- 07 там. 2022 00:00
- 185
Кеңес сайлауларында сақ болу керек
Қазақстанда Кеңестер сайлауы кей жерлерде болып жатыр. Кей жерлерде болайын деп жатыр.
Кеңес үкіметі жалпы еңбекшіл табының үкіметі екендігі революциядан бері айтылып та келеді, жазылып та келеді. Қазақ еңбекшіл табы тәрізді білім ретінде артта қалып, өз тізгінін өзі толық қылып ала алмай келе жатқан халыққа: «Кеңес үкіметі жалпы еңбекшіл табының үкіметі, өз үкіметіңді өз қолына ал, кеңес сайлауларында сақ бол. Байлардан қорғалама, ауылдық, болыстық әм одан жоғарғы кеңестерге байлар әм байларды жақтаушылар кіріп кетпесін» деп әр уақытта айтып отыру теріс болмайды.
Кеңес үкіметі орнағаннан бері бұл сөз айтылып келе жатса да, қазақтың еңбекшіл табының көбінің надандығынан, білімсіздігінен, қорғалақтығынан ауылдық, болыстық әм жоғарғы кеңестерге байлар әм байларды жақтаушылар сайланып өтіп кетіп, ел ішінде үкімет байлардың қолында болып келеді.
Баяғыдан бері ел билігі байлардың қолында болып келді. Сол заманнан бері байлардың қолында бекініп қалған билікті аз уақыттың ішінде жұлып алу, әрине, оңай іс емес те. Бірақ олай болғанымен бос отыруға болмайды. Ел билігін байлардың қолынан әбден түбінен қопарып жұлып алу үшін еңбекшіл таптың екпінді рухы, жалпы ұйымы, күш-қайраты керек. Еңбекшіл таптың көзі ашық шын азаматтарының қажымас қайраты, тізе қосқан бірлігі әм өте қатты сақтығы керек.
Қай заманда болса да бір таптың үкіметі құрылғанда, сол үкіметтің негізі, іргесі мықты болса, іргесі, табаны орнықты, берік болса, сол үкімет күшті, икемді болмақ әм ондай үкімет өзінің табына таяуырақ болмақ. Ауылдық, болыстық әм уездік исполкомдар, — еңбекшіл табының үкіметі Кеңес үкіметінің негізі, Кеңес үкіметінің іргесі. Үйдің іргесі мықты болса, жоғарғы үсті де мықты болмақ. Іргесі нашар болса, ол іргеге салынған үсті де нашар болмақ.
Міне, осыны еске алып қазіргі болып жатқан кеңес сайлауларында қазақ еңбекшіл табы енді қорғанбай, жалпы жұмылып сайлау істеріне кірісіп әм еңбекшіл табының «шын қорғаушысымын» деп жүрген азаматтар исполкомдарға байларды қорғайтын бір адамды да кіргізбеулері керек.
Еңбекшіл тап, өзің берік болсаң, өзің бірауызды болсаң, өз тізгініңді, ел билігін өз қолыңа ала аласың! Кеңес сайлауы — еңбекшіл табының шын қорғаушысымын деп жүргендерге үлкен сын.
1923 жыл