Ыстамбұлдың алынуы
Тарих ғылымының маңыздылығы
Тарих шынында да әркімнің білуі қажетті ғылым. Өйткені қазіргі таңда болып жатқан әрбір оқиғаның өткенмен байланысы бар. Бүгінгі құбылыстарды түсіну және келешекке жол салу үшін тарихты білу қажет. Атақты Шәйх Әдебали: «Өткенін білмейтін адам, келешегін де білмейді. Өткеніңді жақсы біл, сонда келешекке қадамыңды бекем басасың. Қайда баратыныңды ұмытпау үшін, қайдан келгеніңді ұмытпа» деген екен.
Тарих — келер ұрпақтарға жарық тұтатын мыңдаған оқиғаларға толы. Тарих — адамдарға үлгі болатын мыңдаған жарқын еңбек, көркем өнер, қаһармандық өнеге, сондай-ақ сан қилы зұлымат, азапқа толы күндерді ескертіп одан ғибрат алуға, сабақ алуға, келешекті реттеуге, алдын алуға жол сілтейді. Осы тұрғыдан тарих ғылымы өзіндік орны ерекше ұлттық, елдік тұрғыдан пайдалы ғылым болып табылады.
Келешек үшін болжам жасау, жоспар құру тарихты білетіндер үшін оңайырақ болмақ. Әсіресе мемлекет басқару істеріндегі адамдардың міндетті түрде тарих ғылымын білуі қажет. Тарихта жетістіктерімен із қалдырған мемлекет адамдары мен патшалар тарихты жақсы меңгерген. Махмұд Ғазнауидің жанында мәшһүр тарихшы әл-Беруни болған. Әмір Темірдің де жанынан үнемі тарихшылар табылатын және өзі себепші болған тарихи оқиғаларды дұрыстап қағазға түсіргізетін.
Адамзаттың, адамгершіліктің жетілуінде тарихтың маңызы зор. Тарих адамдағы рухани құндылықтарын арттырады, ұлттық сезім, отанға деген махаббатты қуаттандырады. Тарихына, мәдениетіне мән бермейтін ұлттар құндылықтарын жоғалтып, жойылуға, басқа мәдениеттерге сіңісуге бейім болады.
Ыстамбұлдың алынуы
Түріктер Ыстамбұлды алғаннан кейін әлем тарихының бағыты өзгерді.
Ыстамбұл — әлемнің бәлкім, ең сұлу қалаларының бірі. Сұлулығымен, екі құрлықты бір-бірінен айырып тұрған бұғазымен адамдарды сиқырлауын әлі күнге жалғастыруда.
Ыстамбұлдың алынуы әрі түрік-ислам тарихында, әрі европа тарихында үлкен бір өзгеріс кезеңі болды. Ислам діні келген кезде әлемде екі үлкен мемлекет бар еді. Бірінші, Иран Сасани империясы, екіншісі Шығыс Рим (Византия) империясы. Бұл екі алып империялардың алынуымен сол аймақпен қоса біршама елдердің Исламды тануына жол ашылар еді. Шын мәнінде де солай болып, Иранның алынуымен Орта Азия елдерімен Үндістан секілді біршама аймақтар Исламмен танысты. Иран мемлекеті Омар ибн әл-Хаттап дәуірінде-ақ құлады. Ал Византияның қамалдары, қорғаныстары мықты еді. Византиялылардан ең бірінші Сирия алынды. Ахмед бин Ханбелдің мүснәдінде нақл етілген «Константинополь бір күні әрине алынады. Оны алған қолбасшы қандай жақсы қолбасшы, оны алған әскер қандай жақсы әскер» және Бұхаридегі: «Констонтинопольді алуға ең алғаш шыққан әскер мағфирет етілді» деген хадистер бұл қаланың стратегиялық маңыздылығын айқындай түседі. Муауианың халифалығы дәуірінен бастап-ақ мұсылмандар бұл қаланы алу үшін әрекет жасады. Алғашқы әскер ханзада Йезидтің қолбасшылығымен аттанды. Бірақ әскер жұқпалы ауруға шалдығып қаланы ала алмайды. Әмәуи халифалары да осы мақсатпен жорықтарға шығып Меслеме мен Галатаны бағындырады. Араб мешіті сол күндердің естелігі. Қаншама ғасырлардан кейін Османлылар бұл идеалды қайта жаңғыртты. Сұлтан Йылдырым Баязид хан және сұлтан ІІ Мұрат хан дәуірінде қаншама рет қоршауға алынды, бірақ бір себептермен алынбады. Қала стратегиялық маңыздылығымен қатар табиғатының әдемілігімен де ерекше. Францияның императоры Напалеон: «Дүние жүзі бір мемлекет болғанда, астанасы Ыстамбұл болар еді» деген екен.
Соңында Фатих Сұлтан Мехмет әскерімен 53 күнге созылған шайқастың ақырында, 29 мамыр 1453 жылы Константинопольді жаулаумен аяқтады. Константинопольдің алынуымен мұсылмандардың алды ашылды. Осылайша Османдықтар Венаға дейін барды.