Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Балаларды кітап оқуға баулу
Балаларды кітап оқуға баулу
Еліміздің азаматтары қазіргі заманға сай білімді, мәдениетті, оған қоса адамгершілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, шындық, адалдық, үлкендерді құрметтей білу сияқты асыл қасиеттер бала бойына кітап арқылы біртіндеп сіңеді. Баланы кітап оқуға көбірек баулу және пайдалы оқу үшін, ең басты балаларға кітапты сүюге көмектесу керек. Қазіргі балалардың көбінің қиялдары компьютерлік ойындарға ауып кетуіне қарамастан, кітапханашылар мен ата - аналарда, балаларға кітап әлемін сыйлау мүмкіндігі және құқығы қалады. Кітап оқуға үйрету үшін ең алдымен ата - анарға кеңес беру керек. Балаға бір жасынан - ақ кітап ұстатып үйреткен дұрыс. Яғни, ол сәби кезінен бастап кітапты көруге тиіс. Баланы кітапқа қызықтыру үшін суретті, санамақ кітаптардан бастау керек. Үнемі газет - журнал, кітап оқып отырған ата - ананы көрген бала да кітапқа қызығып өседі. 4 - 5 жастан бастап әңгіме, ертегілер оқуға болады.

Кітап оқу баланың ой - өрісін кеңейтеді, ойлауға үйретеді, сөйлеу қабілетін, есте сақтауын, қиялын дамытады, танымдық және дамытушылық қызметін анықтайды. Баланы кітап оқуға көбірек баулу және пайдалы оқу үшін, ең басты балаларға кітапты сүюге көмектесіп, алдын ала бос уақытында оқитын кітаптарының тізімін белгілеп, оны ата - анасы өздері ұсынуға болады. Баланы жас кезінен кітапты құрметтеуге және оны күтіп ұстауға баулыған жөн. Сондай - ақ, білімнің бір көзі – балалар басылымы. «Айгөлек», «Балдырған», «Мөлдір бұлақ», «Ақ желкен» журналдарына алып, оқып отырса, баланың білімі мен танымы талабына сай болады.

Немістің ұлы ақыны Гете: «Көкірегі ашық адам оқи білуді үйренудің қаншалықты қиын екенің біледі, мен бұған сексен жыл өмірімді арнадым, бірақ әлі кітап оқуды толық үйрендім деп айта алмаймын» деген екен. Балаға кітап оқуды үйретудің алғы шарттары:
1. Кітаптың құдіретін ұғындыру. Оны жыртпауға, тік отырып оқуға үйрету. Авторының кім, не жайында, қай жылы, қайдан шыққаны туралы білуі шарт.
2. Кітапты түсінбей құр оқудан сақтандыру керек, талғап оқуға, оған көз - қарасын білдіре алуға, қысқаша фабула жазуға үйрету. Фабула - баяндалатын оқиғалар желісінің қысқаша мазмұны.
3. Оқыған кітабының ішінде түсінбеген сөзді не мақал - мәтелдерді, не дәйек сөздерді теріп жазып алуға арнайы дәптер аштыру керек. Осыдан келіп ол баланың еңбек етуге құлшынысы туады, зейіні артады, талғамы өседі, көп оқуға тырысады, сөздік қоры молаяды. Кітап оқуға қызығушылық ерте балалық жастан қаланады және осы жерде көбі ата - анаға байланысты болады. Отбасы баланың тұлғасын дамытуға ортасы болып табылады, оқуға деген қажеттілік, қызығушылық пен сүйіспеншілік қалыптасады. Сондықтан баланы уақытында оқуға үйретіп қана қоймай, оны оқуды жақсы көруге ұмтылдыра білуіміз керек. «Өзіңді - өзің тану үшін кітап керек, өзгені тану үшін де кітап керек» депті атақты авар ақыны Р. Гамзатов. Адам айнаға қарап, бет - жүзіндегі өзгерістерді көретіні сияқты кітап арқылы да жаңа әлемді таниды. Басқа бір елдің, қоғамдық міндетін, тілін, дінін, тұрмысын, салт - дәстүрін біледі. Кітап - рухани қазына, байлық, өмір айнасы, замана сыры, тарих шежіресі, оқу - тәрбие құралы. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» - деп Абай Құнанбаев атамыз айтпақшы, адам баласы үшін кітап – тілсіз тәрбиеші. Кітап адам баласына бала кезінен бастап, өмірінің соңына дейін сырлас досы бола алады.

Бүгінгі таңда жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбиенің өз мәнінде сапалы болуы бірінші кезекте тұрғаны анық. Осыған орай еліміздегі бірден - бір рухани қазына ордасы – мектеп кітапханасы. Мектеп кітапханасы – кітап арқылы оқушылардың жан - жақты білім алуымен қатар, патриоттық рухта тәрбиеленуіне, саяси сапасын қалыптастырып, ғылыми, кәсіби, мәдени дәрежесінің дамуына әсер ететін бірден - бір әлеуметтік орын. Кітапханаға оқушылар келіп, қажетті әдебиеттерін жазғызып алып отырады, білімдерін толықтырады. Біздің жауапкершілікті міндетіміз: кітаптарды насихаттаудың түрлі формалары мен әдістерін ұйымдастыру арқылы оқырмандардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, жан - жақты дамыған баланы тәрбиелеуге жәрдемдесу. Оқушының ойлау қабілетін қалай дамытуға болады? Оқушылардың білімге қызығушылығын оятуға не әсер етеді? Осы сұрақтарға тек педагогтар ғана емес, сонымен қатар кітапханашылар да ойлануда. Балалармен тәрбие жұмысын жүргізуде кітапхананың ерекше маңызды болатын себебі: бала кезде оқыған кітап көңілге ұялап қалады, бүкіл өмір бойына өзінің ізін қалдырады.

Кітап оқу мәселесі бүкіл ұлтты толғандыруға тиіс. Кітапқа деген құштарлық – бұл тек кітапханашының ғана жұмысы емес, сынып жетекшісінің және ересектердің де жауапкершілікті болуы. Жастардың рухани дүниесіне де көп көңіл бөліп, көркем әдебиеттерге деген қажеттілікті арттырып, оқуға ынталандыруымыз керек, кітап оқуды насихаттау үшін жоғарғы деңгейде кітапханалық сабақтар, кездесулер, ауызша журналдар, сайыстар, ертеңгіліктер ұйымдастырып, оқырмандар сусындайтындай, ой - пікір туғызатындай етіп өткізу. Кітапхананы шынайы мәдениет ошағына айналдыру. Сондықтан мәдени ошақтарды жандандыру, оның ішінде балаларға қызмет көрсететін мектеп кітапханаларының еңсесін көтеру, дәстүрімізді сақтай отырып, өскелең ұрпақтың білімін, рухани байлығын арттыру, тиімді ақпаратпен қамтамасыз ету өз қолымызда.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама