Ақлима
— Апа! — деп басталыпты жауынгер хаты. Жалын атқан ыстық леп шыққан «Апа, апатайым!» деген сөздер дүние жүзіне айғай салып тұрғандай.
— Апатайым-ай, сағындым ғой, — дегеннен кейін тізіле қалған көп ноқаттар ыршып түсіп домалап-домалап кеткен көз жасына ұқсайды.
Мүмкін, хатты алқынып отырып, асығып жазған адамның булығып келіп алқымға тірелген сағынышы ағытылып шығарға сөз таппай, түйіліп қалып, көп ноқатқа айналған шығар! Мүмкін, анасын қатты сағынған баланың он беттік хат жазса да, бар айтары осы бір ғана сағындым ғой деген қуанышты күрсініс күйі болар.
Хатты алып тұрған Ақлима апайдың да жан жайлауы бір ғана сағыныш күйіне лық толы жүретін еді. Майданға кеткелі бес жыл болған жалғыз ұлы Қасымнан екі жылдан бері хабар жоқ-ты. Сондықтан ана жүрегі жел үрлесе де ызыңдап тұратын қатты бұралған домбыра шегіндей әрбір нәзік үнге қосыла кететін.
Хатты оқып тұрған жаудыраған қой көзді, сұңғақ бойлы Нұрила «сағындым ғой» дегеннен кейінгі көп ноқаттарға сүрініп кеткендей аз ғана кідіріп қалғанда, ана жүрегін бүрк етіп бұзып шыққан ыстық та ірі жас тамшылары стол үстіне тырс-тырс тамып кетті. Нұриланың да жаңа ғана ашыла бастаған қызыл гүлдей үлбіреген қызыл еріндері дір қағып, биік ақ маңдайы қызара қалып еді.
Үзілуге айналған үмітін қайта бір жалғап жіберу үшін келген хатты қолына алғанда, Ақлима апай «балаңнан» дегеннен басқасын байқаған да жоқ. Өз баласы Қасым туралы келген қара қағаз сандық түбінде жатса да, мәңгі үзілмес ана үміті — «балаң міне тірі табылды» — деп, торғайдай шырылдады. Жасқа толы көздерін көрші пәтердің террасасына жүгіріп шыға берген Нұрилаға бір жалт еткізіп қалып, Ақлима:
— Нұркеш-жан, бері келші, — деді қолындағы хатты көрсетіп.
Соғыс кезінде бір тілекті адамдар бір ғана түн бірге түнеп шықса да, бірінің қуаныш-қайғысына бірі оп-оңай ортақ болып қала береді. Осы пәтерде екі айдан бері көрші тұратын Ақлима мен Нұрила да көп сырларына ортақтасып кеткен жандар еді.
Биік өкшелі ақсұр туфли киген әдемі аяқтарын террасаның аралық жақтауларынан сылаң еткізіп бір-ақ ырғытты да, Нұрила дік етіп бері түсті. Нәзік қана қызғылтқа боялған ақ жүзі қуаныш сезінгендей, еркелей күліп кеп, Ақлиманың қолындағы хатты алды.
— Қуаныш үстінде жылайтын болсаң, оқымаймын, — деп, әуелі Ақлимаға еріксіз бір езу тартқызып алып еді, енді міне, «сағындым ғой дегенді оқығанда Нұриланың өз дауысы да қалтыраңқырап, аз ғана кідіріп қалды. Жұп-жұмыр аппақ мойнында көгілдір тартып тұрған екі күре тамырдың да лып-лып соққаны көрініп тұр. Өзегіңнен өтердей тіктеу қарайтын көздерінің жанары жасқа шыланып барады. Әр саламен ақса да әлдеқайда түйісіп қалатын өзен суындай, екі көңілдің төркіндес бір мұңы тоғысқалы келе жатқан сияқты. Дәл осы жерде екі әйелдің жүрегі де домбыраның екі шегіндей екі түрлі бұралса да бір күйге келіп, бір күйге қосылып тұр еді.
