Журналистің этикалық кодекстері туралы білесіз бе?
Әлемде қаншама мамандық болған болса, солардың әрібір болсын, өзіндік ауыртпашылығы мен қиыншылығы бар. Соның бірі журналистика. «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп Шерхан Мұртаза бекер айтпаса керекті. Билік пен халық арасындағы алтын көпір іспеттес бұл мамандықты атқару, қоғамға өз зияныңды емес, пайдаңды тигізу, этикалық кодекстерден асып кетпеу сынды түрлі талаптарды орындауды қажет ететін бұл мамандықтың қаншалықты қиындығын маман иелеріне ғана мәлім болар. Себебі адамдармен тікелей қарым-қатынасты талап ететіндіктен, кейде сөзге келіспей қалып жататын кездері көп болып жатады. Бес саусақ бірдей емес қой. Сол қиындықтарға кейде шыңдалудың орнына сынып қалып, біреудің қол жаулығы болып қалып жатқан әріптестеріміз жетерлік. Халықтың игілігіне емес, адам игілігіне жұмыс жасап, халықтың теріс батасын алып жатқан, араға іріткі салып жүргендер көп. Бұндай тақырыптар, мәселелер заң тұрғысында алдын-ала қаралған. Сол себепті бүгін мен журналистердің этикалық кодекстері туралы сөз еткім келеді.
Журналистің кәсіби этика стандарттары – бұл ақпаратты жариялаудың арнайы ережелері мен журналистер ұстануға тиісті негізгі этикалық нормалар. Кез-келген кәсіби саладағыдай, журналистиканың да өзіндік этикалық стандарттары мен нормалары бар. Әдетте бұл стандарттар анықтамалық болып табылады және ақпаратты жинауға, өңдеуге, таратуға қатысты негізгі ережелерді анықтайды.
Әрбір елдің өз журналистикасында өзіндік тілдік және мәдени нормалары бар. Мәселен, бүгінде араб елдеріндегі журналистикада мақаланың соңында ең маңызды ақпаратты орналастыру қабылданады. Осы ережені ұстанып, оқырманның назарын аудара аламыз деп сенеді. Бұрындары бұл ережені кеңестік журналистикада кеңінен қолданылған болатын.
Қазірде елімізде журналистер 7 принцип бойынша этикаға бағынады. Атап өтер болсақ:
- Журналистің әлеуметтік жауапкершілігі;
- Адамдардың шынайы ақпарат алуға деген құқығы;
- Журналитің обьективті шындыққа адал болуы, ар-ұяттылық;
- Журналистің кәсіби шынайылығы;
- Адамның жеке басының өмірі мен қадір-қасиетін құрметтеу;
- Жалпыадамзаттық қоғамдық құндылықтарды қадірлеу;
- Ақпарат аймағындағы жаңа халықаралық тәртіпке ықпалдасу.
Осы 7 принципті сақтау журналистер жұмысындағы негізгі шарт болып табылады. Жоғарыда атап өткенімдей, этикалық заңдылықты, құндылықты жетік бағаламай көп әріптестеріміз шалыс басып жатады. Мәселен, біреудің қолшоқпары боламын деп, үшінші және төртінші принциптерді елемей жататын жайттар көп кездеседі. Шындықты бұрмалап жеткіземін деп жүргенде, елдің айрандай ұйып отырған ауызбіршілігінің тас-талқанын шығарады. Немесе тақырыбын «ойбайлатамын» деп қателесетін әріптестеріміз де аз емес. Халық міндетті түрде шындықты білуі қажет. Дегенмен, темірді қызған кезінде соқ дегенді терісінен түсініп жатады. айтқан сөзіңе әлеует алдында жауапкершілік танытып, жалпы халыққа шынайы, бүкпесіз ақпарат жеткізіп, субьективті пікірін қоспай, обьективті түрде шындыққа тіке қарай білуі қажет.
Мысал келтіре кетсем, осыдан 3 жыл бұрын короновирус енді тарап, аса белең алмай жатқан сәтінде, атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, бір журналист «ковид жоқ, бұл биліктің жасап отырған саясаты» деген сынды пікірді ел арасына таратқан әріптесіміз болған. Соның сөзіне сенген халық қорғаныс шараларын сақтамай, ауруды ушықтырып алған болатын. кейіннен сол аталмыш журналистің туыстары жаппай ауырып бастағанда өзінің қателескенін сезіп, халықтан кешірім сұраған. Кешірім сұрағаннан не пайда? Мүмкін сол уақытта халыққа жалған ақпарат таратпағанда бұндай болмас па еді? Сондықтан бізде ақпарат таратпас бұрын жан-жақты зерттеп ал, екі тараптың да сөзін есті, керек болып жатса үшінші тарапты тауып көр деп жатады. Тараптарды тыңдап көр демекші, осыдан бірнеше жыл бұрын бір журналистің бір ғана тарапты тыңдаймын деп шалыс басқаны бар. Асығыстықпен жолына кездескен, «мен куәгермін» деген жаннан сұқбат алып, газет бетіне басып шығарған. Кейіннен оқиға олай болмағандығы, әрі сұқбат алған адамында психологиялық ауытқулары бар жан екені белігілі болған. Соның себебінен журналист жұмыстан шығарылған.
Осы сынды жайттар елімізде өте көп болып жатыр. Ақпараттың шындығы мен өтірігін анықтайтын фактчекинг те елімізде дамып келеді. «Мен білмедім, жалған ақпаратқа ұрындым» деп сылтау айтуға да негіз жоқ. Сол мамандықтың жемісін көріп отырғандықтан, барша қағидаларын сақтап, этикалық принциптерді қатаң сақтап жүрген біріншіден өзіңе, екіншіден оқыған оқырманға жақсы деп өз сөзімді аяқтағым келеді.
Сайлау Әдия Шахмарданқызы
ҚазҰУ, Журналистика факультеті студенті