Азиялық студенттердің емтиханға арналған ырымдары
Емтихан – баршамыздың жүйке жүйемізге, денсаулығымызға ауыр тиетін соққы тәрізді. Ал оқудағы үлгерімі бойынша әлемдік рейтингте ұдайы тізімнің алдыңғы қатарынан көрінетін Шығыс Азия студенттері емтихан уақытында жиі күйзеліске түседі екен.
Шығыс Азия студенттері үшін емтихан – миына ғана емес, жүйке жүйесіне де салмақ түсіретін ауыр сынақ. Осы себепті емтихан уақытында түрлі жоралғылар мен рәсімедерге орын беріп, сәттіліктің серік боларынан үміттенеді.
Десе де емтиханды сәтті тапсыруға көмектесетін жоралғылар қай елде болмасын кездеседі. Кей мемлекеттерде арнайы тағамдармен ауқаттанса, кей ел студенттері қызыл түсті ішкиімнің сиқыры мен тылсым қуатына сенеді екен. Маңдай тер, еткен еңбекпен жиған білімі сыналар сәтте Азиялық студенттератқаратын рәсімдер көп. Бұл қатардағы ең қызықты жоралғыларды назарларыңызға ұсынамыз.
1. KitKat - жапондық студенттердің шоколадты бойтұмары
Барынша адал атқарылатын студенттік дәстүр бойынша, жапондық студенттер емтихан өтетін күні «кацудон» аталатын аспен ауқаттанады. Ол күріш пен жұмыртқа қосылып әзірленетін жаншылған доңыз еті. «Кацу» сөзінің аудармасы «жеңіс» ұғымына саяды. Демек, кацудонмен тамақтанған адамның жеңіске жетері анық.
Бұл ретте KitKat шоколадын өндірушілері де орайын тауып, «міндетті түрде жеңемін» мағынасын беретін «kitto katto» тіркесін ұтымды қолдану арқылы, студенттер арасында танымалдық пен үлкен сұранысқа иеленді. Осылайша атауы жапон тілімен үйлесім тапқан KitKat шоколады студенттердің бойтұмарына айналған.
2. Алма - қауіпсіздік кепілі
Гонконг университетінің студенттер асханасында емтихан уақытында алма мен алмадан жасалған тағамдар ұсыну – әдетке айналған ғұрып. Қытай тілінде «ping guo» сөзі – «алма» және «қауіпсіздік» мағынасын аңғартатын қос мағынаға ие.
«Алма емтихан уақытындағы қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етеді», - дейді қытайлық Нанкин қалашығының тұрғыны Чонг Вонг.
3. Шаш жуудан сақтаныңыз!
Күні-түні оқудан бас алмай, ас пен ұйқыға аз-маз уақытымызда әрең қиған шақтарда жуынуға да мұршамыз қалмай жатады. Тіпті, ұмытып кетеміз де. Алайда Оңтүстік Корея жұртшылығын мұнымен таңдандыра алмайсыз. Мұнда емтихан уақытында шаш жууға болмайды – бар жиған біліміңіз сумен шайылып кетеді екен-мыс.
«Біздің сыныпта емтихан алдында шашын жумайтын жігіт оқыған. Басқа уақыттарда оны тазалықтың үлгісі дерсің. Бірақ емтихан жақындағанда жанына жақындау мүмкін болмайтын», - дейді ырымшыл жігіт таныстарының бірі.
4. Кэшью жаңғағы мен доңыз еті текшелері
Гонконг клубтары, жатақхана мен түрлі ұйым студенттері емтиханнан бір ай бұрын «сәтті тапсыру» (ging guo) рәсімін жасайды. Ол – қатысушыларына емтиханды жақсы тапсырып, жоғары баға алуына көмектесетін рәсімдер жиынтығы.
Студенттер ұйымдасып, бір дастархан басына жиылады. Әдетте ол қытайлық мейрамханаларда өтеді. Студенттерге міндетті түрде текшелеп туралған доңыз еті мен кэшью жаңғақтары беріледі. Бұлар «сәтті тапсыру» рәсіміндегі негізгі тағам түрі. «Кэшью» сөзі қытай тілінде «емтихан тапсыруға деген ниет» мағынасын аңғартса, «доңыз еті текшелері» тіркесі «ерекшеленуге ниеттену» мағынасына саяды.
Көптеген Шығыс Азия тілінде омомнимдер түрлі рәсім-жоралғыларда маңызды рөл атқарады.
