Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Кітап

Бірде жақсы танитын бір жас ақын жігіт келіп:

— Аға, менің жыр жинағым шыққалы да біраз болды, өзіңіз білесіз ғой, — деді.

— Әрине, қолтаңбаңды қойып, әкеліп сыйлағаның есімде. Оқып та шықтым, тұшымды дүниелер баршылық. Маған кітабыңды бергеніңді ұмыттың ба?

— Жоғ...ә, бәрі есімде ғой. Айтайын дегенім бір мың ғана данамен шыққан сол кітап әлі таралған жоқ. Төрт жылда табанымнан тоза жүгіріп жүріп, қарызданып-қауғаланып шығарып ем, енді буылып-түйілген орауымен әлі жатыр, кімге барып, кімге айтарымды білмеймін...

Осы орайда менің есіме бір мысал ертегі түсті. Ит пен мысық ертеде бірге тұратын көрінеді. Бірде ит фотоаппарат сатып алыпты. Ондағы ойы жан-жануарларды суретке түсіріп, оны сатып, табыс табу екен. Фотоаппаратын асынып, орманға барса, қарсы алдынан қоян шыға келіпті. Бұл фотоаппаратын әзірлегенше қорқақ қоян зыта жөнеледі. Итекең қуып береді. Сөйтіп ертеден кешке дейін қуып жүріп, ымырт үйірілгенде ғана суретке түсіріп үлгереді. Әбден діңкелеп, сүйретіліп үйіне жетіп есіктен кіре құлайды. Біраздан кейін басын көтеріп:

— Уф, қуып жүріп әрең дегенде нысанама іліктірдім-ау, әйтеуір, — дейді.

— Оу, Итеке, бұл сенің шаруаңның жартысы ғана, қиыны әлі алда. Ертең қоянды іздеп табасың, содан соң суретін беру үшін тағы күні бойы қуалайсың, — деген екен сонда мысық.

Сол айтқандай, онсыз да азабы бір басқа жетіп-артылатын қаламгерліктің мойнына зілдей болып нарық артылды. Енді таланттың емес, күнде бір кітапты "сүйкей" салып, оларын домдап-домдап тарата алатын пысықайлықтың күні туды.

Әй, заман-ай, десеңші?!.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама