
- 19 там. 2025 08:44
- 8
Ақ үйде Трамп пен Зеленскийдің жабық келіссөзі өтіп жатыр
Ақ үйде Трамп пен Зеленскийдің жабық келіссөзі өтіп жатыр,-деп хабарлайды Инфохаб.кз.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде Украина басшысы Владимир Зеленскийді ресми түрде қабылдады. Қонағын Овальді кабинетте күтіп алған Трамп екеуара баспасөз алдында сөз сөйлеп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Америкалық лидердің айтуынша, Вашингтон Киевке «берік әрі сенімді қауіпсіздік кепілдіктерін» ұсынбақ. Ол Украинаны қолдау ісінде Еуропа елдерінің жауапкершілігі жоғары екенін ескертті. Дегенмен, АҚШ та елеулі үлес қоспақ. Бірақ нақты қандай көмектің қарастырылып отырғанын Трамп ашып айтпады.
Ресми бөлімнен кейін екі мемлекет басшысы жабық есік жағдайында келіссөз жүргізуге кірісті. Ақ үй дерегінше, кездесуде қақтығысты тоқтату және қауіпсіздік архитектурасы талқылануда.
Сонымен қатар, Трамп әңгіме барысында жақын арада Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесетінін жария етті. Бұл мәлімдеме халықаралық қауымдастықтың назарын аударып отыр.