Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Жаңа түсіп өшіп қалмаса игі еді

Ақмола губерниясында Қызылжар уезінде қазақ кедейіне қала салынып жатыр деген хабар «Еңбекші қазақ» газетінде қысты күні жазылып еді. Бұл қала салу істерін бастап жүргізіп, жол басшы болған Ақмола губерниясының төрағасы жолдас Сабыр Шәріпұлы еді. Сабыр қыстың ақырғы кезінде науқас болғандықтан қызметтен уақытша босап, денсаулығын түзетуге Қырымға кетіп еді. Сабыр кеткен соң бұл қазақ қаласының салыну ретінде жүріп жатқан істері нашарлап еді.

Жаздың бас кезіндегі хабарларға қарағанда, қазақ кедейіне арналатын қаланы Ақмола губерниялық жер-су мекемесі кәдімгі совет шаруашылығына (совхоз) айналдырып жібергендей көрініп еді.

Қазақ кедейлерінің сол болашақ қаласы істерінің нашарлап жүре бастағаны білініп, Қазақстанның орталық мекемесінің бастарындағы адамдар Ақмоланың губерниялық исполкомынан бұл туралы мағлұматтар сұрап, нұсқаулар көрсетіп һәм қалаға әртүрлі жәрдемдер беруге бұйрықтар қылып, түрлі реттен көмек көрсетіп еді. Жақын арада Ақмола губерниясына Қырымнан жолдас Сабыр Шәріпов қайтқаннан соң Қызылжар қаласына айналмастан, Сабыр жолдас салынып жатқан қазақ кедейлерінің қаласына барып, істерін тексеріп, жөнге қойып жатса керек.

Жақын арада Ақмоланың губерниялық исполкомынан Қазақстан халық комиссарлары төрағасына мынадай телеграмма келді.

Қазақ қаласы 500 десятина жерге салынуда. Соқа-саймандары, көліктері бар. Үйлері салынып жатыр. Елуден артық жан қалаға жазылды. Оның ішінен 25 жан әбден орналасып һәм істерін істеп жатыр. Телеграмма арқылы 2 мың пұт астық бергізуге бұйрық қылсаңыз қаланың мұқтажына жұмсауға деген.

Бұған қарағанда қаланың ісі тағы да түзелуге бет алған көрінеді. Қазақстанның көшпелі жерсіз кедейлерін жерге отырғызып, қала тұрмысына айналдырмай, жер кәсібіне ыңғайламай, қазақ кедейлері байлармен, мырзалармен теңеле алмайды. Бұрын талай жазғанбыз. Қазақ кедейі, қазақ жарлысы көшпелі тұрлаусыз тұрмысын өзгертпей өнерлі жандардың еңбекшіл табының қатарына кіріп, байлар табымен күрескен жалпы жер-дүниенің еңбекшіл табымен бірге тізе қосып майданға шыға алмайды. Мұны сүттен ақ деп білу керек.

Олай болмағанда біздің ең бірінші міндет — жұмыссыз қазақ жұмысшыларын жерге отырғызып, жер кәсібіне айналдыру керек. Осы бағытпен қызмет басындағы азаматтардың қазағы болсын, орысы болсын, осы іске үгіт жүргізулері керек.

Жақын арада Ақмола губерниясының Қызылжар уезінде 200- дей қазақ кедейлері бірігіп, шаруа ұйымын ашты. Қазынадан тұқым алып, егін салды. Ол аз болды. Соған 300 пұт тұқым беріңіз деген телеграмма келді. Бұл телеграммадан бұрын да бір телеграмма келген еді.

Әрине, мұндай игі істерге көмекті аяуға болмайды. Кедей ұйымына 300 пұт тұқымды беруге халық комиссарлары кеңесінің төрағасы бұйрық қылды. Телеграммада бұл ұйымның барлық істеріне үкімет алдында сол ұйымның бастаушы Сабыр Бабай жолдас және Ақмола губисполкомы төрағасының орынбасары Катченкоға міндетті етіп мойындарына артты. Мұндай тарихи бағалы инабатты істерден суынып қалмай , көпшілікке күлкі болмай, іске асуына шын жүректен тілектеспіз. Істің ілгері басуын күтеміз!

1923 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама