
- 04 там. 2025 09:49
- 13
Ғарыш әлеміндегі қазақ жұлдызы сөнді: Талғат Мұсабаев өмірден өтті
Ғарыш әлеміндегі қазақ жұлдызы сөнді: Талғат Мұсабаев өмірден өтті
Көпшіліктің жүрегінде мәңгі сақталатын, Қазақстанның мақтанышына айналған ғарышкер, Халық қаһарманы, қоғам қайраткері Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев 74 жасында өмірден өтті. Бұл ауыр хабарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та терең күйзеліспен қабылдап, марқұмның отбасына, туған-туыстарына көңіл айтты.
Президент өз жеделхатында Талғат Мұсабаевты ғарышты үш рет бағындырған ерекше ерлігімен елдің мерейін үстем еткен, нағыз батыр тұлға ретінде сипаттап:
«Отандық аэроғарыш саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, кәсіби білігімен, адами болмысымен халықтың зор құрметіне ие болған Талғат Амангелдіұлының жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталады», – деп атап өтті.
Талғат Мұсабаев – қазақтан шыққан санаулы ғарышкерлердің бірі ғана емес, халықаралық деңгейде мойындалған азамат. Ол 1994, 1998 және 2001 жылдары ғарышқа сапар шегіп, барлығы 341 күнді орбитада өткізген. Оның ішінде ашық ғарышқа 7 рет шығып, адамзат тарихында өзіндік із қалдырды.
Ғарышкерлік қызметінен кейін Талғат Мұсабаев Қазақстанның аэроғарыш саласында басшылық қызметтер атқарып, Сенат депутаты, ұлттық жобалардың бастамашысы ретінде ел дамуына өз үлесін қосты.
Оның өмір жолы – жас ұрпаққа жігер мен сенім сыйлайтын, табандылық пен отансүйгіштіктің символы. Талғат Мұсабаевтың қазасы – күллі ел үшін орны толмас қайғы.
Иманы жолдас, рухы пейіште болғай.