
- 14 там. 2025 09:07
- 19
Алматы–Астана бағытындағы Air Astana рейсі Балқаш маңында төтенше жағдайға тап бола жаздаған
12 тамыз күні Алматыдан Астанаға бағыт алған Air Astana әуе кемесінде жолаушылардың зәре-құтын қашырған жағдай орын алды. Оқиғаға куә болған жолаушы Threads әлеуметтік желісінде жазғанындай, ұшақ Балқаш маңында ұшып бара жатқанда қатты турбуленттілікке тап болып, кенет төмен құлдыраған.
Әлеуметтік желідегі жазба авторы сол сәтте 7 айлық сәбиімен және кенже сіңлісімен бірге болғанын, ең алдымен баласын қалай қорғайтынын ойлағанын жеткізген. Оның айтуынша, бортсеріктер жолаушылардан үстелшелерін жинап, орындықтарын тіктеуді, сондай-ақ биік өкшелі аяқ киім мен әшекей бұйымдарын шешуді сұраған.
Экипаж қону кезінде қатты соққы болуы мүмкін екенін ескерткеннен кейін, жолаушылардың арасында жылағандар, жақындарына қоштасу хабарламаларын жазғандар болған. Алайда ұшақ Алматы әуежайына еш кедергісіз сәтті қонған. Компания тарапынан ресми түсініктеме әзірге берілген жоқ.