Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Әсемдікке ұмтылыс
Сабақтың мақсаты:: Оқушыларға адамның жан сұлулығы мен сыртқы сұлулық туралы түсіндіру.
Міндеттері:
Оқушыларды кешірімшіл болуға үйрету;
Оқушыларды адамдарға риясыз қызмет ету қасиетін дамыту;
Оқушыларды шынайылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі. Тыныштық сәті. "Су асты патшалығына ойша саяхат."
(Оқушылардан шеңбер құрып отыруды, қолдарын тізесіне немесе үстел үстіне қоюды, аяқтарын айқастырмауды өтініңіз. Арқаларын тік ұстауын қадағалаңыз. Жайлы, баяу музыка қойыңыз).
Мұғалім: Көзіңізді жұмыңыз және бірнеше рет терең тыныстаңыз; деніңізді босатыңыз. Бірнеше секундтан соң теңіз түбіне саяхат жасаймыз.
Теңіз жағасымен келе жатқаныңызды елестетіңіз. Толқындардың жеңіл шалпылына, шағалалардың шуылына құлақ түріңіз. Жалаң аяқтарыңызбен құмды сезініңіз. Шалғайдан қара нүкте көріп тұрсыз: ол жақындаған кезде дельфин екенін түсіндіңіз. Ол сізді теңіз түбіне алып кету үшін келді. Ол өте әдепті жәндік, сізді шыдамдылықпен күтіп тұр. Жайлап оның арқасына отырыңыз, мықтап ұстап, жолға шығыңыз. Дельфиннің арқасында жайланып отырып, өзіңді қауіпсіз сезіну, су астында жүзу қандай керемет. Жан - жағыңызға қараңыз: мұнда кемпірқосақ тәрізді арлы - берлі жарқырай қалқыған әсем балықтар қаншама. Теңіз түбіне бойлаған сайын айнала қалайша өзгереді, суда тербелген қаншама ғажайып балдырлар. Қараңызшы, қандай орасан зор балықтар, ал енді анау жаққа көз тастаңыз... бұл орасан зор сегізаяқ. Су асты неткен қызықты әрі ғажап әлем. Сіз бір нәрсені байқадыңыз ба? Мұнда неткен тұңғиық, толық тыныштық. Осы тыныштық күйде болыңыз.(Мұғалім бірнеше секунд үнсіз қалады).
Ал қазір жоғарыға, өз әлемімізге кері қайтуға дайындалыңыз. Айналаға жіті қараңыз. Ғажап түстерге тағы бір рет қараңыз және тыныштыққа құлақ түріңіз. Осындай тыныштық сізге самалдай әсер береді. Енді дельфин кері қарай жолға шықты. Сіз су бетіне шықтыңыз, жағаға жақындадыңыз. Дельфиннің арқасынан түсіңіз, оны сипалаңыз және осындай ғажап саяхатқа апарғаны үшін ризашылық білдіріңіз.
Сыныпқа оралыңыз және өз орныңызға келіңіз. Бірнеше секундтан соң көзіңізді ашыңыз, осы түйсінген тыныштықты өз бойыңызда сақтауға тырысыңыз.
Дәйексөз
Адамның бойындағысының бәрі де: жүзі де, киген киімі де, жаны да, ойлары да әсем болуы керек.
А. П. Чехов
Сыртқы сұлуға көз қызығады, ішкі сұлуға жүрек қызығады.
Ғ. Мұстафин
Дәйексөзден қандай ой түйдің? Адамның жан сұлулығын неден білуге болады?
2. Мұғалімнің сыйы.
Шалва Амонашвилидің «Сенің сұлулығың – мейірімділігіңде!» атты аңызды айтып беру.
Бала есейді. Сондықтан да айнаға жиі қарайтын және ашуланатын:
– Мен қандай көріксізбін!
Атасы бұл сөздерді естіп, немересіне былай деді:
– Сенің сұлулығың – мейірімділігіңде!
Бала атасына сеніп, барлығына, барлық жерде жақсылық жасай бастады. Ол жақсылық жасауға берілгені соншалық, өзінің көріксіз екенін тіптен ұмытып кетті.
Уақыт өтіп жатты. Ол жігіт болды.
Күндердің күні, бір кеште ол өзіне жасырына қарап, сыбырласып тұрған әдемі екі қызды байқады:
– Ол қандай тартымды! – деді бірі.
– Оның бет - әлпеті ішкі сұлулығынан нұрланып тұр! – деді екіншісі.
Сонда жігіт атасын есіне алды. Ол іштей «Рақмет саған, данагөй аташым!» деді.
Сұрақтар:
• Бала өзін неге «көріксізбін» деп налыды?
• «Сенің сұлулығың – мейірімділігіңде!» деген атасының сөзін қалай түсінесіңдер?
«Оның бет - әлпеті ішкі сұлулығынан нұрланып тұр!» деп қыздар неліктен айтты?
• Адамның сұлу екенін қалайша тануға болады?
• Сұлу адамның бойында қандай қасиеттер болады?
• Өзіңді сұлумын деп санайсың ба? Неліктен?
Адамды сұлу ететін не нәрсе?
Әсем, сұлу нәрсе көргенде қандай сезімде боласыңдар?
Жан сұлулығын қалай түсінесіңдер?
3. Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс
1. Тапсырма: көп нүктенің орнына қажетті сөздерді қойып, нақыл сөздерді оқыңдар. Мағынасын түсініп алыңдар.
1 топ - Өнегелі болса бала, бала.... Қорқыт ата
2 - топ - Адам барлық жағынан да: түрі де, киімі де, жаны да, ойы да.... болуы керек. Антон Чехов
3 - топ – Адамның асқақ сұлулығы – оның.....
Василий Сухомлинский
4 - топ – Адамның ой да, бойы да......
Ғабит Мүсірепов
5 - топ – сұлулық жақсы. Бірақ адамның ең алдымен..... сұлу болу керек
Қажетті сөздер: көркем, қарапайымдылығы, көрікті, жаны, сұлу
2 - тапсырма. Адамның жан сұлулығын бейнелейтін сөздерді тауып, «Әсемдік» сөзжұмбағын шеш.

  Тігінен
1. Тәрбиелі, қарапайым, әдепті адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірі. (Қарапайымдылық)
2. Адамшылық, жақсылық тілеу қарым - қатынастары.
(Адамгершілік)
3. Әсем, әдемі адамның бойындағы сұлулық. (Әсемділік)
4. Байыпты, ақылды адамға тән аса маңызды қасиет. (Ақыл)
Көлденеңінен 
5. Адамдардың бір - бірімен сезініп қарым - қатынас жасауына қажет нәрсе. (Сезім)
6. Тірі организмнің барлығына тән мінез, ортақ қасиет.
(Мінезқұлық)
7. Әдепті, кішіпейіл адамның бойындағы жағымды қасиет.
(Әдептілік)
8. Кішіпейіл, қарапайым әдепті адамның қасиеті.
(Кішіпейілділік)
4. Топпен ән айту
«Әдемі»
5. Өзінің бойындағы 10 жағымды қасиеттерді жазу.
 6. Кері байланыс. "Екі жұлдыз, бір тілек"

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама