
- 02 там. 2025 12:46
- 13
Иран АҚШ пен Израильге қарсы әскери-психологиялық спектакль қойды
Каспий теңізінің жағалауында Иран ерекше форматтағы әскери жаттығу ұйымдастырып, халықаралық қауымдастықтың назарын аударды. Елдің Мазендаран және Гүлстан провинцияларында өткен бұл шарада Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ пен Израиль басшылығына қарсы бағытталған символикалық операция өткізді.
Сахналанған эпизодта бұрынғы АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьері Биньямин Нетаньяхуға ұқсас адамдарды арнайы жасақ сарбаздары “ұстап”, оларды “тарих қоқысы” деген жазуы бар көлікке тастайды. Қару кезелген сарбаздар мен көнгендей түр танытқан “тұтқындар” – бұл көріністің барлығы нақты әскери операцияны емес, саяси астары бар қойылым екенін аңғартады.
Иран мұндай акциялар арқылы идеологиялық ұстанымын ашық білдіріп келеді. Бұған дейін де елде АҚШ пен Израиль туын өртеу, осы ел басшыларының мүсіндерін өрттеу сияқты акциялар өткізілген. Алайда бұл жолы көрініс анағұрлым әсерлі болды – әлеуметтік желілерде бейнежазбалар жылдам тарап, қызу пікірталас туғызды.
Сарапшылар бұл әрекетті Таяу Шығыстағы геосаяси ойынның бір бөлігі ретінде бағалап отыр. Иранның мақсаты – қарсыластарына месседж беру ғана емес, халықтың назарын ішкі мәселелерден алшақтатып, ұлттық бірігу идеясын күшейту. Қойылым шын қауіпке айналмайтын шығар, бірақ Таяу Шығыстағы шиеленістің символикалық тілде өрбіп жатқаны анық.