Хаттың бас жағы биік өрден тар ғана арнамен, апыр-топыр тік құлап түскен тау суындай, түйдек айтылған сағыныш күйі екен. Не, ақын айта алар, не болмаса, күйші ғана жеткізе алар мөлдір таза, тұнық сыр. Бұл күйді Нұриланың өзі де дауысын шығарып оқуға шыдай алмай, көз жүгіртіп қана өтті.
Одан арғы жағы ағын су жайылмасына жеткендей, кең жайылып, тыныш аққандай екен. Нұрила осы бір тұсынан бастап кетті:
— Апа, сені Қарағандыдан тапқаныма әрі қуандым, әрі қиналдым, — депті жауынгер. — Осы хатты жазар-жазбасымның өзі бір ауыр сын болды. «Ақадырдан» кездестіргім келіп, әуелгі хатымды сонда жіберіп едім, Қарағандыдан қозғалмаған екенсің...
— «Ақадыры» несі?— деп, Ақлиманың таңданып қалғанын Нұрила абайламады да, хатты оқи берді:
— Неге дейсің ғой, апа, бұл жерде. Оған кейінірек оралармын, әуелі аздап есеп берейін.
Құлағы хатта болса да, екі көзі Нұриланың жүз құбылыстарын бақылап тұрған Ақлиманың әлі айқын бояуларынан айрылмаған қайратты қара көздерінде «неге?» деген сұраудың тұрғаны да рас еді. Күдікті бір ой толқып келіп көз жиектеріне соққандай, көздері кең ашылып кетті де, ақсұрлау жүзі қуаң тарта қалды.
Мен бұл соғыста қырық екі мың тоғыз жүз қырық тоғыз километр жер жүрдім, апа. Кейін оралармын дегенімнің жауабы да сол қырық тоғызыншы километрде жатыр... Ұмытпасам... тап сол күні сенің де қырық тоғызға толған күнің еді. Сол күніңе арнап жазған хатым төс қалтамда келе жатқан. Бірақ ол хатты сен де алған жоқсың, өзімде де жоқ...
— Байғұс бала менің қырық төртке биыл толатынымды ұмытқан-ау... — деп қалды Ақлима. Мұнысы күдігі ме, әлде, жасын артық айтқанды ұнатпағаны ма, ол арасын Нұрила тағы аңғарған жоқ. Оның құлағына алыстан бір таныс үн келе бастағандай, өзгеге ойы бұрыла алмайтын халде еді.
— Бұл онша ұзақ та жол емес, апа: өзіміздің облысты он айналғандай-ақ, — депті жауынгер. — Екінші, сонша жер жүрсем де Берлинге жете алғаным жоқ. Үшінші, бұған поезбен жүргенім, ауада ұшқаным, танкімен жүргенім, ілгері жүргенім, кейін жүргенім бәрі қосылады. Арман сол соңғы қырық тоғызыншы километрден аса алмағанымда ғой! — дегеннен кейін жауынгердің өкінішті бір күрсінгені де естіліп тұрғандай еді.
Нұрила да күрсініп қалды. Сол күрсініс Ақлиманың ойына келе қалған күдіктерін жауып та кетті.
— Апа, қуаныш-қайғыға бірдей берік, ер болатын едің. Енді сол қырық тоғызыншы километрге оралайын. Мен сенен тудым ғой, сен де іркілмей ере бер, — деп, жауынгер бір сүйеніш айтқан жерінде, Ақлима апай бар күдігін ұмытып:
Құлыным, қарғам, Қасым-жаным! — деп қалды.
— Түн еді, апа. Үшінші түн еді. Күндізгі көп атыстан көтерілген көкала тұманның иісі әлі арылған жоқ-ты. Бұл түн менің ең соңғы көрген дүнием болғандықтан көп нәрселер әлі көз алдымда тұрады. Бұлтты тымық түнде шығыс жақ бетте ғана біраз жұлдыздар айқын жарқырап тұрды. Етектен көтерілген қорғасындай ауыр сезілген қара бұлт түнгі аласа аспанның уық қары шегінен асып, не тарамай, не шөкпей, өзеннің немістер жақ бетін қараңғылық дүниесіндей түнертіп әкетіп еді. Сол қараңғылық немістер жақтан ауды ма, жоқ па, мен оны білмеймін. Мен көрген соңғы сурет осы болатын.
Кейде қара түннің қарны жарылып кеткендей «бырқ-сырқ» етіп қалады да, кейде түннің шегі салбырап түсіп келе жатқандай, қызылды-жасылды ағып жүрген оқтар көрінеді.
— Үшінші түн еді дедім ғой, апа. Өзеннен өту үшін үш күн, екі түн арпалысып, арғы жағаға иек арта алмай тұрғанбыз. Арғы бет от белбеу, оқ топанымен қоршаулы тұрғандай аяқ салғызбайды. Оқ бораны өзен бетін жүндей түтіп тұр. Немістердің іргесін осы арадан бір көтеріп тастасақ, әр жағында қиын-қыстау жоқ сияқтанады. Жауынгер үшін заң сол, апа: ең бері тұрған қауіппен есептесесің, оның әр жағында ылғи үміт дүниесі жатады.
— Әлі есімде, кең жауырынды, сом денелі, қараңғы түнде күндізгіден гөрі де ірі көрінген дивизия командирі полковник Ремизов танкистер арасына келді. Қазықтай қатып, сымдай тартылып тура қалған танкистермен салқын амандасып, баяу аяңдай өте берді. Тықыршу барлығы, жаңа бір бұйрық белгілері полковниктің қасындағы кіші офицерлердің ұршықтай үйірілген жинақы қозғалыстарынан-ақ көрініп тұр. Полковник кейін оралғанда, аяғын ширақ басып келіп қарсы алдымызға тұра қалды да:
Бар мағынасында ерікті түрде, бар мағынасында ешкімге борыш ете алмайтын бір ауыз сөзім бар, жолдастық сөзім, — деді. — Орындаған адамдарға ерлік те, атақ та, бақ та әперем деп уәде ете алмаймын. Ол өздеріңде жеткілікті. Бірақ қалай ойлайсыңдар? Арғы бетке өтіп, бекініп аларлық уақыт болды ма, жоқ па? — деп бетімізге үңілгенде, мен жүрегімнің түбіне дейін көріп тұр-ау, деп, ойлап қалдым. Содан соң біз қайтарар жауапты өзі айтты:
— Білемін, өтіп кетті, алдақашан өтіп кетті, кешіктік, дейсіңдер, — деді. Ешбір сөздің ұшын найзадай, түбірін томардай етпей, жай салмақпен айтты.
Солдаттың күнде еститін қатал әмірден гөрі осындай бір жолдастық сөзді сағынатын күндері болады. Ата-анасын, дос-жаранын сағынып жүретін жандар осындай бір сөз естігенде, сол ата-ана, дос-жаранның үнін естігендей болады.
Әр жағы ұзақ әңгіме, сол жерде бес танкист өзеннен танкімен өтіп, арғы қабаққа бекінуге уәде бердік.
Әлі есімде, бес танкінің командирі үнсіз ғана танкімізге келе жатырмыз. Танкіні тас бекітіп жауып алып, судың астымен өзеннің әр жағына өтпекпіз. Су астында тор да бар, ор да бар, темір тұзақ, қоршаулар да бар. Су астын тексеріп шыққан барлаушылар бұл қауіптердің барын жасырған да жоқ. Бірақ, сол қауіптердің ара-арасымен өтуге де болады. Өзенге тік түсіп, он метр жүргесін, сол жаққа бұрылып, он бес метр жүріп барып, қиғаштап қабаққа асылуымыз керек. Үнсіз ойымыз осыны есептеп келе жатыр. Көзсіз ерлік емес, көзді ерлік керек, соны ойлап келеміз. Су астындағы шытырман торды көз алдымызға әкеліп, ара-арасымен жол іздеп келеміз. Кедергісіз өтіп кетсек, танкінің ішіндегі ауа тұншықпауға жетеді де, ол екі арада танкінің іші суға да толып кете алмайды. Елеулі бір кедергіге ұшырап, не ілгері, не кейін кете алмай тұрып қалсақ, қоржын ауға түскен балықтай боламыз. Ой қайта-қайта осыны есептейді.
Білекті үзердей қатты қысып қол алысып жатқанда өзен бетіне тағы бір қарасам, әлі жүн-жүн екен. Біздің әскерлер өзеннен түнде өте ме деп қауіптеніп, немістер оқ боранын әлсіретпей тұр. Үнсіз ғана темір кебежемізге кірдік.
— Апа, көріспесек, қош бол! — дедім ішімнен. Жоқ, апа, жоқ! Атыңды аузыма алдым да қош бол дегенді айтқан жоқпын. Қоштас деген құрғыр ой неше рет келіп, қипақтап қасымнан кетпей қойса да, айтқан жоқпын. Айтқыздым деп ол кетті, айтқан жоқпын деп мен қалдым...
Тап осы бір ойланып үлгірмес, көз ілеспес, қас қаққандай бір сәтте сездім — жарық дүниеде қоштасарым да көп екен. Қоштасуға ешқайсыңды қия алмадым. Ешқайсыңды деймін-ау! Қарағандының үздіксіз ағылып жататын көмір таситын поездарының түтінін де қия алмадым қоштасуға.
Жоғарыда ескерткен хатты да арғы беттен жібергім келіп, ала кеттім. Аяғына «денім сау, аманмын» дегенді ертеңгі күннің атымен тағы бір жазғым келді. Бүгінгі күн мен ертеңгі күннің арасында қанша ұзақ, қандай қызықты өмір жатады, апа...
Үзіп-үзіп айтылса да ұзақ бір жыр естілгендей болып, өңдері бұзылып, ажары сына қалған әйелдер біріне-бірі қарай алмай қалысып еді. Қызарып кеткен мұрындардың қайсысын қыр мұрын, қайсысын қайқы мұрын деуің де қиын болып қалған екен. Маңдайдан биік қайырып, жуан еріп, желкесіне бостау жия салған қолаң сарғылт шашы Нұриланың жұмыр мойнын төмен иіп әкетіпті.
— Сен де бос екенсің ғой, — деп Ақлима Нұриланы жұбатқан болады.
— Осындай баласы бар адам жылай ма екен, — деп Нұрила езу тартқан болады. Көздері кездесе алмайды...
Әрең дегенде даусының дірілін тоқтатып, Нұрила хаттың аяқ жағын оқып кетті:
— Жер бетінде зіркілдеп, құлағыңды тұндыратын ауыр танкі су астында құмыққан, тұмшаланған, тұйық үнмен ғана келеді. Біресе артқы жағы, біресе алдыңғы жағы қайқаң қағып, өзен түбінің май батпағын жұмсақ қана есіп келе жатқаны сезіледі. Өзге дүниеде үн жоқ...
— Бұрылма! Тура тарт! Енді солға қарай! Болды, болды! Енді тік тарт! Ал, оңға бұрыл! — деп, дамылсыз қыпылық қағып, қарсы алдымда құбыланама тұр. Қасымдағы үш жолдасымның көздері де осы бір көбелек қанатының қыпылығындай ғана үмітке қадалып қалыпты. Әр метрді тұтамдап есептеп келеміз. Қауіп қасынан сүйкене өтіп, сүйемдей жерден аман қалуымыз керек. Екі минут... Екі жарым... Екі, қырық... екі, қырық бір... екі, қырық екі... қырық үш... Минут пен минуттың арасы дүниені шыр айналғандай ұзақ жол екенін сағат бетінен бірінші рет сонда көрдім. Танкінің іші көк буалдыр тартып, ішке тартқан деміңнен жылбысқы иісі келе бастады. Тізеге жақындап су да келіп қалыпты. Өңің емес, түсінде әлденеменеге малтығып, қозғалыс-қимылың өнімсіз, ділгір бір халге түскендейсің.
Бір кезде танкінің ішіне кірген су кейін лықсып, кеудемізге дейін бір жайпап өтті де, қор-қор үйіріліп, астыңғы есік-тесіктерден құлай бастады.
Менің алдымда бір, артымда үш танкі бар-ды. Олардың нешеуі қырға шығып, нешеуі шыға алмағанын мен осы күнге дейін білмеймін. Өз танкімнің төс-табаны түгел жерге тиген соң, айдап ілгері кеттім.
Анда-санда айналам бір жарқ етіп, дүние бір елес беріп қалады. Талқандалған сым бөгеттер, істік арандар, үрпиіскен неміс солдаттары көрініп қалады. Төбемізден бұршақ жауғандай тырс-тырс етеді. От ішіне кіріп кетіппіз...
Зеңбірекшім Петр Чернов манадан бері атып келеді. Бет-аузын екі білегімен кезек-кезек сүртіп тастап, тез-тез атады. Бұрышта, аузы бір дамыл таппай, рацияда Сорокин Николай отыр. Бір қаңғыған снаряд келіп, танкімізді маңдайдан бір нұқып қалды білем, ап-ауыр танкім селк ете түсті. Танкіні жүргізуші Рахымжан Сарбасов, жапырыла жөнелген неміс солдаттарын тауықтай таптап, жіңішке траншеяны бір езгілеп өткенде маған бір қарап қойды. Қысық қара көздері жылт-жылт етеді.
Жаяу әскерлер өтіп пе? — деп сұрадым Сорокиннен. Ол басын шайқады. Иә, өтер уақыт болған жоқ әлі, неге сұрағанымды өзім ғана білем...
Өзеннен өткелі он километр жүрдік. — Қырық екі мың тоғыз жүз қырық тоғыз километр, дедім ішімнен. Сенін, қырық тоғызға толған күнің тағы бір есіме түсіп, төс қалтамда келе жатқан хатты кеудеме қарай қысып қойдым.
Петр Чернов бірдеме айтайын деп, басын маған қарай бұра бергенде, бүйірден келіп соққан оқ оң жақ қолын жұлып әкетті. Мен мұрнымды баса қалдым — суық бір нәрсе қарып әкеткендей болды.
— Жаяу әскердің үлкен бір тобы өзеннен өтіп жатыр. Алды бергі қабаққа ілікті дейді, — деп, Сорокин маған баяндай берді де, — сіз мұрыннан айрылсаңыз керек... — деп аяқтады сөзін. Мен оған Черновты нұсқадым. Черновтың ауырсынғаны енді ғана бетіне шыға бастап еді.
Бұл кек кернеп, ашу шеңберінен шыққан кез еді. Танкінің бойындағы бар құдіретін бұршақтай боратқым келгенін жақсы білемін. Танкінің іші гүр етіп жана жөнелгенін де білемін. Қап, қалтамдағы хатым жанып кетеді-ау, бекер жөнелтіп жібермеген екем деп ойлағанымды да білемін. Шашым, бет-аузым, үсті-басым жана жөнелгенде мұрынды тастай беріп, басы-көзімді түгел уқалай бастағанымды да білемін. Қозғала бергенде екі аяғым орнынан табылмай, құлап түскенімді де білемін. Оның ар жағын алты ай он күннен кейін ғана түсіндім...
