Адам өмірінің мақсаты.4
Біреуді сүю адамның барлығына тән қасиет. Сүйіспеншілігін қанағаттандырмай ешкім де бақытты бола алмайды. Егер біз сүйіспеншілігімізді шектейтін болсақ, ең жоғарғы қанағатқа жете алмаймыз. Адам баласы өмірінің алғашқы кезінде әуелі ата-анасын жақсы көреді, сонан кейін ағалары мен қарындастарын, ал өсе келе өзінің отбасын, қоғамын, Отанын, халқын немесе тіпті бүкіл адамзатты жақсы көруі мүмкін. Бірақ бүкіл адамзатқа деген махаббаттың өзі сүйіспеншіліктің шыңы емес. Махаббаттың ең жоғарғысы не екенін білмей біз ол шыңға көтеріле алмаймыз. Бұл шыңды «Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» деп Абай бабамыз көрсетіп отыр. Бұл – ләззаттың шыңы.
Егер біз тек Алланы ғана сүйетін болсақ, онда басқаларды сүю қайда қалады? Бұл сұраққа Абай үшінші тұжырымында жауап береді. Ол «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп және Хақ жолы осы деп әділетті» дейді. Ендеше Алланы сүйген адам Оның жаратқандарының барлығын сүйеді. Бұл – Алланы сүюге жету жолы. Оған жету оңай емес екенін үлкен ғұламалардың барлығы да растайды. Ол әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан Алланы сүю үшін әуелі Оның жаратқандарын сүюге ұмтылу керек. Себебі Алла тағала дегенде біз жаратқандарын Оның Өзінен бөлмеуіміз керек. Айталық, Мұхаммед пайғамбарымыздың сахабалары Алла тағаланың жаратқандары арқылы Алла тағаланың Өзін көретінін айтқан. Бұл күн сәулесін көру арқылы күннің өзін көрумен бірдей. Алла тағала біздің сезімдерімізден сырт жатқандықтан, бізге Оны көріп, бірден төте сүю қиын, сондықтан Оның жаратқандары – адамзатты сүю арқылы түпкі мақсатқа жетеміз. Сөйтіп Алланы сүйген адам бүкіл адамзатты сүйеді.
Екінші жағынан алғанда, Алла тағала барлығын жаратушы болғандықтан, ол бұл әлемнен ештеңеге, ешкімнің құлшылығына мұқтаж емес. Яғни Оның Өзіне ешкімнің қызметі қажет емес. Бірақ Ол шексіз мейірімді. Сондықтан Ол осы фәни әлемнің құрсауында азап шегіп жүрген пенделерін кейін қарай Өзіне қайтарып алғысы келеді. Ендеше кім жан иелерін қайтару үшін адамзаттың бәрін сүйіп, оған қызмет қылса, сол Оның сүйіктісіне айналады. Бұл туралы Абай былай дейді:
Мазлұмға[i] жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.
Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп көк итті күнде жемек.
Ғадәләт[ii] пен мархамат[iii] - көп азығы,
Қайда көрсе, болып бақ соған көмек.
(«Көк тұман – алдыңдағы келер заман», 1897ж.)
Абай ойы бойынша бұл әлемдегі қасіретке ұшыраған адамдарға (мазлұм) жаның ашып, ішің күйіп жақсылық істесең, оның қамын ойлаған Тәңірі де Мен сүйгенді сүйді деп сені сүйеді. Бірақ жақсылық жасаудың да өз жөні бар. Жақсылық түрі барлық адамға бірдей болмайды. Олар адамның мұқтажына байланысты әр түрлі. Айталық, бір адамға қарын тойдырып, тән құмарын қандыру үшін бір тілім нан керек болса, ал екіншісіне жан құмарын қандыру үшін Құдай туралы әңгіме керек. Ал бұлардың өлшемі – барлығына керекті әділет (ғадәләт) пен рақымдылық (мархамат). Адам әрбір харекетінде осылар тұрғысынан шықса қателік жібермейді. Харекеттің ең жоғарғысы – адамға рухани білім беру арқылы Құдай жолына түсіп, оны Түп Иеге қайтару.
Біреуді сүю оған жақсылық жасау арқылы білінеді. Яғни сүю деген – сүйген адамға жақсылық жасау деген сөз. Тіпті қандай адам болса да оған сүйіспеншілікке жету үшін әуелі оған жақсылық істеуге ұмтылуымыз керек екені белгілі. Сонда ол да бізді бағалап, өз кезегінде сондай жақсылық жасап, өзара сыйластық, сүйіспеншілік қатынас орнайды. Осыдан адамзатты сүю үшін адамдарға жақсылық жасап, оған қызмет қылу міндеті туады. Сөйтіп адамдарға қызмет қылу арқылы бүкіл адамзаттың сүйіспеншілігіне бөленуге болады. Ендеше адамзатты сүйіп, Түп Иеге қайту жолы – адамдарға қызмет қылу.
Адамзатты сүю адамдардың қарым-қатынасын анықтайтын гуманизм негізі болып табылады. Данышпан гуманизмнің түпкі мәнін осылай ашып, маңызын көрсетеді. Гуманизмнің бір тірегі – адамдардың арасындағы достық, сүйіспеншілік. Бұл сүйіспеншілікті де адамдарға қызмет ету арқылы жетілдіріп, адамдардың барлығы да бір-бірімен дос дегенін сезіне аламыз. Абай адамдардың бір-біріне не себептен дос екенін отыз төртінші қара сөзінде былай деп түсіндіреді:
«Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десе», дүниеде жүргенде – туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей, ахиретке қарай – өлуің, көрге кіруің, шіруің, махшарда сұралуың – бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне хаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатын бәрі бірдей екен... Біріңе бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің...». Осылай ойшыл адамдардың барлығы бір-бірінен артықшылығы жоқ, бәрі бірдей, сондықтан адам баласына адам баласының бәрі дос екеніне дәлел келтіреді. Осыдан Абайдың гуманистік идеясы Жоғары Рух мүддесіне негізделгенін, тереңнен тамыр алғанын білеміз.
Абай осы үш сүюді имани гүл деп атап, оның шын ойласаң дін де, тағат та (Аллаға ғибадат қылу) болатынын айтып, екі дүниеде (рухани мен материалдық дүниеде) бұл «тасдиқ (шындық) – Хақтың (Құдайдың) досы» деп Алла тағаланы сүйіп, адам өмірінің мақсатына жетудің маңызын баса көрсетеді. Алланы сүйген адам барлық мақсатқа жетеді. Ондай жоғары деңгейде адам баласы өзінің материалдық әлемдегі барлық міндетінен арылады. Оған Құдайға ғибадат қылу да, дін жолын ұстану да жетілу үшін керексіз болып қалады. Ол өмірдің негізгі мақсатына жетті. Бұл барлық мақсатқа жетті деген сөз. Бірақ Абай отыз сегізінші сөзінде «Бірақ әулиелердің де бәрі бірдей тәркі дүние[iv] емес еді» дейді. Ондай адам өмірдегі міндетін енді басқаларға үлгі көрсету үшін орындайды.
Осы арада тағы бір ескеретін мәселе – Абайдың «Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» деген қағидасының барлық діни конфессияларға ортақ тұжырым екендігі. Бұл – бүкіл адамзатты, оның ішінде түрлі діндер мен құрылымдарды бір-біріне жақындастыратын, барлығына ортақ қағида. Өз мағынасында дұрыс қабылданғанда бұл мүдде адамзаттың бір мақсатқа бағынып, ортақ тәртіппен өмір сүруіне мүмкіндік беретін күш болады. Адамзат қоғамындағы саяси да, әлеуметтік те өмірдегі үйлесімділік кепілі осында жатыр. Бірақ бір қарағанда қарапайым тәрізді осы түсінікті өмірде іс жүзінде қолдануды фәни өмірдің сергелдеңі қиындатып жібереді.
Өмірдің түпкі мақсатына жету өте күрделі, Абай сөзімен айтқанда: «Бұл жол – бек шетін, бек нәзік жол». Бұл – Құдайға құлшылық жолы.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
[i] Зұлымдыққа ұшыраған адам
[ii] Әділет, шындық
[iii] Рақым, жақсылық, жаны ашушылық
[iv] Дүниеден безген