Батырдың тууы, жас шағы
Жәнібек батырдың әкесі Бердәулет Арғынның қаракесек руынан шыққан Қазыбек бидің қызымен үйленгеннен кейін әйелі бірнеше жыл бала көтермей жүріп, соңында Жәнібекті көріпті. Перзентке зар ата-ана жас нәрестенің шілдехана тойын жасап, болашақ батырдың алғашқы таңын әнмен атырады. Әйелдерді шақырып, қалжасын беріп, ат шаптырып, бесік тойын жасайды.
Әкесі Бердәулет баласына ат қойғызарда Арғынның шақшақ руынан шыққан қарт Жәнібекті жорықтан келе жатқан жолынан тосып, сәлем беріп, қуанышты көңіл күйін айтады. Балаға зар болып жүрген Бердәулеттің тілегіне бар ықыласын берген Шақшақ Жәнібек оның үйіне түседі. Қуанышты ата-ана ағынан ақтарылып, адал ниетімен, «ақсарбас» қойын айтып сойып, қарсы алады.
Ақ күндікті ана мен айыр бөрікті ата аяулы көретін аруақты батырлары Шақшақ Жәнібектен: «Баламызға ат қойып беріп, аруағыңызбен қорғай жүріңіз», — деп тілек етеді.
Ата-ананың қуанышынан жүрегі тебіренген батыр бесікті алып, бесік көрпені ашып, балпанақтай баланы көріп, тебірене бата беріп бүй дейді:
— Керей деген елің көп,
Ел айналар шешен бол!
Жағаласар жауың көп,
Жауға шапсаң, есер бол!
Ел ішінде дауың көп,
Жұрт алдында көсем бол!
Жабылған жауды жапырып,
Шайқасқанда есен бол,
Жекеге шықсаң желденіп,
Жауыңның басын кесер бол!
Сонан соң бетін сипайды да, ата мен анаға қарап:
— Бесігін көтергенде көңілім толды, өз атымды қояйын, аты Жәнібек болсын! Біреулерге атын ататып боқтатпа, ат жалын тартып мінгенде алған бетінен тоқтатпа! — дейді. Шақшақ Жәнібекті пір тұтып сыйынған ата-ана:
— Әмин! — деп бетін сипайды. Жәнібектің әкесі Бердәулет жастай дүние салғандықтан, Қазыбек би жиені Жәнібекті ат жалынды өсіруді ойлап, өз қасына алады. Сөйтіп, Жәнібектің балалық шағы нағашы атасы — Қазыбек бидің қолында өтеді.
Шаруашылығының ең үлкен тірегі мал болған қазақ халқы төрт түліктің ішінде жылқыны «саусам — сауыным, жауға аттансам — кезең асар керігім», — деп қадыр тұтып өсіретін. Сырттан келген жау-жар да, ұры-қары да алдымен жылқыға тиетін. Сондықтан қазақ халқы: «жылқы соқса — желдікі, қуса — жаудікі» деп, мал ішінде қораға айналатын жатын мал- дан гөрі, жылқыны алабөтен жақсы көретін, осы түлігіне көз қырын ерекше салып, атан жілікті, атпал азаматын жылқы бағуға шығарып, жасынан жалт қаратқан ұлын отарға жіберіп, асаудың жалында, ақпанды дауылда өсіретін. Оған жарамаған жасты кезең аса алмайтын, ұйқысын аша алмайтын, аяғын баса алмайтын жасық санайтын.
«Кісі болар кісіні кісесінен, кісі болмас кісіні мүшесінен таниды» дегендей, адам тегінің тап басып сөйлейтін сыншысы Қазыбек би жиені Жәнібекті алысса, білегі бар, арбасса, жүрегі бар, ақыл мен жігері бар жан деп таниды да, бетінен қақпай, талабын тойтармай баулиды. Ат жалын тартып мінуге жараған кезінен бастап жылқышыларға қосып отарға жібереді. Сөйтіп, бала Жәнібекті жылқы іңіртінің жесегімен жетілдіріп, сары аязға салып ширатып, салбуырындағы қанды көз қыранша бауырын аштырады. Сол ортада жүрген кезінен-ақ Жәнібектің іс-әрекеті ел көзіне түсіп, аңыз болып тарап жатады. Сол аңыздың бірі Жәнібектің екі көкбөрісі туралы еді.
Халық Жәнібектің көкбөрі қонған киелі батыр санайды. Ол туралы нағашы жұрты жағынан тараған мынандай аңыз бар. Қазыбек би отардағы малына барып, амандығын білуді ойлайды. Әр жылы қыста қос-қос атты жолдас ертіп, жол бойы қыран құстарына аң ілдіріп, сол бетінде отардағы жылқысына дейін барып қайту бидің әдеті екен. Жас кезінде батыр болып, желдің өтінде, жаудың бетінде жетілген Қазыбек енді би атанып, ел басқарып, қазақ хандарының ақылшысы болып жүргенімен, қыста салбуырын құрып, отардағы малына барып, амандық жамандығын көзекі көріп қайту әдетін тастамапты. Көшпелі қазақ байларының үлкен байлығы тек мал еді. Ол банктегі ақша, сандықтағы алтын сияқты салулы құлпы, соғулы қорғаны бар дүние емес, кезең асса, көз жаздыратын, сынаптай толқып тұратын байлық болғандықтан, байлар қос қолын малдан ала алмайтын. Сондықтан Қазыбек бидің бұл сапарын кім көрсе де өрескел дей алмаушы еді. Ал Қазыбек секілді әрі батыр, әрі ақылман болып өскен кісілерге ақпанның аязында қырау басқан тұлпарды бар тебінімен ағындатып, аппақ қарды жосыта тартып жол алудың өзі бір ғанибет сезіледі. Сол сапарын бастаған би отардағы жылқысына жол алып, көңілдегі жерін көздеулі уақытында басып келе жатыпты. Таң қараңғылығы серпілмеген, есекқырған жұлдызы төбеге таяп қалған кез екен. үйреншікті мекенінде топ-топ сексеуіл өскен құмды төбелердің баурайында таңғы жусауындағы жылқылар үйір-үйірімен тыныштық алып тұрады.
Жылқыға жетіп келген би құсбегі, саятшы серіктерін қосқа жібереді де, өзі бірер жолдасымен жылқысын аралап, жылқысының межесін байқап, күйін көре бастайды. Белгілі-белгілі айғыр үйірлерін тұра қалып түстейді, тіпті жабағыларын санап, жылқының таңғы жусауына қарап күйін байқайды. Сөйтіп келе жатқанда таң да атады. Бидің көзі тебіндегі жылқының қарсы алдындағы бір биік құмның бауырында қаңтарулы тұрған тобылғы торы айғырға түседі. Жылқышылардың алғашқы кезіккені де осы екен. Таяп келген би үстіндегі қара киізден тіккен кебенегін астына салып, қой етігін шешіп, атының шылбырын жамбасына басып ұйықтап қалған Жәнібектің үстінен арлы-берлі екі көкжал бөрі секіріп түсіп ойнап тұрғанын көреді де, қатты көңілденіп, көңіл күйі толқып, ежелгі әдетімен былай толғайды:
«Аруақты батыр боларсың,
Алысқан жауды аларсың.
Еліңді ел етерсің,
Ежелгі жерге жетерсің.
Егіз бөрі тұрғанда,
Екіленбей нетерсің?!»
Абақ елі қос бөрі иесі бар деп аңыз ететін Жәнібекті ақыл-ойлы би деп таниды да, былайғы жерде оны қолтығына алып, баурына басып мәпелеп, қанаттыға қақтырмай, тырнақтыға ілдірмей өсіреді.
***
Жәнібек он сегіз жасқа шығып күш-қайраты толысып, ел алдына, ер қатарына ілінген кезде Жоңғар шапқыншылары қазақ жеріне шабуыл жасамақ болады. Бұған қарсы орта жүз ханы Әбілмәнбет үш жүзге сауын айтып, атшабар аттандырып, қол жияды. Абылай сұлтан қолбасы боп аттанады. Соның алдында ғана «Ақтабан шұбырынды...» болған елдің есінен Жоңғар ханы Суан рабданның қанжоса ғып қырғындаған қорлауы әлі кете қоймаған еді. Ер азамат біткен ереуіл атқа ер салады. Бұл кезде жерортасынан асқан Қазыбек би өз елінің қолбасын сайлап, сарбаздарына сәтті жол тілеп, аттандырып жатады. Сондай қарбалас күннің бірінде орданың есігін айқара ашып, «Дат, тақсыр!» — деп кіріп келген, жас жігітке би селт етіп тігіле қарайды. Қарсы алдында шарайнасын киіп, жау жарағын асынған жиені Жәнібектің тұрғанын көреді. Ол бір тізесін бүгіп:
— Дат, ата! Ел ішіне жау тиді, ер азамат атқа қонды. Ер азамат қатарында Абылайға сарбаз болып үлкен жолға аттанайын деген ойым бар, ақ жол тілеп, ақ батаңызды беріңіз, — дейді. Мына тілек биді ойландырып тастайды. Алтын тонын иығына қайта жамылған Қазыбек:
— Қарағым Жәнібек, елге берген батамды өзімнен неге аяйын. Ер азамат етіп өсіріп, ел-жұртыңа қосайын деп едім, жасыңа жетпей жау тілеме, қарағым! — дейді. Сонда Жәнібек:
— Ата, он сегіздегі жас қандай жас?
Өзіңізден қалған жас.
Айқасқан жауды алған жас,
Алдыңа жаяу салған жас, —
дейді. Жәнібектің бұл сөзінде бір сыр бар еді, «Қорушыны торушы алады» деген бір сөз бар. «Күзеуге созыла көшіп, күн еңкейе жетіп, үлкен Қолатты бойлай қонған туыстас ауылдар жылқысын қолаттың басындағы тұйыққа салып, жау келетін ауызды өздері алып, жайбарақат жатып қалады. Ел көзі ұйқыға бара бергенде, ауылды басып келіп қалған қалың жылқының дүбірінен уда-шу болады, ауылдың үстін бастыра жылқы қуған жырынды жау жылқышылардың бекітулі аттарын да ілестіре кетеді. Жауды қуып, жылқыны айырарға қолында тігерге тұяқ қалмаған ел бос сарпалдаңға түсіп, жылқысын көпе-көрнеу айдап кеткен жауға қарсы шыға алмай, қайраты мұқалып, діңкесі құрып, қарадай қор болып қалады.
Бірақ жылқы соңынан жас жігіт Қазыбектің бас білгі ақбас тайлақпен кеткенін ешкім де білмеген еді. Қазыбек сол ақбас тайлақпен жылқы соңынан жеткенде есік пен төрдей бурыл атты, айбалтасын көлденең ұстаған, еңгезердей біреу аз тосып тұрады да, желбегей шапанды бала жігітті бойына да тоғытпай, бурыл аттың басын жолға салып, тиіп алған жылқысының соңынан еркімен аяңдатып жүре береді. Жол тосып, кешеуілдеп келе жатқанына қарап, жортуыл басы осы болар деп ойлаған Қазыбек оған абайлай қарайды. Басында дулығасы, белінде сапысы бар, сырт бейнесі шойыннан құйған алып қара құман секілді батырдың менменсігенін байқап қалған Қазыбектің жүрегінде намыс оты бұрқ ете қалады. Ызасын ақылына жеңдірген ол алдындағы темір құрсанған адуын дұшпанның тиімді жерін көздеп келеді. Дұшпанның алкеуде, аусарлығы — сәт балғасының соғылған жері еді. Қолында шолақ сапты найзасы да жоқ Қазыбектің көзі ал деген жерден оның беліндегі сапыға түседі. Тайлақпен таяй берген Қазыбек қолындағы қара сырығын жерге тірей секіріп, көзді ашып-жұмғанша бурыл аттың артына міне түседі. Күтпеген жерден сап етіп жабыса қалған қуғыншыдан сасқалақтап қалған батыр ұзын сапты найзамен ештеңе өндіре алмайды. Сапыға көзін тіге атылған бала жігіт бурыл аттың арқасына тақымға тиген заман дұспанның қаруын суырып алып та үлгіреді, жанды жерінен тиген өткір сапыдан ат иесі құлап түскен кезде бурыл атқа орнығып алған ол жауының найзасын жерге түсірмей қағып алады.