Хатты тұра кеп тұрып оқи бастаған Нұриланың тізелері бүгіліп құлай берді де, қабырғаға сүйеніп барып әрең оңалды. Ақлимада сүйемел боларлық та жай жоқ еді. Жаралы жүректер ұйып қана, төмен тартып бара жатыр. Әлде не алқымға тығылып, жұтындырмайды да.
Террасаның алдында ойнап жүрген екі бала келді. Екеуі де мектепке бүгін бірінші рет барып қайтып келе жатқан балалар еді. Қара домалақ, қазақ балалары. Бірінің басында майданнан қайтқан әкесінің тайпақ пилоткасы, біреуі жалаң бас.
— Мен енді немістерді қалай ұру керек екенін білемін! Әкемнен естідім, — деді сұр пилоткалы бала, — әуелі былай ту сыртына шығып аласың да, сонсоң былай, желкеден келіп пересің...
Содан кейін қасындағы баланы «пергісі» келіп, жұдырығын сілтеп қалғанда, ана бала жалтарып кетті де, сұр пилоткалы бала өзі ұшып кетті. Қоржынындағы кітаптары да шашылып қалды. Жалаң бас бала жалма-жан сұр пилоткалы баланың кеудесіне мініп алып, аузын басып:
— Содан соң ол немістің аузын былай байлап алып, сүйреп әкетесің! — деп, жолдасын сүйрелей бастады. Балалар ойыны Нұриланың ойын бөліп, көңілін сергітті ме, әлде, азап уын бір-ақ жұта салайын деді ме, әйтеуір хаттың аяқ жағын тез-тез оқып кетті.
— Ауызға ас құйылатынын, қолыма қол тиетінін көптен сезінетін едім, — депті жауынгер. — Бірақ, құлағым естімейді, көзім көрмейді, тілім сөйлемейді, бар денем мылқау, ойым еш нәрсені барлай алмайды.
Бірінші қуанғаным екі қолымның амандығын анық сезген күні еді. Мылқау жатқан денеңнен бірдеме аман табылғанын білу үлкен қуаныш екен. Он саусақ түп-түгел екен! Бірін-бірі бүгін ғана танығандай, аймаласып, амандасып жатқан үстінде есімді жидым. Өзара амандық-саулық сұрасып болған соң сол қолым сұп-суық тырбиған қабырғаларды түгендей өтіп жүрек тұсына барды. Енді екі қол бірін-бірі сүйемелдеп бас жаққа бара жатыр. Бас жақтан тас қып таңып тастаған шүберектен басқа ешнәрсе таба алмай, мұрынды іздеп еді, өз орнында о да жоқ екен. Баяғы мұрын тұратын жерге ып-ыстық қорғасын құйып қойғандай.
Екінші қуанғаным, ерінім мен тістерім түгел екен. Екі қол еріннің есебіне жете алмай жатқандай, кезек-кезек түгендейді. Қалжыңдасқысы келгендей, ақырын ғана шымшып та қояды.
Сол жақ балтырым ұйығандай болады да, оң аяғымның бас бармағы дуылдап қышып жатыр. Енді қолдар әрең сырғып, солай қарай кетіп барады. Әуелі қышыған бақайымды қасып жіберейін деп, оң қолым төмен барып еді, кесілген бөрененің молтақ басындай бірдемеге кездесіп әр жағынан ешнәрсе таба алмады.
Енді бір кезде манағы өзеннен өткелі қанша уақыт болғанын білгім келіп жатты. Білегімде сағатым жоқ екен... Одан соң қайда екенімді білгім келді. Әлі сол түн сияқты, көп түс көріп, қатты ұйықтап оянғандаймын. Таңдандырып жатқан, майданда болмайтын жұмсақ төсек пен тарсыл-гүрсілсіз тыныштық қана еді.
Тағы бір кезде басымды қайта танып жатқан үстінде есімді жидым. Ыңғайлы бір қолдар бас жағымда зыр жүгіріп жүр.
