Абылайдың тұтқын болуы (VІ нұсқа)
Қалмақтың ханы кәрі Аюке жалғыз қызын қырық қыз қосып, Қалдан Шерінге жіберген екен: «кімге берсе билігі Қалданда» деп.
Қыс түсіп кетіп, тау кезіп жүрген қазақтың бір мергені тастан үй салып беріп, мінген көліктері түйе екен, тастан қора салып беріп, жалғыз өзі қырық бір қызды аң етімен бір қыс асырап шығыпты. Қалдан Шеріннің қаһарынан қорқып, қыз тие алмайды, мерген ала алмайды. Жаз шыққан соң кетіпті. Қарқаралы үйезіне қараған жерде Боқтыкентте «Қызыл кеніш» деген әулие бар деп, қазақ соған да түнеп жүріпті. «Сол қыздардың бір қыс қыстаған жері екен» деседі.
Қалдан Шерінге барыпты. Қыз жұрттан асқан сұлу екен. Басқаға беруге қимай, Қалдан Шерін тоқалдыққа өзі алыпты. Қарабас деген ханымы бар екен де, онан туған Ежен деген жалғыз баласы бар екен. Қалмақ заңында екі қатын алу жоқ екен: «Екі қатын алса, ел бұзылады» деп. Қыз «салт атты, сабау қамшылы» болмай екіқабат, буаз шығыпты. Ер ұл тауыпты. Жолдан қосылған сына тәрізді болды, атын Сына қойыпты. Туа батыр болып туыпты.
Бұл Аюкенің кызы Қалдан Шеріннен екі қыз, екі ұл тауыпты. Қыздарының аты — Боран, Топыш; ұлдарының аты — Қырғын, Күш.
Қалдан Шерін айсыз қараңғы түнде далада с...п тұрса, с.гіне келіп, бір нәрсе шылп ете түсіпті. Үйіне ап келіп, жарық қылдырып қараса, садақтың оғы екен, ұшында метін бар екен. «Метін» дегені — суы бөлек суарылған темір болса керек, Қалдан Шеріннің өзінен басқаның қолына түспейтұғын. Наркескен соғатұғын, садақтың оғын жасайтұғын тоқсан ұстасы бар екен. Бәрін жидырып:
— Мынаны қайсың жасадыңдар? — дегенде, бір ұста:
— Оны жасаған мен едім, — депті.
— Кім жасатты? — дегенде:
— Бөтен кісі емес, өзіңіздің нақсүйер тоқалыңыздың тұңғышы Сына жасатып алып еді, — деген соң ләм-мим дәнеме деп жанға сездірмепті.
Ұйықтап жатқанда Сынаның мұрнына дәрі иіскетіп, талдырып тастап, оң жауырынының шеміршегін ойдырып алдырып, аюдың ақ дәрісін септіріп тастапты. Бір заманда есін жиып, Сына басын көтеріп түрегеліпті, дәнемені де білген жоқ.
Сына жақ атып, садақ тартайын десе төбесінен Құдай ұрғандай болып қалғанына наза болып, үйге келіп еңіреп, ботадай боздады дейді. Шешесі:
— Не болды? Не қылды? — деп сұраған екен.
— Денім сау, қолымда ауырқаған, сырқаған дәнеме жоқ.
Садақ тарта алмайтұғын болыппын, — деді.
— Балам, ұрылған екенсің. Енді тырп етсең, көзіңді жоғалтады, қарашығыңды батырады. Тұрма, көзіңді жоғалт! Қалмақ ортасында жан сақтай алмайсың, қазаққа жете гөр осы аманыңда, — деп, Қалдан Шеріннің қас болғанын айтыпты.
Сына батыр сол қашқаннан қашып, Абылайға келіп қорғалапты. Қалдан Шерін де қайда барса, өзіне қастық қыларын біліп, іздетіп таба алмай, Абылайға барып қорғалағанын естіген соң Абылайға елші жіберіпті:
— Менімен жауласпай, тыныш тұрамын десе, Сынаны қайырып берсін!
Абылай хан:
— «Бұтаға қорғалаған торғай да қалады» деген сөз бар еді.
Бір бұта құрлы болмасам, тірі болғанда неге жараймын? — деп бермепті.
Қалдан Шерін жер үстіндегі қалмаққа жар шақыртып:
— Абылайды маған тірі ұстап ап келіп беріңдер, — деп «Сүзекінің қолы» деген қол аттандырыпты. Сол кезде Аюкенің қызынан туған Топыш сұлудың жұрт аузына ілініп «сұлу» атанып тұрған күні екен.
— Абылайды тірі ұстап, ап келіп бергенге Топышты беремін, — деп қызықтырыпты.
Қалмақтың бір жайсаңы Ұлытау, Кішітауда Абылай қостап шығып, аң аулап жүрген күнінде, ұйықтап жатқан жерінде үстінен түсіпті. Сонда қарауылшысы Тілеуімбет деген жаман екен, ұйықтап қалған екен. «Қарауылшы бар ғой» деп қапы қалып, қолға түсіпті деген сөз бар.
Абылай жүрген жорықшылардан жөн сұраса, бір ғана өзі үшін аттанған қол екенін білген соң: «күтінбеген елді шабыншылыққа ұшыратпайын» деп:
— Іздеген Абылайың — мына мен, — депті.
Қалданның қосыны тапсырған Абылайын тапқан соң, жоғалтып жүрген тайыншасын тапқандай қуанып, алып жүре беріпті. Қалдан Шерін естіпті: «Абылайды тірі ұстап алып келеді» деп. Айдалаға бір ақ боз үй тіктіріпті. Құда, күйеу түсетұғын үйдей қылып, төсек төсетіп:
— Сонда кіргізіңдер. Жеті күн, жеті түн ас-су бермеңдер. Қарны ашсын, қалжырасын! «Бір күн қарны ашқаннан қырық күн ақыл сұрама» деген бар ғой, — депті.
Айтқандай қылыпты, сегізінші күнде:
— Бір аяқ суға тобықтай тоң май салып апарып қолына ұстата қойыңдар, — депті.
Айтқандай қылып, апарып қолына ұстатқанда:
— Үрсем кетпейтұғын неме едің, ішпесем аузыма келер түрің жоқ қой, — деп аяқты есікке қарай лақтырыпты.
— Енді бір төрт жендет түстеріңді суытып, төртеуің де жалаңаш қылыш алып: «ханнан жарлық болды, қарадан жабдық болды. Сенің мейманаң толды. Берген асты ішпесең, мә, өзің [өз]іңнің қанынды іш!» — деп дүрсе қоя беріңдер! Тайсалса, қайғалақтаса, басын шауып тастаңдар! Жасқанбаса, селт етпесе, тимей, қа[йтып келіп], не қылып, не қойғанын айтып келіңдер, — деп жіберіпті.
Бұлар Қалдан Шеріннің айтқанын қылып жетіп барғанда:
— Алладан басқадан ажалым болмақшы емес, — деп шімірікпей, қасқиып отыра беріпті.
— Мынаның өзінде жан жоқ қой. Жаны бар жан жасқанбас па? — деп қайтып келіпті. Көрген-білгендерін айтып келіпті.
— Атса, мылтық өтпейтін, шапса, қылыш өтпейтін, суға салса, батпайтын, отқа салса, күймейтін, сырты — болат, іші — құрыш жасалған қу екен. Екі сыннан өтті. Енді бір сынайық, шақыр өзін осы ордаға, — депті.
Үшінші сынының түрі мынау екен: Қалдан Шеріннің тоқсан сәргердесі бар екен. Бәрін қаз қатар үй жағалай отырғызыпты. Өзі тақтан түсіп, сәргерделерінің біреуі есепті болып отырыпты. Төрден босағағаша жан отырарлық орын қалдырмапты:
— Және кіріп келгенде, ешбірің қағылып, орын беруші болмаңдар, — депті. Қалдан Шеріннің тағы болады екен. Тақ үстінде тастан жасаған, жеке ханның өзіне арналған «Құдайы» болады екен.
Абылай хан кіріп келсе, тақ тұр. Оның үстінде кісі жоқ, тастан жасалған құдайсымақ тұр. Үйге кіріп барғанда жан-жағына жалтақтап қарамастан, тақ үсті бос тұрғанын көріп, тұпа-тура барып таққа мініп, Қалдан Шеріннің орнына отырып алды дейді.
«Құдайының» қасына барып отырып алған соң қалмақтар қауқылдасты. Сонда Абылай айтты дейді:
— Жақсы кезекке таласады, жаман отыратын орнынан адасады. Отыратын орнымнан адасатұғын мен жаман ба? Бұл орын Қалдан Шеріндікі еді. Оның құты қашты да, менің әруағым басты. Тақ үсті хан орны болады. Бұл орынға қалмақтың ханы Қалдан Шерін отырмағанда, қазақтың ханы Абылай хан отырмағанда, шайтан отыра ма? — деді дейді.
Қалмақтар өзді-өзі бір-біріне қарасып:
— Бұған не айтамыз? «Аталы сөзге арсыз таласады» деген. Орын кетсе, кетсін, ар кетпесін, — десті.
Қалдан Шерін өзін танытпаймын дегенінен ұрылып қалғанын білді:
— Уа, Абылай, Сәру қайда? — деді.
— Сәрумін деп Сәру айтпады, кеспеймін деп қару айтпады, — деді. Қалдан Шерін жауап қайтарып, дәнеме дей алмады.
— «Қолға түстім-ау, пенде болдым-ау!» деп ойыма дәнеме келмейді. Сәруді мен қан майданда жекпе-жекте өлтіріп едім. Сен аты қалмаққа сауын айтып, әскер жібергенде, мен дін мұсылман баласына хабар айтып, Сәруше қан майданда өлмей, қапыда ұйықтап қалып, ұрланған мал есебінде қолға түстім-ау! Өліп кетсем, төрт атадан бері қарай жалғыз едім, балам жоқ еді. «Бір өзім емес төрт жанның тұқымы құрығаны ғой» дегенім болмаса, — дегенде Қалдан Шеріннің басы төмен салбырап кетіп:
— Мен де өзіңдей... келген жан едім. Бұ дағы менің мынау Ежен қарағым, бөбегім сықылды.
Абылай: «Алдияр хан, төреңе құлдық», — депті.
Қалдан Шерін: «Сен қуанғандай, не төре тиіп қалды?» — депті.
Абылай: «Мені алдыңда отырған көзің ағы мен қарасындай балаңа теңедің. Балаңды өлтіресің бе?» — депті.
Қалдан: «Жарайды, жөн», — депті.
Өзге жұртты тарқатып, Абылайды оңаша алып қалып, Еженді бір тізесіне отырғызып, Абылайды бір тізесіне отырғызып, мәре-сәре болысып, «құлындағы сақау, құнандағы тісеуден» түк қалдырмай айтысып отырып:
— Қазақта қой көп пе? — деп сұрапты.
— Көп, — депті. Қалдан:
— «Қой — ұры, қойшы — өтірікші» деген, ауыл үйдің арасынан ұсақ жанжал үзілмейді десейші! — депті.
— Қазақта сиыр көп пе? — депті.
— Көп, — депті.
Қалдан:
— Қазақтың баласы айранға сүйеніп, еңбекке еріншек, ақымақ болады десейші, — депті.
— Қазақ егін сала ма? — депті.
— Жоқ, — депті.
Қалдан:
— Адам баласы ег[ін] салып, жер емшегін ембей, жерге бауыр баспайды. Әлі де неше төңкеріс басынан кешеді екен, — депті.
Екеуінің әңгімесі таусыла ма, Аюкенің қызынан туған Топыш сұлуды Абылайға беріп, қазақтан өткен заманда олжаға түскен, өсіп-өнген бірталай жанды Абылайға байлап, көшкен елдей қылып қайтарыпты.
Кенесары, Наурызбай әкесі Қасым осы (Топыш) сұлудан туады.
Сонан кейін қалмақ Қалдан Шерінмен қас болып, не қылса да, көп тұрғызбай, көзін жояды. Жалғыз баласы Еженді көзін қыздырып ұстап, екі көзінен айырып, су қараңғы қылып қоя берген. Сонан соң қалмақ оңған жоқ. «Ханын қалмақ жаулаған, сөйткен қалмақ оңбаған» деген
сөздің мәнісі — осы.
Топыш сұлудың бауырлары — Қырғын, Күш Абылайға қашып келіп, паналап, олардың үрім-бұтақ, жұрағаты — Атбасар үйезінде, Терісаққан бойында, Қарақұйын, Қашырлы еліндегі қалмақтар деседі. өсіп-өніп кеткен бірталай жан.
Абылай хан «бәрін — Топыш Қырғи, Күштерді бұл жаққа жібермесін» деп қалмаққа көшіріп жіберген екен. Олардың бұл жақта жүргенде, туған балалары қазақ ішінде қалып, қалмақ атында өсіп-өнді. Абылай ханнан кейін олар тағы қалмақ ішінде тірлік қыла алмай, бұл жаққа ауып келіп, төрелерге төлеңгіт болып, «төлеңгіт» атанып өсіп-өнді қанжығалы ішінде.