Бурыл атпен майдан тартқан жас батырды көрген жау айқаса кетуге батпай, бет-бетімен жылқыны тастай қашады. Аты мен күші сай келген Қазыбек жауының бірқаншасын түсіріп, жылқысын айырып алып елге қайтады».
Осы отырысында Қазыбек би Жәнібекті бұғанасы қатпаған жас, сүйеніші жоқ жалғыз деп аяп отыр еді. Енді Жәнібектің әлгі сөзіне қарым қайтара алмай қысылған бейне байқатады. Қайрандап қалған атасына ренжіген Жәнібек:
— Он сегізге келгенше жігіт болып жетіле алмады дегеніңіз бе? Желкілдеген тудан, жер қайысқан қолдан қалдырғанда, мені бір от басын айналған көбелектей көргеніңіз бе? — деп құсалана сөйлеп, шыға жөнеледі. оның шын ашуын көрген көзғарақты би:
— Мынаның көкбөрісі ұстаған екен, рұқсат бермесем, құсадан өліп кетер, немесе батасыз кетіп жүрер, — деп қайта шақыртып алады. Ордаға кірген Жәнібек әуелгісіндей иіліп бата тілегенде, Қазыбек би:
— Қол басқарсаң, жолың киелі болсын! Ел басқарсаң, сөзің киелі болсын. Көк бөрің қолдай берсін! — деп бата береді.
Ата ықыласын алған батыр тұңғыш майданға нағашысы ырымдап мінгізген көк дөненге мініп, анасынан рұқсат алуға асыға жол тартады.
Шапса, шабысы, жүрсе, жүрісі бар көк дөненнің де дәл бабына келген кезі екен, ащы терін шашқысы келіп, ауыздығын шайнап алысқан жануар батырдың алып ұшқан жүрегіне қанат-құйрық болып сәйкеседі.
Анасының ауылына келіп, атағашқа атын іле салған Жәнібек үйге қарай жүгіргенде ақ күндікті анасы «жолың болсын!»деп тілек тілеп, шашуын шаша алдынан шығады. Ұлының ер азамат болып атқа мініп, ер қатарына қосылғанына қуанады, әрі алдында жал, артында құйрығы жоқ жалғызының қан майданға бара жатқанын ойлап қан жұтады. Нағашы атасынан рұқсат алғанын да естіген болатын. Енді ер көңілді, ақылды ана алдына бір тізерлеп иілген баласының маңдайынан сүйіп:
— Мен саған не айтамын, қамырығымды басып, қайғымды жеп айтамын. Артымда белгі қалса екен деймін, қызығыңды көрсетіп, алдыңда алса екен деймін. Саған тілек тілесем, әмісе жолы болса екен деймін. Оқ алдыңнан тисе, анаңның сүтін ақтағаның! Оқ артыңнан тисе, анаңның қарызын жүктегенің! Әуелі қосыңды тап, онан соң досыңды тап. Сен үшін тіленбеген не қалсын?! Жолың болсын, бақытың жансын! — деп ықыласын береді.
Шеру тартып кеткен қолдың соңынан күн-түн жүріп қуып жеткен Жәнібек Керей елінің қолбасшысына жолығып, сарбаздардың бірі боп қосынға қосылады.
Анасы айтқан ақылия сөз күн өткен сайын Жәнібектің есінен мығым орын иелей береді. Бір күні қолбасшы батырдың қасында сапысын суырып, жаубүйректі қиялай турай отырып, осы сөздердің мағынасын сұрағанда, қолбасы тақиясын желкесіне қарай сиырып қойып, бүй деп шешеді:
— Анаң ана екен ғой! Ана болғанда дана екен ғой. Оқ қайтпас қас батырдың алдынан тиеді. Қашқан жанның артынан тиеді. Елсіз ер болмайды, ер серіксіз болмайды!
Ақылды ананың сөзін тоқсан толғап ойланған Жәнібек өзін өмірдің өріне салып, халқымыздың ұлттық намысына, елдің елдігі үшін арнайды. Жоңғар шапқыншыларына қарсы алғашқы сайыста-ақ өзін бүкіл қазақ- моңғолға таныта бастайды.
Оқуға кеңес береміз: