Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
5 Дүниежүзілік көшпенділер ойындары

31 қаңтар күні 5 - ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізужөніндегі дирекция волонтерларды шақыру бойынша жиын ұйымдастырады.  

Шараға Астана қаласы әкімдігі, жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ибраев Самат Сабырұлы және 5- ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Қондыбаев Абылай Қанатұлы және басқа да азаматтар қатысады. Жиында волонтерлық қызметтің маңыздылығы, елорда жастарының волонтерлік қызметті жүргізудегі тәжірибесі т.с. мәселелер айтылады. Сонымен қатар, ойынды ұйымдастыру, өткізу ережесі туралы тақырыптар сөз болады.

Волонтерларға қойылатын талаптар, ережелер, жас ерекшелігіне байланысты көрсеткіштер, волонтерларды таңдау бойынша кезеңдер туралы дирекциясының волонтерлармен жұмыс бөлімінің жетекшісі Жанділдаев Бақдаулет Болатұлы ақпарат береді.  Қонақжайлылық мәдениетін көрсетуде волонтерлар қызметінің маңызы зор. Волонтерларды іріктеу кезінде  14 - 75 жас аралығындағы үміткер таңдалады. Волонтерлар дирекцияның ұйымдастыру жұмыстарының түрлі бөлімдеріне арнайы бекітіліп жұмыс жасайтын болады. Қонақтармен қатысушыларды күтіп алу, аккредиттеу орталықтарына алып бару, қонақ үйлерге жеткізу, спорттық шаралар өтетін кешендерде көмек көрсету, мәдени шараларды ұйымдастыру, ойын кезеңінде қатысушыларға тамақ жеткізу т.б. бағыттар бойынша қызметтер атқарады. Волонтерлық қызметке тілек білдірушілер https://worldnomadgames.kz/  сайты арқылы «Ерікті бол»  бөліміне кіріп еріктілерге арналған сауалнаманы толтыру арқылы өтініш білдіре алады. Толтырылған сауалнамалар арқылы іріктеу жасалады. Барлық талаптардан сүрінбей өткен волонтерлар әңгімелесуге шақырылады. Instagram, Tik Tok әлеуметтік желілерінде @Volunteer_nomadgameskz парақшасы арқылы ақпарат алып, WhatsApp, Telegram- да 8 701 841 20 24  байланыс номері арқылы сұрақтарыңызды жолдасаңыздар болады.  

Анықтама үшін:

2024 жылдың 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші  Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ат спорты түрлері, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, садақ ату, жамбы ату, арқан тарту сынды ұлттық және халықтық ойындардың 20 түрінен жарыс өтеді. Бұған қоса ресми бағдарламадан тыс, ұлттық өнердің 10 түрін таныстыру мақсатында өтетін арнайы көрсетілім сайыстары белгіленген.  

«Қазанат» ипподромы мен оның маңында орналасатын «Көшпенділер әлемі» этноауылында ат жарыс, көкпар, саятшылық өнері мен садақ ату жарыстары өтеді. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдынында» ұлттық күрес түрлері мен халық ойындары, «Думан» қонақ үй кешенінде инттелектуалдық ойындар сайысы өтеді.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында, жабылуы «Қазанат» ипподромында өтеді деп жоспарланған. Қазір «Қазанат» ипподромында қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Толық іске қосылғанда ипподром 10 мың көрерменді қабылдай алады. «Астана-Арена» мен «Алау» мұз айдыны» сарайында да жөндеу жұмыстары басталды.

Көшпенділер ойындарының идеясын толық ашу үшін еліміздің барлық аймағында «Бірлік керуені» жобасы іске асырылады. «Қазанат» ипподромының аумағында «Көшпенділер әлемі» атауымен этноауыл құрылады. Этноауылда апта бойы Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары өтеді. Ақындар айтысы мен төл мәдениетімізді паш ететін басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Этноауылды бір күнде 30 мың көрерменнің аралауына жағдай жасалады.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұраны -

«ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІ»  

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама