Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 50 минут бұрын)
Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлады: желдің күшінен болды

Астанада қатты желдің салдарынан тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбеті опырылып түсті. Бұл туралы видео әлеуметтік желілерде таралуда.

Алдын ала мәліметтер бойынша, желдің күшінен қасбеттің жылуоқшаулағыш материалы сыртқы қабырғадан бөлініп кеткен.

Оқиға қаланың оң жағалауындағы «Айка» тұрғын үй кешенінде болды. Кешен 2012 жылы пайдалануға берілген.

Видеода үйдің бір қабырғасының жартылай жалаңаштанып қалғаны, металл бекіткіштері көрініп тұрғаны байқалады. Жылуоқшаулағыш плиталардың сынықтары үйдің іргесіне қарай шашылып түскен.

Бақытымызға орай, оқиға кезінде үйдің жанында адамдар болмаған. Әкімдіктің баспасөз қызметі ешкімнің зардап шекпегенін хабарлады.

«11 наурызда шамамен сағат 17:00-де қатты желдің салдарынан «Айка» ТҮК-нің қасбетінен жылуоқшаулағыш бөлініп кетті. Үй 2015 жылы салынған. Зардап шеккендер жоқ», - делінген хабарламада.

Әкімдік мәліметінше, қазір үйдің басқарушы компаниясы жөндеу жұмыстарының шығынын есептеп жатыр. Фасадты қалпына келтіру үшін өнеркәсіптік альпинист жалдау мәселесі қарастырылуда.

Бұған дейін Астанада 8 қарашада Тәуелсіздік даңғылы, 24 Б мекенжайындағы тоғыз қабатты үйдің қасбетінен кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен болатын.

Жаңалықтар

Жарнама