- 07 там. 2022 00:00
- 197
Аэропланнан құр қалмайық
Россиядағы қазіргі әуе кемелерін даярлап беріп, жүргізіп тұрған «добролет» деген ұйым осы алдымыздағы тамыз айының 20-кезінде даяр болатын 12 аэропланның бірін Қазақстанға бермек. Бірақ бергенде, текке бермейді, ақшаға сатып береді. Сол айтылған тамыздың 20-да аэроплан аларлық ақша жиналып «добролет» ұйымының қолына беріліп қойылмаса, Қазақстанға айтылған аэроплан берілмей, басқа біреуге беріліп, Қазақстан құр қалуға мүмкін. Өйткені қазіргі уақытта қатынас хабарға ен жақсы көлік аэроплан болғандықтан, аэроплан алу үшін ақша жинап, аэроплан даярлайтын «добролет» ұйымына ақшаларын тығушылар көп. Сүйтсе де оған қарамай, сол тамыздың 20-на шейін ақша тапсаңдар Қазақстанға бір аэроплан берейік деп, бізге уәде қылып отыр.
Түнеу күнгі ретте аэроплан алу үшін Қазақстанның әр тарау шаруаларын басқаратын аймақтың 4 мекеме орталарынан ақша шығарып, бір аэроплан алмақшы болған еді. Бұлар Қазақстанның еңбек қорғау мекемесі, азық-түлік мекемесі, мемлекет-сауда мекемесі әм шаруа-кәсіп мекемесі.
Бұлардың шығарған ақшалары 16 мың сом алтын еді. Бұл шығарған ақшасын айтылған 4 мекеменің кейбіреулері ауырсынып бере алмады әм тәуір аэропланның бағасы 16 мың сом алтыннан көбірек болды.
Аэроплан әсіресе жері кең, шалғай, темір жолы, телеграмма, телефоны жоқ, бар болса нашар, кеме жүретін суы жоқ біздің Қазақстанға өте қажет екенін жұрт білсе керек. Кейбіреулер автомобильді айтар.
Автомобиль судан өте алмайды, таудан аса алмайды, жол сызбен жүре алмайды. Дауам жолмен жүретін болса да 4 аяқты жорғалаған хайуан тәрізді.
Ал аэроплан — құс.
Кұс болғанда қанаты талмайтын, денесі құрыш, ертегідегі «самұрық құс» тәрізді жүйрік, күшті әм ұшқыр құс.
Аэроплан — Қазақстанға өте керек көлік.
Бұл туралы Семейден басқа біздің Қазақстанның өзге жерлері үндемей жатыр. Басқа губерниялардағы іс басындағы жолдастардың не қылып жүргенін біз білмейміз. Қазақстанның әр губерниясы шындаса бір-бір аэроплан алуға да шамасы келеді. Бірақ іс басындағы жолдастар үндемейді. Не бұл жалпы Россия құрамасының кірісіп жатқан ісін естімеген тәрізді, не керек қылмаған тәрізді. Не, не қыларын білмегендіктен үндемей жатқан тәрізді. Көп ақша ғой, жинай алмаймыз деп қорқатындар да бар шығар. Бірақ ол қате, «көз қорқақ, қол батыр» деген, шындап кірісіп істей бастаса болмай қалатын нәрсе жоқ. Бұған губерниялардағы әлеуметшілікке кірісіп жүрген талапты жігіттер шындап енді тезінен кірісуі керек.
Жинаған ақшалары өздері аэроплан сатып алуға жетпейтін болса, ақшаларын мұнда Орынборға жіберулері керек. Біз аэропланды жалпы Қазақстан үшін аламыз. Бірақ ақшаларын жинасымен бағасы түспес үшін тез жіберіп отырулары керек.
Аэроплан — кейінгі келешек жас буынымыздың қанаты. Қазақстанның келешектегі қанаты үшін, әлеуметшіл жолдастар, күштеріңді аямаңдар!
Асығу керек! Аэропланнан құр қалмау керек!
1923 жыл