Ақ сағымдай сағыныш
Алып таудан алыстаған сайын оның зор еңсесі анық аңғарылары бар. Күні кеше ортамызда жүрген, жалынды жырларымен, ғажап талантымен "пенделердің" көңіліндегі қызғаныш отын өршіткен ақын ағамыз Мұқағалидың арамыздан кеткеніне де 16 жыл болыпты, туғанына 60 жыл толыпты дегенге де сенгің келмейді. Егер ол жарық дүниеде бар болса, өмірінде көп көрмеген қошеметті, сый-сияпатты осы жолы көрер ме еді, көрмес пе еді...
— Күндердің күнінде мен туралы сендер айтатын боласыңдар. Айтасыңдар әлі. Және де талайлар мойындайды. Әрине, мені емес, талантымды мойындайды. Мен бұған сенемін, дер еді Мұқаң шабытты бір шағында.
Қашанда жақсыдан ажырап қалып, жүйріктен адасып барып жоқтайтын халықпыз ғой. Енді міне, ақын өміріне байланысты ойымызда жүрген мөлтек сырды өз замандастарымызға боямасыз жеткізсек дейміз. Кейде қайсыбір жастардың Мұқағали жайлы тым жалпылама, оны айтасыз, қоспасы бар жасанды әңгімелер айтқанын есгігенде, өзегіме от түскендей болады. "Шіркін-ай, деймін. Өзге арқылы орайын тауып өзін көрсетуге тырысу дейтін пәле бізге қайдан жұқты?!"
Ауызекі әңгімелерде көбіне ақынның еркелігі немесе тентектігі, сусын-шарап жайы көбірек соз болады. Ал Мұқағалидың ешқандай оқу орнын бітірмей-ақ, терең білім жинағаны, шалғайдағы ауылда өссе де орыс тіліне соншалықты жетік болып, сол арқылы әлем әдебиетінің жауһар мұраларымен сусындағаны жайлы ескерілмей жүр. Мұқағалидың жастарды жанындай жақсы көретіні, оларға сенетіні, соларды мият тұтатынын айту жағы кемшін. Кейбір жап-жас азаматтар: "Мұқаңмен бірге сыра ішкенде..." деп бөсіп тұрғанда, "сені сол киелі ақынның аруағы ұрсын" дегім келіп кететінін несіне жасырайын. Өйткені Мұқағали өзінен кейінгі інілеріне арақ-шарап ішуді емес, адал өмір кешуді, ары үшін жанын беріп күресуді үйреткен ақын. Ол азулылармен алысқанда да ары мен намысын қорғап алысқан болатын.
1967-жыл. Алматыға оқуға бармақшымын. Астанада ең болмаса етене жақын бір туысымның жоқтығын ойлап, қатты қысылып жүрдім. Аудандық газетте істеп жүрген кезім. Мен істейтін бөлімнің меңгерушісі, Мұқағалидың ауылдасы, ақын Еркін Ібітановке жағдайымды айттым.
— Әй, бала, — деді Еркін, маған тілдей қолхатты ұстатып жатып,— Алматыда Мұқағали деген ағаң бар. Мұнда мекен-жайы жазулы. Жастарды жанындай жақсы көреді. Менен сәлем айт. Ар жағын көрерсіңдер.
Бұрын бірер жыр кітабын оқып, көрсем деп армандап жүрген ақын үйінің табалдырығын түңғыш рет аттап тұрмын. Ол кезде Мұқаң Интернационал көшесінің 129-үйінде бірінші қабаттағы 20-пәтерде тұратын. Есікті Лашын жеңгем ашты.
— Мұқағали, сені бір бала шақырып тұр...
Ар жақтан кең жауырынды, бүркіт қабақты, нарттай қызыл шырайды, алып денелі ақын келе жатты.
— Ассалаумағалейкүм, аға.
— Әй, мынау ауылдың баласы-ей. Әлейкүмсалам. Қане, кір бері...
Қысылып-қымтырылып отырып Нарынқолдан келгеніңді, бір жыл аудандық, газетте қызмет істегенімді, мына қолхатты Еркіннің бергенін айттым.
— Жігіт. Бір жыл қызмет істедім де. Ал енді ауыл жайлы айтшы: Әлекең қалай? (Мұқағали аудандық,газетте істегенде тұңғыш өлеңін жариялаған редактор Әлнұр Мейірбеков) Еркін жалқау не істеп жатыр?Насыбайын ата ма? Жайлау сәніне кіріп-ақ тұрған шығар, ә? Қайран, Шалкөдем-ай!..
Жағын таянып ойланып, үнсіз отырып қалды.
...— Сөйтіп журналист боламын де. Бола ғой; Сендердің болғандарың керек маған. Әлде кімге пәре беріп шабылма. Білімің жараса түсерсің. Жолың болмаса қайтарсың ауылға. Ана редактор Мейірбековтеріңнің өзі бір университет қой. Көп оқу керек, бала. Оқытын кезің осы кез. Алдымен құдайға, одан кейін өзіңе ғана сен. Ұқтың ба?!
Мұқаңның кеңесі бойынша университеттің қайда екенін, документтерді кімге қалай өткізетінін тәптіштеп біліп алдым.
— Сонымен, бауырым, ертең сағат 11 шамасында университеттің Киров көшесіндегі бас корпусында кездесейік. Сол жерде ақылдасамыз, — деді.
Айтқан уақытта, айтылған орында табыстық, Мұқаңның жанында екі бетінің ұшы алмадай қып-қызыл, қаймақ ерін, сап-сары жігіт тұр.
— Кәне, танысып қойындар, мына баланың аты —
Кеңшілік. Әйбәт ақын. Тек оқуы озбай жүр зәнталақтың. Бір түседі, бір шығады. Тағдыры қызық өзінің.
Кеңшілік ырсиып күледі. Ұялған болады. Сөйтіп екеуміз танысын та үлгердік. Қабылдау комиссиясына документтерім де етіп кетті. Мұқаңның үйіне қарай жаяу келе жатырмыз.
— Әй, балалар, — дейді Мұқаң.— Екі жағымда келе жатқан екеуің бейне менің қос қанатымсыңдар. Ендеше, неге ұшпаймын мен бүгін!
Салқын бак, арасында сәл бой жазын отырын, Мұқағали ақын жаңадан үлкен дастан жазып біткенін ерекше бір мақтанышпен айтты.
— Әй, айтпақшы, әлгінің аты "Қос қанатым менің;". Ой, алла-ай, сұмдық, тез жазылды.
Әңгімеге әлгінде ғана танысқан сары жігіт араласты.
— Мұқа, қос қанат дегеннен гөрі қанаттарым менің десеңіз қайтер еді? Алғашқыңыз біртүрлі сияқты.
Мұқаң селт ете қалды.
— Айттым ғой. Мынау — ақын. Тауып отыр. Шынында да қос қанат дегенді орысшаласаң сүреңсіз болын шығады екен, ә? Қанаттарым менің, — деді ерекше бір сүйсініспен.
— Сендер сыра ішіңдер. "Ақын ішеді" дегенге еліктеудің көк тиынға қажеті жоқ. Мен ішсем іс тындырын, өз отыма күйіп ішемін. Сендерге не жоқ! Арақ не тендерің! Кітап оқыңдар. Өздеріңді өзгелермен салыстырыңдар. Осал жерлеріңді іздеңдер!..
Ақын нөсер алдындағы бұлттай түйіліп, алабұртып отыр.
Мұқағали ақынның "Дариға-жүрек" кітабы шыққан жыл. Тағы да ауылдан келгем. Мұқаңмен Жазушылар Одағының алдында күтпеген жердей ұшырастық, Сәл бір нәрсеге тарыққандай, әлдекім намысына тигендей буырқанып тр екен.
— ...Шіркін-ай! Қайран ауыл-ай! Қарасазым-ай?! Сағынғаным-ай! Ауыл жайлы әңгіме айтшы, — дейді.
Мен бірнеше кітап дүкендерінен "Дариға-жүректі" таба алмағанымды айтын, үйде бар болса біреуін бермейсіз бе деп қолқа салдым.
— Осы ел өзімнен қашады. Кітабыма неге сонша құмар, ә! Көңіліңе алма, бала. Саған айтып тұрғаным жоқ. Сен сияқты құлыншақтарыма тауын беремін. Жердің астынан болса да табамын. Жүр, кеттік, — деді.
Бас почтаның тұсынан өте бергенде қаршығадай шағын денелі, мұрнының астыңда ғана титімдей мұрты бар, басына берет киген өңі сұстылау бір кісі бізге қарай жүрді.
— Әй, Мұқа! Мұқашым-ай! Бағың бар жігітсің ғой. Құдай біледі ауылдан інің келіп, өрісің кеңіп, жайылымға шығып барасың, ә шіркін, — дейді әлгі кісі.
— Қойшы осы сен, Тоқа. Жұдырықтай бала ғой, қайдағы жайылымға апарын жарытар дейсің. Маған кітап тауын бер деп жабысып тұрған жоқ па.
Жаңағы өңі сұсты, ноқат мұртты кісі — Тоқаш Бердияров екен. Неге екенін қайдам, Мұқаңның әлгі жерден тез кеткісі келді. Ал әлгі адамның қалғысы жоқ.
— Әй, Мұқаш! Күн болса ыстық. Жоқты іздемес бұрып алдымен сусын ішіп алғандарың жөн шығар, — деп астарлы әзіл тастады.
— Сусын ішетін теңіңді тапқан екенсің. Бала ғой бұл деген. Пастер көшесіндегі (қазіргі Мақатаев) көк базардың қарсысындағы бір кітап дүкеніне кірдік. Сатушы — қазақ, қызы екен. Жап-жас. Қос бұрымы иығынан төгіліп тұр. Өңі де соншалық жып-жылы. Мұқаң әлгіге жақындап келіп:
— Қалқам, Мақатаев дегеннің "Дариға-жүрегі" бар ма? — деді.
— Елу шақты дана түсіп еді, бір-ақ, күнде өтіп кетті, аға. Бұдан бұрынғы кітабы да сөйткен дейді, осында менен бұрын істегендер.
— Ең болмаса бір талы жоқ па? Өздеріңе қалдырғаны болса да берші біреуін мына балаға.
— Үшеуміз үшеуін алғанбыз. Үйге апарып тастадық, аға. Оны қайтарын бере алмаймыз. Кітапты оқып көрсеңіз ғой! Қандай ғажап.
Ақын біртүрлі нұрланып кетті. Қуанып тұрған сияқты.
— Ойпыр-ай, ә. Онда әлгі Мақатаевтың тәп-тәуір ақын болды ғой, шырақ?..
Артынан мәз болын кеп күлді-ай дейсің. Қыздар аң-таң.
Мұқаң дүкенші қызға жақындады. Құлағына бір нәрсе деп сыбырлайтын сияқты. Қыз жақындайын десе, ұялын, жақындамайын десе әбес болар деп аңғарылын қалды.
— Келе ғой, қалқам. Ақ қозыдай болған көркіңнен айналайын. Бұрымыңды қима. Мақұл деші. Қимай-ақ, қой. Әлгі Мақатаев деген ағаң мен боламын, шырағым.
Сатушы қыз аузын ашып, таң-тамаша қалды.
— Жүр, кеттік. Басқа жақтан іздеп көреміз. Райымбек атаң жатқан көшедегі кітап дүкенін білуші ме ең?
Не керек, үш-төрт жерге барып жүріп "Дариға-жүректі" және біраз жақсы кітаптар таптық,
Енді ойлап қарасам, алып ақынның жүрегі баладай нәзік екен ғой. Егер ол мансаптың құлы болса қайдағы бір ауыл баласымен жарты күн әуре болар ма, кім білсін, өзінің өлеңін қадір тұтқан адамды ардақтап өтуді парыз санады ма екен.
Есте қалатын тары бір кездесу Нарынқолда болып еді. Күз кезі. Автостанция маңы. Мұқаңның қаладан келген беті екен. Шаршаңқырағаны байқалады. Әлде бір танысын іздегендей, әр жаққа жанарын қадап тұр екен. Әдейі барып амандасып жатырмыз.
— Әй, балалар! Әлгі менің бажамды білесіңдер ғой. Кезімбеков Дігәрбекті айтамын. Соның үйіне жеткізіңдерші мені.
Екі-үш жігіт ақын ағамызға ілесіп, көше бойлап келеміз. Төрт жолдың қиылысындағы жолымызды кесіп бір әйел өтіп бара жатқан. Мұқаң шарт бұзылды.
— Әй, қатын!.. Кеспе жолымды! Атаң қазақ, бола тұрып, үш бірдей жігіттің алдын орайтын кім едің! — дегенде әлгі әйел состиып тұрып-ақ қалғаны. Не өтерін, не кетерін білмей есі ауды бейшараның. Әлгінің алдын кесіп өтіп бара жатын ақын тағы да жалт бурылды.
— Қатты айтты деп сөкпе, шырақ. Ата салтын сақтау керек. Өзің сияқтыларға айта жүр, — деді де жүріп кетті.
Осы сапарында ол аудандық газетте істеген кезде редактор болған Әлнұр Мейірбековтың, туған бажасы Дігәрбек Кәзімбековтың, басқа да ағайын-туыстарының үйінде болып, аунап-қунап қайтты...
Арада айтулы жылдар, айлар өткеннен кейін Мұқағалидың қатты сырқаттанып жүргенін Еркін Ібітанов ағадан естідік. Ақыры 1976-жылдың 27-наурызда жалған дүниенің жарығымен қоштасқан ардақты ақынға ақырғы рет қош айтып, бір уыс топырақ салуға тура келді.
Иә, өлең үшін өмірімен де, кеудесі өр, көңілі көр кейбір "пенделермен" де күресіп өткен ғажайып ақынның қай қырын айтып тауысарсың. Мұқағали туралы ойлағанда оның еркелігі мен тентектігі ғана емес, қарасаздың Қарасуындай мөлдірлігі, қазақ даласындай жомарттығы, баладай сенгіштігі, намысына шоқ түссе, жолбарыстай атылар айбаты, арлылығы, әсіресе өзінен кішілер алдындағы инабат-ізеті алдымен есіңе түсіп, жан-жүрегіңді елжіретеді. Бәрі жақсы аға, арқалы ақынға деген сағыныштан болар...
Айтақын Әбдіқалов