Аты аңызға айналған тұлға
Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Бауыржан атамызды төрткүл дүние түгел танып үлгерді. Батыр, жауынгер, әскери қолбасшы, стратег, ақын, жазушы әрі суретші болған Бауыржан Момышұлының адамзат баласына сирек бітетін озық ақыл-ойы, алған бетінен қайтпайтын қайсар, ірі мінезі естіген жұртты түгел тәнті ететін. Міне, биыл осы ел басына күн туып, ат ауыздықпен су ішіп, ер етікпен су кешкен заманда ел мүддесін қорғаған дара тұлғамыздың тұғанына 110 жыл толғалы отыр. Қысылтаяң сәттерде қазақтың намысын бәрінен жоғары қоя білген, халқымыздың біртуар азаматы Бауыржан Момышұлы атамыз 1910 жылы желтоқсан айының 24 жұлдызында Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында қарапайым қазақ шаңырағында дүниеге келген.
Бала Бауыржанның бірегей болмысының қалыптасуында үш жасында анасынан айырылған бүлдіршінді құшағына басқан әжесі Қызтумастың үлесі зор болғаны анық. Бұл жайында Бауыржан атамыз өзінің «Ұшқан ұя» шығармасында: «Әрине, ол кезде мен де өзге сәбилер сияқты әжем айтқан ертегі, аңыздардың түпкі байыбына бара бермейтінмін. Енді ойласам мен сол әңгімелерден адамзат өресінің өрісін тани бергем екен ғой..», - деп үлкен құрметпен жазады. Ал ата-анасы туралы батырдың өзі өмірбаяндық осы кітабында былай деп жазған: “Менің бабам Имаш мың да тоғыз жүз он бірінші жылы 92 жасында дүние салған. Орта бойлы, орақ мұрын, от жанарлы сол шымыр шалдың төртінші перзенті – менің әкем Момыналы екен. Оны жұрт Момыш деп кеткен. Әкем айтыс қуып, әндетіп жүре-жүре 33 жасында Байтана руынан Әбдірахманның Рәзия атты қызына үйленіпті. Ол менің шешем еді. Ол кісі мен үш жасқа толар-толмаста қайтыс болған”.
Бауыржан атамыз балалық шағының 13 жылын туған ауылында өткізеді. Одан кейін кеңестік интернатта тәлім алады. 1929 жылы Әулиеатадағы тоғыз жылдық мектепті тәмамдап, ұстаздық қызметін бастайды. Ұжымдастыру жылдарында кеңестік мекемелерде қызмет етеді. Кейін әскер қатарына шақырту алады. 1934 жылы әскерден келгенде запастағы командир болады. 1936 жылдан бастап әскери қызметтер атқарады.
1941 жылдың қыркүйек айынан бастап, даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында Ұлы Отан соғысына аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Москва үшін шайқаста 207 рет ұрысқа кірген Бауыржан Момышұлы ержүректігі тұрғысынан кешегі ел қорғаған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек сынды батырлардың заңды жалғасы іспеттес..
Кеңес Одағының тұсында Бауыржан атамыздың ерліктерін насихаттауда біржақтылық болғанын атап өтуіміз қажет. Қазақтың Маңдайына біткен біртуар ұлының майданның алғы шебінде жүріп атқарған жұмыстары әділ бағасын ала алмады. Аға лейтенант шеніндегі батальон командирінің, кейіннен полк, дивизия басқарған полковник қолбасшының ойлары мен әрекеттерінің атақ-даңқы ресми батырлар мен генерал қолбасшылардан да асып кетті. Мұны Мәскеу тарапы ұлтшылдық деп таныды. Қайта-қайта ұсынылғанына қарамастан, Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілмеді. Ұлы Отан соғысының аты әлемге жайылған даңқты батыры тек 1941 жыл мен 1945 жылдың мамыры аралығында «Қызыл Ту» орденімен және «Москваны қорғағаны үшін» медалімен ғана марапатталды. Генерал шенін бермес үшін №9 дивизияның командирлігіне де бекітпей қойды. Есесіне, халқымыз Бауыржан атамыздың майдан алаңында көрсеткен ерліктерін жоғары бағалап, халық батыры деп атап, өздерінің ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөлеген.
Дегенмен Б.Момышұлының «Әділет қашанда жеңеді, ол кешіксе де келмей қоймайды» деп көрегендікпен айтқан сөзі шындыққа айналып, ел тілегі орындалып, Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлына 1990 жылдың 12 желтоқсанында туғанына 80 жыл толуына орай, Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді.
Түйіндер болсақ, Бауыржан атамыздай алыбымызды ардақтай білейік, ұлтымызға ұран болған ұлы тұлғамызды ұлықтай білейік.
Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультеті т.ғ.д.,профессор Қ.С.Қаражан
Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультетінің 2-курс магистранты Нұрахимова Ж. Ф.