Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Екібас зауытын жалға беру

Өткен күзде Германияның Берлин қаласында Кеңес үкіметінің елшісі жолдас Красин Кеңес үкіметінің атынан Қазақстанның күншығыс аймағындағы Екібас, Ридцер, Таналық, Қысты деген әртүрлі кендер шығатын жерлерді (зауыттарды) бұрынғы сол айтылмыш жерлерді Россиядан жалдап алып, зауыттар жасап, кендер шығарушы Уркарт деген Англияның байына қайта жалға беруге шартнама жасап, оған қол қойған еді.

Бұл жасалған шартнама бойынша Уркарт айтылмыш Қазақстандағы кен зауыттарын 99 жылға жалдап, ие болып жүргізбек. Қылатын пайдасынан үлес белгілеп, кеңес үкіметіне беріп отырмақ.

Ал бұл зауыттарды жүргізіп жіберуге кеңес үкіметі Уркартқа жәрдем ретінде 150 мың фунт-стерлинг есебімен ақша бермек. Және 15 жылдың ішінде 20 мың сом төлемек. Бұл төлемек 20 мың сом Октябрь төңкерісі болып, күллі Россияның жерлеріндегі Россияның өз байларының әм шет мемлекеттерден келіп кенді жер жалдап отырған байлардың зауыттарын Кеңес үкіметі ұлт қазынасына алғанда, осы айтылған Қазақстанның күншығыс аймағындағы Уркарт иеленіп келген Екібас.

Ридцер зауыттарын да барлық мүлік, саймандарымен, капиталымен кеңес үкіметі ұлт қазынасына алатын. Міне, бұл 30 мың сом (алтын ақшамен) сол Уркарттың кеңес үкіметінің ұлт қазынасына түсіп кеткен мүлік капиталының ақысына аз болса да берілетін ақша. Өткен қарашаның бас кезінде жолдас Красиннің Уркартпен жасаған бұл шартнамасын кеңестік Россия құрамасының жоғарғы Халық комиссарлар кеңесі (Совнарком) тексеріп қарап, бұл шартнаманы Россияға қолайсыз, зиянды тауып, қабыл қылмай, шартнаманы қайырған еді.

Және де бұл шартнаманы Кеңес үкіметінің қабыл қылмауына себеп Уркарт кеңес үкіметіне жаулығын өте көрсеткен һәм өте көрсетіп тұрған Англияның байы болуы еді.

Қазіргі уақытта Екібас, Ридцер зауыттарын Уркарт бай жоғарғы айтылған шартпен тағы да жалға сұрап жатыр. Бұл туралы Уркарт Мәскеуде шығатын «Правда» газетінде жариялап, өзінің Кеңес үкіметіне ұсынған шарттары Кеңес үкіметіне пайдалы, қайта өзіне ауырлау деп түрлі пернеден түйілтіп келтіріп, бажайлап баяндама жазып отыр. Уркарт байдың кеңес үкіметіне ұсынған шарттарының әм ол шарттарын қолайсыз емес деп көрсеткен баяны Кеңес үкіметіне яғни Қазақстанның шаруашылық құрылысына үлкен зиян деп біздің шаруа жайын білетін адамдарымыз да газеттердің жүзінде жариялап отыр.

Сібірдің үлкен темір жолымен, пароходты су жолымен һәм бұтақ-темір жолымен жалғасқан Қазақстандағы ең бірінші қолайлы жердегі тас көмірге бай Екібас һәм Ридцер зауытын тұтасымен 99 жыл Англия байы Уркартқа беруге біз де қарсымыз. Қазақстанның өзге жерлерінде де тас көмір кендері көп екені рас, бірақ тап Екібас зауытындай үлкен темір жолдарға жалғасқан темір жолы бар һәм көмірі көп зауыты жоқ. Және де Орск қаласынан Атбасар, Ақмола, Өлеңті, Баяндатып Екібас зауытының қасынан өтіп, Семейге соғатын Оңтүстік-Сібір темір жолы салына бастаса жалпы мемлекет шаруашылығына тас көмірдің керектігі өте мұқтаж болмақ.

Сол себепті Екібас Уркарт байға жалға берілгенде: 1) 99 жылға берілмей, одан аз уақытқа берілгені жөн; 2) Әм жыл сайын Кеңес мемлекетіне, Қазақстан шаруашылығына жаратуға үлес белгіленіп, тас көмір беріп отыруға Уркарт міндетті болсын.

1923 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама