіл табының жалпы жауы жер-дүниедегі байлар, капиталистер екенін білдіріп, оларға ереуіл жасайтын күн. Бұл ұлы күнде жер- дүниедегі еңбекшіл-жұмыскер табы жер-көкті жаңғыртып, бір- біріне жар салып, «Жер-дүние еңбекшілдері бірігіңдер!» деген жалпы ұрандарын салатын күн.

Жер жүзінде жалдаушы мен жалшылар бола бастағаннан бері тіресіп келе жатқан бұл екі күш (біреуі жалдаушылар — байлар, біреуі жалшылар — еңбекшілер) 1-Мамырға екеуі де даярланып, біреуінің мақсаты өзінің толық ақысын алып, өзінің қол күшімен тапқандарын өзі пайдалану болып, біреуінің мақсаты өзі іс қылмай қарап отырып, жаны тыныш жүріп біреудің табан ет, маңдай терімен тапқанын пайдалана беру болып, екеуі де 1-Мамыр күні бір-біріне қарсы, барлық күштерін көрсетіп қалатын күн.

Бұл талай замандардан бері тіресіп, аңдысып, жағаласып келе жатқан екі жау 1-Мамыр күні барлық күштерін майданға шығарып, бір-біріне қарсы ереуіл жасап, қыза-қыза екеуі соқтығысып талай қандар төгілетін күн.

Төгілген қан, әрине, көбінесе жұмыскер-еңбекшіл табынікі болатын. Өйткені байлар, капиталистер табының ең жоғарғы басқармалары — үкіметтері болады. Ол үкіметтердің әмірлерінде — барлық әскерлер қару-жарақ, мылтық, пулемет, зеңбірек, аэроплан, кемелер болады. Міне, осылардың күшімен байлар, капиталистер табының сандары аз болса да, баяғыдан бері жұмыскерлер-еңбекшілдер табын шынжырлап ұстап келе жатыр, ал егерде топ жасап ақысын сұрап, теңдігін сұрап, қатар тұрып майданға шығып соқтыға бастағаннан бері әлгі әскерлерінің мылтық, зеңбіректерінің күштерімен қанға бояп, еңбекшілер табын езіп келе жатыр. Бірақ нахақтан төгілген сансыз ұлдарының сансыз азаматтарының қандарына қарамай жер жүзінің жалпы жұмыскер-еңбекшіл табы өздерінің бірлік күшін жылдан-жылға арттырып, күш-қайратын, бірігу күшін жылдан-жылға өсіріп, жалпы тарихи жаулар — байлар, капиталистер табымен жылдан-жылға басымырақ тіресіп келеді.

Еңбекшіл табының 1-Мамырды жалпы мейрамдауы неден шыққан. Қайдан шыққан?

Енді соны қысқаша айтып өтелік.

1888жылы 1-Мамырда Американың үкіметі Чикаго қаласында байлардан әм олардың үкіметінен жұмыскер табының ақысын сұраған, теңдік хұқықтарын сұраған жұмыскерлерді атқан.

Келесі 1889 жылы 1-Мамырда, күн бұрын қаулы қылып қойып байлардың фабрик-зауыттарында жұмыс істеп жүрген Американың ұйымдасқан жұмыскерлері жалпы тілек үшін атылған жолдастарының өлгеніне нақ бір жыл толғанда, солардың құрметіне жұмыстарын тастап топ жасап, көше майданына шығып, қатар түзеп Американың жалпы капиталистеріне, үкіметіне қыр көрсетіп, ереуіл жасаған. Сол 1889 жылы Францияның Париж деген қаласында болған 2- Интернационалдың 1-жиылысында сол Американың жалпы жұмыскерлер-еңбекшілер табының бақыты үшін жұмыскерлердің атылған күнін, 1-Мамырды, жер- дүниенің жалпы жұмыскерлер-еңбекшілдер табы үшін ұлы күн болсын, ұлы мейрам болсын деп қаулы қылған.

Содан бері сол күнді күллі жер-дүниедегі көзі ашық жұмыскер-еңбекшілдер өзінің ұлы күні санап, ұлы мейрамы санап, бұл күнді өзінің әм байлардың күштерін сынау күні қылып келе жатыр.

Бұл күнді жер-дүниедегі еңбекшіл жұмыскерлер табының әр жердегісі, әр шеттегісі, әр мемлекеттегісі бірі-біріне туысқандығын, бірлігін білдіріп, жер-дүниені жаңғыртып, бір-біріне сәлем жіберіп, жер-дүниені күңірентіп, жалпы еңбекшіл табының ұранын салатын күні қылып келе жатыр. 1-Мамырды ұлы күн деп санап, 1-Мамырды мейрамдап, байлардың жұмыстарын тастап көше майданына шығып, капиталистерге әм олардың үкіметтеріне қыр көрсетіп, ереуіл жасауды жер-дүниенің жалпы жұмыскерлер-еңбекшіл табы тегісімен бір-ақ жылда қабыл ала қойған жоқ.

1-Мамырды өйтіп мейрамдау жер жүзінде лезде тұтасынан жайылған жоқ. Өйткені жұмыскерлер-еңбекшілдер табы надан. Оларды билеп, іске жегіп отырған капиталистер әм олардың үкіметтері бұл 1-Мамырдың мәнісін әм жалпы жұмыскерлер табының мақсаттарының бір болуы керек екендіктерін білген адамдарға жариялап айтқызбайды, жұмыскерлер-еңбекшілдер арасына жайғызбайды. Жалпы еңбекшіл табының туын көтерген адамдарға бұл туралы жариялап ешбір сөз сөйлеткізбейді.

Еңбекшіл-жұмыскер табының мақсатының бірлігін әм капиталистермен қалай күресуге керек екендігін айқын көрсе де, мұны жариялап айтқызбайтын болған соң, бұған белсеніп кірген адамдар еңбекшіл табының арасында бұл сөздерді жасырын сөйлеп, жасырын еңбекшіл табының ұйымдарын біріктіріп, бұл тарихи күрестің түрлі өнер-білім, тәжірибе-тәсіл, жол-жобаларын құпия тарататын.

Еуропаның әм Американың барлық елдерінде сол неше жылғы талас-тартыстың арқасында жұмыскер-еңбекшіл табы өзінің капитализммен күресу істерін, ұйымдасу істерін құпияламайтын болған.

Өзінің мұң-мұқтажын, тілегін, жол-жобасын жариялап майданға салатын болғаннан бері жұмыскерлер-еңбекшілдер табы жылдан-жылға бірлігін зорайтып, жылдан-жылға күшейіп, жылдан-жылға тобын көбейтіп, жылдан-жылға жер-дүниені қалтыратып, дауысын, ұранын күңірентіп қаттырақ салып келеді.

Сол ұзақ күреспен келіп Россияның жұмыскерлер-еңбекшілдер табы капиталистерді жеңіп, олардың үкіметін құлатып, барлық байлықты әм үкіметті өз қолдарына алғанына 5 жыл толды.

Россияда еңбекшілдер табы үкіметті әм барлық байлықты өз қолдарына алғаннан кейін Еуропа капиталистері үрейленіп, сақтануда, Еуропаның жұмыскер-еңбекшіл табы күнбе-күн ереуіл жасап, капиталистермен күнбе-күн соқтығуда, күнбе-күн жұмыскер-еңбекшіл табының нахақ қаны төгілуде әм оған қарамай жұмыскер-еңбекшіл табының күші күнбе-күн артуда.

Капиталистер барлық күштерін әлдеқашан жинап болған. Енді олардың жинайтын күштері жоқ. Олардың күштері күннен- күнге азаймаса, артпайды. Ал жұмыскер-еңбекшіл табы барлық күшін әлі біріктіріп болған жоқ. Барлық күшін әлі жинап болған жоқ. Еңбекшіл-жұмыскер табының күштері күннен-күнге артпаса, кемімейді. Ал күші күннен-күнге артатын болған соң жауын жеңбей қоймайды. Ол күн таянды. Қазірде дүниедегі ең айлалы жауыз Еуропаның капиталистері қалтырап қана отыр. Еңбекшіл-жұмыскер табы енді бір қаттырақ сұғып жіберсе быт-шыт болып құламақ.

1-Мамыр күнгі жалпы еңбекшіл табының арыстандай ақырғаны капитализм дүниесін әлек қылмай қоймайды.

Жасасын 1-Мамыр!

Жасасын жер-дүние еңбекшіл табының ұлы күні, ұлы мейрамы.

Жасасын жер-дүние еңбекшіл табының тірегі ІІІ коммунистер интернационалы! Қазақстан еңбекшілдерінің атынан жер-дүниенің жалпы еңбекшілеріне туысқандық сәлем!

Жасасын жалпы туысқандық!

1923 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама