Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жаңа тілек. Жаңа іс

Совет елінде жаңа жыл — жаңа тілек, жаңа іс. Секундтан құралған уақыт жылдарды жасаса, біздің адамдар үлкенді — кішілі еңбегімен коммунизмнің кең сарайын жасап жатыр. Бүгінгі үндер, бүгінгі тостар жаңа толқынмен осыны айтады. Соларға қосыла менің де айтарым бар.

Өткен жылы әдебиетіміз бұрын шықпаған биікке шықты. Толық мағынасында профессионалдық әдебиет деп танылуы «Абай» романы мемлекеттік бас бәйгені алуы — бұған айқын дәлел. 1950 жыл осындай үлкен өлшеуішін ала келіп тұр. Оның үстіне бүгіннен ертең асатын салтымыз бар. Бұның бәрі әдебиеттік ойды, ізденуді, жауаптылықты тереңдете, қиындата түседі. Ол қиынды жеңбей, ол тереңге бойламай әдебиет өмір шындығын көрсете алмайды. Көрсетсе шала-шарпы көрсетеді.

Жаңа жылда мен, өзіме осындай шарттар қойып, үлкен істің үстінде отырмын. Әдебиетіміз әлі социалистік индустрияны меңгере алған жоқ. Еліміздің мақтанышы болып отырған Қарағанды сияқты өндіріс алыптары, көмір кочегаркасы, еңбек қазаны ғана емес, адам санасының қайнар бұлағы да, әдебиет мақтанышы да болып отыр. Осы Қарағанды жайында екі кітап жазбақпын. Бірінші кітап Советтік Қарағандының алғашқы он жылын қамтиды. Алдағы жазда, ең әрі кетсе республикамыздың отыз жылдығына дейін жазып бітірмекпін. Екінші кітап Теміртауды ішіне ала, кейінгі он жылды қамтиды. Бұл 1951 жылдың сыбағасы.

Қарағанды 1930 жылдың 20 майында төрт-бес жапырақ барақ, жалғыз ғана түтінсіз тұрба еді. Содан бүгінгі Қарағандыны жасау керемет емес пе? Ол большевик партиясы бастаған мыңның кереметі! Бірдің басына сыймайды. Бәрін көрсету тіпті қиын. Негізгі қасиеттерін бере алсам да мақтан етер едім.

1950


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама