Баспасөзді күшейту жұмасы
Мамыр айында «Баспасөзді күшейту жұмасы» ашылады. «Баспасөзді күшейту жұмасы» деген сөзге біраз ел түсінбес. Сол себепті әуелі мұның не екенін айтып өту керек болар. Қазіргі уақытта бір істі күшейту үшін қалалы елдерде, сол күшейтілмек болған істің жоғары бақылаушы мекемелері бірнеше күндей сол іске жәрдем жинау, сол істі қай жағынан болса да күшейту ретінде жалпы халыққа сол істің қандай пайдасының бар екенін жариялап, үгіт, насихат таратады. Мұндай көпшіліктің жұмылып істеген істері бір жұма, екі жұма шамаларында болады. Қазақстанда революцияның ғана екпінінен туған баспасөз (газет, журнал) бұл уақытқа шейін түрлі себептермен әлсіз болып келген соң, баспасөзді бақылаушы, басқарушы мекемелер осы мамыр айының ішінде сол баспасөзді түрлі реттен күшейту мақсатымен жалпы халыққа жариялап, бір жұмадай баспасөздің халыққа қандай пайдасының бар екенін айтып, Қазақстанда баспасөздің қандай халде екенін айтып, халықтың бұл баспасөз күшеюіне қандай жәрдем беруі керек екенін айтып, жұртқа үгіт, насихат таратпақ.
Енді қазақ баспасөзінің Қазақстанда қандай екеніне келелік.
Патша түспей тұрған заманда законның тарлығынан әм қазақтың әлеумет істеріне қатынасқан оқыған адамдарының аздығынан қазақ тілінде оқу құралдары былай тұрсын, баспасөз деген нәрсе (мәселен газет, журнал) өте шамалы болды. Бүкіл Қазақстанда бір ғана газет, бір ғана журнал болды.
Революция болып, патша түскен соң Қазақстанның әр жерінде газет, журнал шыға бастады. Бұл газет, журналдар күні бүгінге дейін түрлі себептермен нашар шығып келеді.
Оның себептерінің ең үлкендері мыналар:
1) Газет, журналға үкімет тарапынан берілетін жеткілікті қаражат жоқ.
2) Газет, журналды қазақтан алып оқушылар өте аз.
3) Алып оқушылардың өте аздығының себебі: біріншіден — халық оқу білмейді, надан; екіншіден — елге жөнді пошта жүріп тұрмайды. Үшінші — қырдағы, ауылдағы қазақтың қолында газетке төлеуге ақша болмайды.
4) Газеттің жазушыларға төлеп отыратын ақшасы-пұлы болмаған соң, ол газетке қалалы жердегі жазушылар көңілдегідей жазып отырмайды.
5) Қалада көңілдегідей үзбей жазып отыратын жазушылар болмаған соң, әм қырдан, ауылдан елдің мұң-мұқтажын жазып отыратын, елдегі түрлі хабарларды жазып отыратын жазушылары болмаған соң, газеттің өзініңде сәні кетеді, өзінің де маңызы болмайды, өзінің де бағасы, қадірі болмайды.
6) Және баспасөз жалпы қазаққа әсіресе қаладан алыс, елі көшпелі, төрт мүшесін төрт жаққа жайып салып көлбеп жатқан жері шалғай қазақ арасына баспасөздің өте қажет екенін, әм ол баспасөзді күшейтуге керек екенін біздің іс басындағы азаматтарымыздың көбі білгісі келмейді.
Әлеумет жұмысына, қазақ еңбекшілеріне қызмет қылуды көбі білмейді, білген білімдері мекеме кеңселерінде «бұйрыққа қол қоюда» ғана болады. Міне, қазақ тілінде баспасөздің нашар келе жатқанына үлкен себептер осылар. Әрине, бұлардан басқа да себептер жоқ емес. Енді, осы айтылған газеттің нашар келуіне себеп болып келе жатқан істерді жеңуге тырысып, осы келесі мамыр айының ішінде жарияланып ашылатын «баспасөзді күшейту жұмасында» қазақ еңбекшіл табының азаматтары жұмылып осы іске кірісулері керек.
Бұл ретте алдыңғы тілек мынау:
1) Елден әм қалалардан ақша жіберіп, газет алушылардың саны көбейсін.
2) Елге, ауылға, қалаларға жіберілген газеттер тоқтап жатпай, тура алушы иесіне тиіп отыратын болсын.
3) Елден газетке үзбей хабар, сөз жазып отыратын кісілер болсын.
4) Қаладағы іс басында жүрген еңбекшіл табының азаматтары газетке үзбей сөздер жазып отыратын болсын.
5) Қазақ газеттерін басып тұратын баспаханалар түзеліп, күшейсін.
6) Газеттер алдымен қазақ еңбекшілерінің көп жеріне таралатын болсын.
7) Мұның бөрінің орнына келіп отыруын іс басындағы азаматтар мойындарына алып, солар бақылап отырсын. Міне, әзірге алдыңғы біраз тілектеріміз осы.
Былайғысы уақытында тағы да жазылар. Ауылдағы еңбекші қазақ! Газет оқымасаң күллі дүниеде не болып жатқанын білмейсің. Газет оқымасаң елге әр жұмыспен шыққан милиция, сот әм түрлі комиссия, агенттердің тура істеп жүргендерін, теріс істеп жүргендерін білмейсің.
Ақпан, наурыз айларында Қазақстанның 3-ші аймақтық партия жиналысының алдында Семей, Ақмола губернияларына Ғабдолла Асылбеков жолдас барғанда, ол екі губернияның барлық ауылдық, болыстық исполкомдарының бәрі «Еңбекші қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналын алмақ болып, Ғабдолла жолдастың өзінен журнал мен газеттің әрқайсынан бір мың алты жүзден аса данасына (1600) ақша жіберген.
Бұдан барлық губерния үлгі алсын!
Қазақ еңбекшісі! Газет оқымасаң меңіреу, құлақсыз, саңыраусың.
Әр үкіметтің, әр қауымның, әр таптың ойы, істемек істерінің аңғары, жобасы газеттерге түсіп отырады. Тұтас таптың ісін сол таптың әрбір саналы мүшесі біліп отыруы керек.
Енді сілкініп газет оқу керек. Қазақ кедейі, қатардан қалма!
20.04.1923 жыл