Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 44 минут бұрын)
Бишімбаевты соттаған адвокат президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның жаңа құрамына енді

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Адам құқықтары жөніндегі комиссияның жаңа құрамы бекітілді. Бұл құрамға Қуандық Бишімбаев ісі бойынша жәбірленуші тарапты қорғаған адвокат Игорь Вранчев те кірді.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жарлыққа сәйкес, комиссияның төрағасы болып Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов тағайындалды. Ал оның орынбасарлары ретінде Республикалық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Айдын Бикебаев пен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айгүл Сабитова бекітілді.

Комиссияның жаңа құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері де енді. Олардың қатарында Бас прокурор, Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі, Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы, ішкі істер, сыртқы істер, әділет, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ғылым және жоғары білім министрлері бар.

Сонымен қатар, комиссияда адам құқықтары жөніндегі уәкілдер, бала құқықтары жөніндегі уәкіл, әлеуметтік осал топтарды қорғау жөніндегі уәкіл, кәсіпкерлік құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары да өз орындарын алды.

Жаңа құрамға депутаттар, адвокаттар, қоғамдық ұйымдардың, академиялық ортаның, кәсіподақтардың, діни бірлестіктер мен құқық қорғаушылардың өкілдері де кірді. Олардың арасында Сенат депутаты Жанна Асанова, Соттар кеңесінің төрағасы Досжан Әмір, Дағдарыс орталықтары одағының басшысы Зүлфия Байсақова, Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтилесов, Халықаралық көші-қон ұйымының өкілі Светлана Бекмамбетова, «MEDIALIFE» қорының президенті Ольга Волкова, адвокаттар Виталий Воронов, Игорь Вранчев, Данияр Канафин және Ирина Осокина бар.

Комиссияға сондай-ақ Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков, Мәжіліс депутаттары Дания Еспаева мен Үнзила Шапақ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Светлана Жаркенова, журналист Ерқанат Көпжасарұлы, «Civic peace» ҚБ төрағасы Руслан Қаскенов, Астана және Қазақстан митрополиті Александр Могилев, Конституциялық сот судьясы Қанат Мусин, «Қазақстанның азаматтық альянсы» президенті Бану Нұрғазиева, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Біржан Нұрымбетов, бас мүфти Наурызбай Өтпіров, Қ.С. Нарикбаев атындағы ҚазГЗУ өкілі Сергей Пен, адам құқықтары жөніндегі сарапшы Айсана Сман, Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығының басшысы Айгүл Соловьева, «Адам құқықтары үшін Хартия» қорының директоры Жеңіс Тұрмағамбетова және «Сана Сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының директоры Шахноза Хасанова кірді.

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия — бұл адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

Жаңалықтар

Жарнама