Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 22 минут бұрын)
Баян Алагөзованың жаңа жобасы: Көрермендер «лас ойын» деп сынға алды

Желіде танымал продюсер Баян Алагөзованың «КешYou» тобының 20 жылдығына орай түсірілген жаңа жобасы қызу талқыға түсіп жатыр. Алайда, кейбір көрермендер бұл туындыны «өте әлсіз» деп бағалап, продюсерді арзан хайп іздеді деп айыптады.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Facebook желісінде Гауһар Өтелбаева есімді қолданушы фильмге қатысты пікірін жазды. Ол Баян Алагөзованы құрметтейтінін айта келіп, бұл жобаның көңіл көншітпегенін жеткізді. Пікірінше, туындыда шығармашылық жолдан гөрі, топ ішіндегі «лас» оқиғаларға басымдық берілген.

«Лас дүниелерді көрерменге ұсыну идеясы байқалады»

«Мәселе монтаж бен суреттің сапасында емес. Мәселе бізге нені «жегізгісі» келетінінде! Көрерменге лас дүниелер, ұрыс-керіс, ішкі жанжалдар арқылы шоу ұсыну идеясы бірден байқалады. Өйткені бұл жақсы өтеді. Бірақ мен бұған келіспеймін! Шоу-бизнестегі әйелдер, олардың өсу жолы мен индустрия туралы өте мықты, лайықты дүние жасауға болар еді. Қарауға ұялатын «ас үйдегі» ұрыс-керіссіз-ақ», – деп жазды желі қолданушы.

«КешYou» тобының «аңыз» екеніне күмән келтірді

Автор сонымен қатар, «КешYou» тобының «аңыз» екеніне де күмән келтірді. Ол топтың уақыт сынынан өткен мықты хиттерін есіне түсіре алмайтынын, ал одан шыққан әншілердің (Жанар Дұғалованы қоспағанда) тұтас бір дәуірді айқындайтын жұлдызға айналмағанын алға тартты.

«Шу үшін жасалатын шоу жетер!»

Пікір авторы Баян Алагөзоваға тікелей үндеу жасап, «Сіздің деңгейіңіз бен мәртебеңізде бірдеңені жанжал арқылы дәлелдеудің қажеті жоқ. Екі-үш күн талқыланып қоя салатын емес, шынымен із қалдыратын өнім көргіміз келеді. Шу үшін жасалатын шоу жетер енді! Өзіңіздің қолыңыздан келетіндәй шынымен мықты дүние беріңізші!» деп жазды.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде бұл пікірді көпшілік қолдап, фильмнің тым ашық әрі даулы тұстарын сынап жатқан оқырмандар қарасы қалың.

Жаңалықтар

Жарнама