Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасындағы философия жайында не білеміз?
Қазақ халқы бұрыннан сөзшеңдігімен, көсемдігімен танымал халық. Суырып салма ақындар мен жыраулардың өлең-жырлары әлі күнге дейін халық ауызында. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев – біртуар ақын. Ақынның өлеңдері әртүрлі тақырыптарды қамтиды. Ананың баласына деген махаббаты, әкенің баласына деген өсиеті, жалпы өмірге деген махаббат... Қай өлеңін алып қарасақ та, ақынның жүрегімен, махаббатымен жазған ойын түсінуге болады. Аз ғана ғұмырында қазақ тарихында, қазақ мәдениетінде өшпес із қалдырған ақынның 1973 жылы жазған "Аққулар ұйықтағанда поэмасындағы" философиялық ұғым жайлы не білеміз?
«Өзен де жоқ симаған арнасына
Жылға да жоқ даламен жалғасуға
Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай
Қалай біткен мына көл тау басына?
Мөлдірейді, карайды қарға шыңға
Жалғыздықтан жамандық бар ма сірә?»
Жоғарыдағы поэма үзіндісінен поэмадағы оқиға белгілі бір көл жайында екендігі байқалады. Ескере кететін мәселе, Мұқағали Мақатаев Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келген. Яғни, Алатаудың етегінде «Тау ұлымын, тау – менің дәу бесігім» деп өскен. Ақынның өлеңдерінен таудың табиғаты, тауға деген ерекше сезімдерін байқауға болады.
Жалпы Аққулар ұйықтағанда поэмасы үш бөлімнен және эпилогтан тұрады: бірінші бөлімде оқиға өтетін «Жетім көл» және ондағы нәзіктіктің символы – аққулар жайында айтылады, екінші бөлімде баласының қиналғанына шыдамаған шарасыз ананың іс – әрекеттері жайында айтылады, үшінші бөлімде – екінші бөлімде болған оқиғаның салдары туралы айтылады.
Ортаймаған «Жетім көл» толмаған да,
Болған өмір ұқсайды болмағанға.
Сызат та жоқ бетінде, сызық та жоқ,
Айдынына аққуы қонбаған ба?!
Бұл жолдардан көлдің не үшін «Жетім көл» атанғанын байқауға болады. Ал аққулардың айдынын тастап кетуге не себеп болғанды жайында екінші бөлімнен байқауға болады.
Жетті аққулар.
Түгендеп «Жетім көлін»,
Жағалауда ұшып жүр шыр айналып,
(Бірден көлге қонбайды құлай барып.)
Сондайтұғын, аққулар сондайтұғын,
Асығыстық оларда болмайтұғын.
Қомағай көкқұтандар секілденіп,
Жалп беріп, жағаға кеп қонбайтұғын.
Сондайтұғын, аққулар сондайтұғын,
Ақ мүсін айдынға кеп орнайтұғын.
Бұл жолдардан қасиетті құс аққудың кербездігі жайында, олардың басқа құстардан неліктен ерекшеленетіндері жайында айтылған. Қазақ халқы аққуды қасиетті санаған, оларды атпаған, оларға қастандық жасамаған. Аққулары оралғанша көлге аяқ басып бармаған. Бірақ неге аққулар ақ айдынын тастап кетті?
«Бала жатыр төсекте, албыраған,
Әке жатыр еденде, қалжыраған.
Түн күзетіп ана отыр, қос жанары
Шарасыздан шаршаған, жаудыраған.»
Поэманың екінші бөлімі осылай басталады. Ауыр дертке шалдыққан бала мен оның ата-анасының шарасыз күйге түсуі сипатталған. Бала дегенде ата-ананың жүрегі басқаша соғады әрқашанда. Ал баласы ауыр дертке шалдыққан ананың жағдайы қалай болмақ? Анасы баласының дерттен айығуы үшін бәріне дайын.
Үн шығармай іш құса, зарлауда ана.
«Мана, күндіз, тәуіп шал не деп кетті?!
Әлде өтірік, әлде шын демеп кетті...
-Аққуменен баланы аластаңдар,
Деді-дағы жәйімен жөнеп кетті...»
Бұл жолдардан тәуіп шалдың баланы дерттен айығуы үшін аққумен аластау керектігін айтқандығы сөз етіледі. Анасы баласының дерттен жазылуы үшін қасиетті құсқа қиянат жасамақшы ма?
Қасқа таң.
Бұлбүл үні.
Көл бетінде,
Аққулар ұйықтап жатыр тербетіле.
Бас бағып жағада отыр жалғыз ана,
Таңданып тәкаппар құс келбетіне.
Ана жүрегі шыдамай тәкаппар құстар мекендеген «Жетім көлге» жетіп барып, қасиетті құсқа қарап тапсануда, бірақ баласының дерті миын қарып барады.
...Аққулар ақ айдынды қалдырды да,
Тартты кеп, ана отырған жағалауға.
Шошымай шолжаң өскен батырларың,
Ана отырған шыршаға жақындады.
Көзі тұнған бейбағың, топ аққуға,
Білмей қалды мылтықтың атылғанын.
Көздің алды көк түтін, ақыл жарым
Білмей отыр жаңағы тыныштықтың,
Сүт ұйыған тегешін сапырғанын!..
Қасиетті құсқа қиянат жасаған ана тағдыры не болмақ? Сол іс әрекетке апарған бала тағдыры ше?
Жоғарыда айтылғандай аққу құс өте киелі құс және әрқашан қос-қостан жүреді. Типті қазіргі таңда қорғауға алынған құс. Қасиетке, киеліге қасірет алып келу-үлкен күнә. Бұл поэмадағы философиялық түсінік табиғаттың адамзатқа берген киелісіне, аманатына қиянат жасамау. Жалпы адамзат атаулысы бұл өмірде тіршілік етуші жандарға қиянат жасамауы тиіс. Бұл поэманың философиялық шыңын үшінші бөлімінен байқасақ болады. Киеліге қиянат жасаған ана елде "қарабет" атанып елден қуылады, ал ауыр дертке шалдыққан баласы қайтыс болады. Яғни, қиянаттың соңы-өкініш.
Бұл поэма туралы әртүрлі философиялық түсініктер жетерлік. Кейбір адамдар бұл поэмада қазақ халқы аққу ретінде бейленген деп тұжырымдайды. Яғни қазақ халқының қасиеттілігі аққу бейнесіндей киелі әрі кербез.Ал ананың аққуды атуы қазақ халқына жасалған әртүрлі қиянаттар. Менің түсінігімде қазіргі заманда адамдардың табиғатты аяламауы, оны қорғамауы, оны ластауы соңында дәл "жетім көлдің" күйін кешуге әкеліп соғуы әбден мүмкін.
Жетім көлдің «жетім» атануы кербез құстың қосағынан айырылап жалғыз өзі айдында қалуы. Ал қалған аққулар өздеріне қиянат жасалған жерге қайтіп оралмайды.
Данат Жанатаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент
Ұлпан Тұрмағанбет Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты