apple.com
- 21 сәу. 2026 08:00
- 32
Apple-да басшылық ауысты: Тим Кук орнын Джон Тернуске берді
Apple компаниясында басшылық ауысты. Бұл – Стив Джобстың өлімінен кейінгі ең ірі кадрлық жаңалық болып отыр. Енді компанияны аппараттық жабдықтар бөлімінің бұрынғы басшысы Джон Тернус басқаратын болды. Бұған дейін бұл қызметті атқарған Тим Кук басқарма төрағасының орынбасары қызметіне ауысты.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа басшы кім?
1 қыркүйектен бастап Джон Тернус Apple компаниясының бас директоры қызметін атқарады. Ал Тим Кук атқарушы төраға ретінде компанияның дамуына атсалысады. Кук жазғы кезеңнің соңына дейін Тернустың жұмысын үйлестіріп, ауысу процесінің оңтайлы өтуіне жағдай жасайды.
Тим Куктің еңбегі
Тим Кук 2011 жылдың тамызынан бері Apple компаниясын басқарып келді. Оның басшылығымен компания акциялары 20 есе өскен. Оны 1990 жылдардың соңында Стив Джобс компанияны банкроттықтан құтқару кезінде жұмысқа шақырған болатын.
Болашаққа жоспар
Қазіргі таңда жасанды интеллект (AI) саласындағы өзгерістерге байланысты Apple компаниясы бұл бағыттағы жұмыстарын жеделдетуі тиіс. Siri 2011 жылы ерте іске қосылғанымен, компания әлі күнге дейін AI саласында елеулі жаңалықтар ұсына алған жоқ. Ал OpenAI сияқты жаңа ойыншылар жүздеген миллион пайдаланушы жинап үлгерді. Сонымен қатар, Apple ең қымбат компания атағынан айырылып, Nvidia-ға жол берді.
Кук өзінің бас директорлық қызметінде болғанына қуанышты екенін, компанияны «бүкіл жүрегімен сүйетінін» айтып, командасына алғыс білдірді.