Photo: Johannes Plenio (https://www.pexels.com/@jplenio) / Pexels
- 17 ақп. 2026 03:00
- 21
Екібастұздағы үйде екі адамның мүрдесі табылды: жаңа мәліметтер жарияланды
Екібастұз қаласындағы жеке үйден екі адамның мүрдесі табылған қайғылы оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. Алдын ала болжам бойынша, марқұмдардың бірі екі жылдай, екіншісі бірнеше айдай үй ішінде жатқан.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғындарды дәрігерлер алаңдатқан
Оқиғаның мән-жайына үңілсек, алдымен медицина қызметкерлері алаңдаушылық білдірген. Себебі, бір пациент белгілі бір уақыт бойы тексеріске келмеген. Кейін бұл ақпарат тиісті органдарға жеткізілген.
Көршілер не дейді?
Көршілердің айтуынша, бұрын бұл отбасы қалыпты өмір сүрген, араласып-құраласып тұрған. Алайда, соңғы уақытта үй иесі әйел адам мүлдем ешкімді кіргізбей, өзіне-өзі тығылып қалған.
«Қалыпты отбасы еді, жақсы араласатынбыз, бір-біріміздің үйімізге баратынбыз. Соңғы кезде мүлдем ешкімді кіргізбей қойды. «Күйеуіңізді, Саша ағамды көптен көрмедік» дейміз. Ештеңе айтпайды. Соңғы кезде мүлдем танымайтын болдық», - дейді көршісі Омиртай Шәріпжанов.
Үй иесінің қасындағы үйді жалдап тұратын туыс әпкесі де бұл жағдайдан хабарсыз болып шықты. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, екі әйелдің арасындағы қарым-қатынас мүлдем болмаған.
Баланың жағдайы
Оқиға орын алған үйде әйелдің немересі, алты жасар қыз бала болған. Ол бірнеше күн бойы Майқайың ауруханасында тексерістен өтті.
«Қазір баланың психоэмоционалды жағдайы тұрақты. Оған тек мамандар ғана емес, бала психологы да көмек көрсетеді. Белгілі бір уақыттан кейін барлық рәсімдерді сақтай отырып, бала Екібастұз қаласының Балалар қолдау орталығына орналастырылады», - деді балалар құқығын қорғаушы Сауле Шәкенова.
Үй иесі әйел адамның жағдайын бағалау үшін психиатриялық ауруханаға жеткізілді.
Полиция не дейді?
Облыстық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі таңда жағдайды анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.