5. Доңызды қақ бөлу
Мейрамханадағы рәсімін атқарып, жатақханаға қайтқан студенттер келесі жоралғыны орындауға кіріседі. Ол – доңыздың қақталған тұтас етін қақ бөлу жоралғысы. Құрбандықтың мұндай түрі Қытай мемлекетінде ерекше бағаланады.
Рәсімге қатысушылардың әрқайсысына доңыздың тұтас етін қақ бөлу үшін бір ғана мүмкіндік беріледі. Студенттердің сенімі бойынша, бұл рәсімнен сүрінбей өткен жандардың емтиханда бағы жанып, бір мүмкіндіктен-ақ сәтті тапсыра алады.
Ал тұтас етті қақ бөле алмағандары емтиханнан өте алмайды не қайта тапсырады екен-мыс.
Аталған рәсім мұнымен аяқталмайды. Рәсім соңында қатысушылар киви жемісін жеп тарқасады. Ол жеміс атауының «емтиханды жеңіл тапсыру» тіркесімен бірдей дыбысталуымен байланысты.
6. Дұға жасау
Шығыс Азияның көптеген студенті ата-ана тарапынан мейірім-махаббат пен қамқорлыққа көбірек бөленеді.
«Кей ата-аналар емтихан өтіп жатқан ғимаратта балаларын соңына дейін күтеді. Жай ғана күтіп қоймайды. Балаларының жолы болып, емтиханды жақсы тапсыруы үшін дұға жасаумен болады. Кезінде менің анам да осы жоралғыға сай дұға жасаған. Бірақ емтихан нәтижесі біз күткендей жақсы болмай шықты», - дейді Оңтүстік Кореялық оқытушы Чи-Йон Чон.
Ең қамқор ата-аналар мұнымен ғана шектелмей, емтиханнан 100 күн бұрын күнделікті ғибадатханада құлшылық жасап, баласы үшін дұғада болады.
7. Сәттілік сыйлайтын сағат пен «жылпылдақ» сорпа
Оңтүстік Кореяда теңіз қырыққабатынан жасалған сорпа кең танымалдыққа ие. Өзіндік ерекшелігіне сәйкес, бұл асты «жылпылдақ» сорпа деп атауға болады.
Алайда тұрғындардың сенімі бойынша, емтихан алдында мұндай сорпамен ауқаттансаңыз, оқып-тоқығаныңыздың бәрі санаңыздан ізім-ғайып жоғалып кетеді екен. Жергілікті тілде «теңіз қырыққабатынан жасалған сорпамен тамақтану» мен «емтиханнан құлау» тіркестерінің мағынасы бір.
«Етихан немесе қызметке орналасу алдындағы сұхбат сынды маңызды жайттар алдында балдырдан жасалған сорпадан бас тартуға барынша тырысамын. Кейде бұл ырым жайлы ұмытып кететінім де бар. Мұндай кездерде ол жөнінде ойламағанды құп көремін», - дейді Чи-Йон.
Алайда халық даналығы қытайлық Чонг Вонг санасынанмызғымас орын алған.
«Өз басым емтихан тапсыратын күні таңғы асқа кеспе жеймін, себебі қытай тілінде «кеспе» сөзі «бәрі ойдағыдай болады» мағынасын береді. Сондай-ақ, менің сәттілік әкелетін сағатым да бар», - дейді ол.
8. Тауық – күш-қуат көзі
Аздаған мөлшердегі қант тәніңізге күш-қуат береді. Бірақ Оңтүстік Корея халқы тәтті тағамның емтиханды жақсы тапсыруға көмектесетініне шүбәсіз сенеді.
Ёт – буға пісірілген күріш, жабысқақ күріш, жабысқақ шай жүгері, жүгері, батат немесе осы дәнді дақылдардың қоспасынан әзірленетін кореялық дәстүрлі тәтті тағам. Өздеріңіз аңдағандай, ол – өте созылмалы әрі жабысқақ.
Ёт тағамы емтихан тапсырар алдында желінеді. Оның себебі корей тілінде «жабысқақ» және «емтихан тапсыру» сөздерінің бірдей дыбысталуында жатыр.
Ал тәттіге құмарлығыңыз болмаса, қойылтылған тауық сорпасымен ауқаттана аласыз. Ол миыңыздың толықтай жүз пайызға жұмыс істеуіне көмектеседі деп саналады.
Малайзия, Гонконг, Сингапур және Қытай студенттері сессияға дайындалған уақытта, әсіресе, таңертең емтихан алдында тауық сорпасымен тамақтанады.
«Мұның ырымға еш қатысы жоқ. Мен таңертең, емтихан алдында тауық сорпасын ішемін. Оны жылытып алып, бірден ішіп қою керек. Бұл сорпа ойыңды жинақтауға көмектеседі. Дегенмен, Сингапур студенттері тауық сорпасына бағытталған жарнама науқанына қалтқысыз сенеді», - дейді Лондон Университеттік колледжінде оқитын Сингапурлық студент Дилан Ли Сун Юнг.
9. Қызыл түсті ішкиім
Қытай халқы қызыл түстің сәттілік әкелетініне сенеді. Сенетіндері соншалық, емтихан тапсыратын күні қызыл ішкиім киюді әдетке айналдырған. Сондықтан жоғары баға алудан дәмелі студенттер емтиханға қызыл ішкиім киіп келеді.
Ал өмірде жолы болғыш, табысты адамдарға «Бүгін қызыл ішкиім кигенсің бе?» деген сауал жиі қойылады екен.
Алайда Чонг Вонг есімізге салғандай, аталған сиқырлы түс барлығына дерлік көмектесуге қауқарсыз: емтихан нәтижесі көрсетілген тізімде қанағаттандырарлықсыз баға алғандар есімі қызыл түспен жазылады.
10. Білім жолындағы бәсекелестік құдайы
Сингапур ұлттық университеті және Наньянг технологиялық университеті сынды Азияның үздік университеттерінде студенттердің оқу үлгерімін бағалаудың өзіндік жүйесі бар. Қоңырау пішініне ұқсас бұл кесте «Қоңырау тәрізді қисық сызық құдайы» атауымен танымал.
Оның ерекшелігі сонда, білім алушылар емтихандағы өз нәтижесін алып ғана қоймай, қатарластарының бағасымен ара қатынасын салыстыра алады. Көптеген салада жетістікке қол жеткізген елдің білім беру жүйесіндегі мұндай әдіс – бәскелестікті арттыру мақсатында өте тиімді.
Аталған университеттерде «Қоңырау тәрізді қисық сызық құдайына» арнап құрбандық шалатын орын қарастырылған. Студенттер құрбандық ретінде түрлі тағамдар әкеліп, құдайдың құрметіне шырақ жағады.
Сингапур ұлттық университеті студенттерге виртуалды түрде құлшылық жасауға мүмкіндік беріп, бәсекелестік құдайына вебсайт арнаған. Сонымен қатар «Твиттер», «Фейсбук» әлеуметтік желілерінде жеке парақша ашқан.
Емтиханға дайындалу. Бірнеше кеңес:
1. Емтиханға дайындалу барысында шпаргалка жазудың маңызы зор, себебі адам оқығаннан гөрі, жазғанын тез, әрі ұзақ уақытқа есте сақтайды. Тым болмаса қолданбасаңыз да, жазғандарыңыз бір кәдеге жарап қалуы әбден мүмкін.
2. «Мен түк білмеймін», «тапсыра алмаймын» деген ойдан аулық болыңыз. Ол сіздің жүйке жүйеңізге кері әсер етеді.
3. Емтиханға бір күн қалғанда дайындалудан аулақ болыңыз. Мидағы барлық ақпаратты қорыту үшін де 1 күн талап етіледі.
4. Емтихан болар күні ерте тұрып, таңғы асыңызды ішкеніңіз жөн. Бұл ми мен жүйке орталықтарының табысты жұмыс істеуіне көмектеседі.
5. Емтиханға өзіңізге ұнайтын, ыңғайлы киімді киіңіз.
6. Емтихан билетін алған кезде «білмей қалам» деген ойдан аулақ болыңыз. Қорыққан нәрсе кез-келген жерде алдынан шығады.
7. Ауызша жауап беретін болсаңыз, тезистеріңізді анықтап жазыңыз.
8. Қағазға қарап оқып бермеңіз. Бұл тыңдаушыға кері әсерін тигізеді.
9. Жауап беру барысында сенімді дауыспен, тыңдаушының көзіңе қарап жауап беруге тырысыңыз.
10. Қолыңызды кеудеңіздің деңгейіңізде ұстаған жөн. Бұл өзіне сенімділіктің белгісі ретінде есептеледі.
ЕҢ бастысы ырымдарға берілмей, емтиханға дұрыс дайындалу. Ертерек дайындалсаңыз еңбегіңіздің жемісін міндетті түрде көретініңіз анық. Сәттілік!