- 15 қар. 2022 00:00
- 190
А.Байтұрсыновтың тарих ғылымына қосқан үлесі
Ж.Елебеков атындағы Республикалық
Эстрада-Цирк Колледжінің оқытушысы
Түменбай Ысматолла Нұрланұлы
Биыл А.Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл, осыған байланысты қазақтың біртуар азаматының және оның ғылыми мұрасын қайта зерттеп, ғылымға үлес қосу ең маңызды болмақ. Мемлекет жəне қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, əдебиет зерттеуші, түркітанушы, ақын, публицист, педагог, аудармашы А. Байтұрсыновтың еңбектері ешқашан тарихи маңызын жоймайды.
А.Байтұрсынұлы барлығымыз тіл білімінің маманы ретінде білеміз, алайда, оның белгісіз тұстарының бірі тарих ғылымына қосқан үлесі екендігін бәріміз біле бермейміз. Оның мұраларын, қалдырған мирасын болашақ ұрпаққа таныту, меніңше, біздің парызымыз.
Өз еңбек жолында Ахмет Байтұрсынұлы бірқатар шығармаларын тарихқа арнаған. Ол алғашқылардың бірі болып тарих ғылымының методологиясына көңіл бөледі. Ахмет Байтұрсынұлы тарих ғылымына арнап арнайы жазбаса да өзінің мақалаларының бірінде «Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы тарих» – деп баға береді. Оның «Әдебиет танытқыш» кітабында тарих пәні туралы, оның ерекшелігі жайлы, тарих ғылымының мамандықтары туралы, тарихшының мақсаты мен міндеті туралы ақпарат береді. Ол тарих тармақтарына да ажыратып көрсетеді: «шаруалар тарихы, өнер тарихы, дін тарихы, даналық тарихы, әдебиет тарихы, тағысын тағы сондай тарихтар».
«Оқу құралы» еңбегінде тұтас тарау «Тариқ» атауымен топтастырылған. Мұндағы 16 тақырыптық материал көшпелі түріктер заманынан 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі оқиғаларды қамтиды. Ол тарихи дерек түрлерін де талдауға тырысады. Мысалы, «Шежіре – өткеннен дерек беретін сөздің бір түрі» – деп аңықтама бере келіп, оған өз ойын айтады. Шежіре мен шежірешілердің айтқандары мен жазғандарына талдау жасай келе олардың кемшіліктерін айтып кетеді.
А.Байтұрсынұлының атақты еңбектерінің бірі «Мәдениет тарихы» деп аталады. Бұл да қазақ тарих ғылымындағы маңызды шығармалардың бірі болып табылады.
Қорытындылай келе, А.Байтұрсынұлының қазақ әдебиет және тарих ғылымдарына қосқан үлесі сүбелі екендігіне көзіміз жетеді. Оның әрбір шығармасын талдап, зерттесек нұр үстіне нұр болар еді, себебі, ғалымның тың тұстары әлі де жетерлік.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. М.Әуезов. Ахаңның елу жылдық тойы (юбилейі), «Ақжол» газеті, 4 ақпан 1923 жыл, № 270
2. Омарбеков Т. Қателескен Ленин бе, жоқ әлде қазақ зиялылары ма? // Егемен Қазақстан, 1991. 26 б.
3. Нұрпейісов. К Алаш һәм Алашорда. — Алматы «Ататек» 1995- 256 б.
4. Дина Аманжолова. Алаш в этнополитической истории Казахстана.. — Алматы: Таймас, 2009. — С. 95.
5. Қойгелдиев М., Омарбеков Т. Тарих тағылымы не дейді? – Алматы: Ана тілі, 1993. – 208 б.
6. Х. Әбжанов Ахмет Байтұрсынұлы және тарих // Ақиқат. 2020 ж. 30 қазан https://aqiqat.kazgazeta.kz/news/11283