— Уақыт қанша? — деп сұрадым. Ешкім жауап бермеді.
Күңгір дауыс құлағыма келеді, бірақ маған жауап қайтарған ешкім жоқ. Мен қайталап сұрадым. Дауысым шықпағаны енді есіме түсіп, қолымды көтердім.
— Сіз қиналмаңыз... Енді қатерден құтылдыңыз... Қазір Саратов қаласындасыз... Енді бір-екі айда жүгіріп кететін боласыз! — деді күнгірт естілген қоңыр дауыс. Екі рет қайталап айтты.
Бұл манағы өзеннен өткенен кейін алты ай он күннен кейін екен. Маған әлі манағы болып жатқан оқиға әлдеқашан баяғыға айналыпты. Мен оны кейін білдім.
Апа! Міне, одан бері де жыл жарымға таянып қалды. Мен өзім өзіме келгелі де жарты жылға жақын уақыт өтіпті. Енді қазіргі қалпымды жазып көрейін... Екі аяқ жоқ, кесілген томардаймын. Көздер енді ғана айқындалып келеді. Бет-аузым қара қожыр шормақтай болу керек. Оны қолыммен сипалап қана шамалаймын. Қабырғадан шеміршек алып, қоң теріммен тыстатып, мұрын жасатып алдым. Бұрынғы қалпына келіп қалған осы мұрным көрінеді. Бұл хатты жазар-жазбасымды біле алмай қиналдым дегенім, осы жайларды жазудан қысылатыным еді. Жолдастар, достар бар еді. Түрімді көргенде ең болмаса бір шошына қалмасын дейтін жандар бар еді... Енді міне түгел жазуға тура келді.
Апа, хаттың өзі көңіл көтерері аздау болып шықты білем. Бірақ қу-толағай мүгедек екен деп қалма! Екі көзім айқындалып келеді дедім ғой. Ол дүниемен арамыздағы ең үлкен серік. Екі қолым сау. Кеудем толы кеңес сияқты. Алдыма қағаз, қолыма қалам алар күнге жетсем, дүние үлесінен маған тигені мынау-ақ дейтін емеспін!
Бұ да бір үлкен өмір ғой, апа! Мен бүкіл Отан соғысының тұсында бір-ақ түрлі әнге қосып, бір-ақ ауыз өлең айтып жүрдім. Ол қай ән, қандай өлең екенін осы күнге дейін білмеймін. Әнін де, сөздерін де жаттап ала алғаным жоқ. Әр ыңылдағанда жаңа бір ән, жаңа бір өлең түсті ме аузыма, оны да білмеймін. Ол түгіл, қандай уақыттарда айтқанымды да есіме түсіре алмаймын. Бірақ, ылғи бір әнге салып жүретінімді жақсы білемін. Сол әніме салсам-ақ шалқар теңіз үстінде келе жатқандай, не болмаса, тау қасында тұрғандай сезетін едім өзімді. Ашу, азап, қайғы, мұң, қорқу-қобалжу, мою дегендер есіме де келген емес. Сол әнім кеудеме қайта ұялап, өсіп келді. Көп көк қанат балапанның талпынғанын, ұшқысы келетінін сезем. Ұшар кезі жақын сияқты.
Қазір, апа, курорттамын. Аяқ жасату үшін кесілген сүйектерді шынықтыруға балшыққа түсіп жатырмын. Қай күні хатың келсе, сол күні ұшамын Қарағандыға... Көріскенше асығып, құшағыңды сағынған балаң... Сапар.
— Сапар? Сапар деп пе? Түу, жүрегім жаңа орнына түсті ғой! — дегенде Ақлима апайдың қуанып кеткендігі айқын еді. Өз баласы Қасым қаза тапты деген қағаз сандығында жатса да, мынау азапты көрген басқа біреу болып шыққаны манадан жүдеп тұрған шеше көңіліне өмірінде бірінші рет естілген қуанышындай тиді.
Бірақ, Нұриланың жүзі туған шешесі танымай қалардай еді. Хаттың бар салмағы соған түскендей, құба талдай майысып, жаншылып кетті. Әлгіде ғана сылаң қағып, сымдай ширатылып тұрған сұлу тұлғалы жас денесі босап, көлең қағып күлімдеп келе жатқандай көгілдір гүл төккен күрең жібек көйлегі де уқалана қалыпты. Ақлимаға қарап қадалып қалған көздерінде наз да, таңдану да, кінәлау да тұр.
— Өзі бір шешесімен сырласып өскен, шешесіне жан теңемейтін жігіт екен, — деді Ақлима, өзіне өзі айтқам үнмен. Мұнысында барлық шешенің мәңгіден бері келе жатқан, мәңгіге дейін кете беретін кәрі арманымен бірге жаңағы орынсыз қуанғандығынан ұялу да бар еді.
Нұрила Сапар деген жігітті бір-ақ рет көріп еді. Бұдан үш жыл бұрын Алматыда оқуын бітіріп, Қарағандыға келгенде, қазіргі Ақлима тұратын бөлмеде — Ұлбала деген қартаң әйел тұрады екен. Нұрила әуелі сол кісіге көрші болып еді.
Бір күні, түс ортасы кезінде жиналыстан қайтып келе жатқанда қасынан жүгіріп өткен жалаңаш адамды көргенде, Нұрила шошынып қалып еді. Қарағандының түнгі аязында жалғыз трусимен кездескен адамды көргені осы. Нұрила жүгіре басып пәтеріне жеткенде, Ұлбала апайдың террасасында киініп жатқан жаңағы жігітті таныды. Ертеңіне қарсы қайырған қара шашты, қою кірпікті, еркек пішінді террасадан түсіп бара жатқан Нұриланы жас лейтенант көріп:
— Қарындас, өткен түні мен сізді шошытқан болсам керек. Кешіре көріңіз, — деді.
Осыдан басқа сөз сөйлескендері жоқ. Достық тілеп тұрған қара көздер қыз тұлғасына екі көше бойы қадалып тұрды да, көлденең көшеге бұрылған соң ғана қою кірпіктерін бір-ақ қақты.
Ол жігіттің аты Сапар екенін, сол күні жүріп кеткенін, Нұрила Ұлбала апайдан кейінірек естіді. Ұлбала қайтыс болғалы үш ай өтті де, қазір ол бөлмеде көмірші әйел Ақлима тұрады. Нұриланың бар білетіні осы-ақ еді.
Әлдеқайдан, алыстан келген жауынгер үні Ақлимаға да жат естілген жоқ еді. Сыры көп, мол үн ана денесіне түгел жайылып, билеп алғанша аз ғана уақыт керек еткен.
— Нұркеш, — деді Ақлима, — шешең мен деп шақырсам, кейін өз шешесі табылып қалып жүрер ме екен? Енді ұл тауып алсам, айрылғым келмейтінін түсінуің керек. Болмашы бір үміт қой, әйтпесе Қасым жанымның тірі еместігін білмейді деймісің! — деді.
Нұрила өзі білетін жайларды айтты. Аз көргенін ұзақ сырдай баяндады. Ақлиманың бар ұққаны — сонша ерлік істеген адамның шеше сағынып жатқандығы еді.
Сол сағатта Сапарды шақырған телеграмма да жөнелді.
Енді, міне, Ақлима апай көрінген жұртқа балам келе жатыр деп, күтіп отыр. Кесілген томардай мүгедек емес, қанатын кере сілтеп ақ иық, мұзбалағы ұшып келе жатқандай күтеді. Өз ұлының аты Қасым екенін ұмытып кеткендей, Сапар жаным келе жатыр деп, күтеді.
Қарағандыға келе жатқан әрбір самолет Ақлима апайға ұшып келе жатқан Сапардай көрінеді...