Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Көрік - ұлттық құндылық, тарихи жәдігер

Аннотация

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері:

Қазіргі таңда Тәуелсіз ел болып, өз басымызға бөлек шаңырақ көтеріп, үлкен елдік шаруаларды тындырып жатқан кезеңдеміз. Еліміздің қазіргі уақыттағы жағдайына келер болсақ, әлем таныған мемлекетке айналу үстінде, айналамыздағы елдермен салыстырғанда көш басындағы мемлекетпіз. Алдымызда көптеген мақсат - мұраттар тұр, дегенмен жүкті жұмыла көтерудің арқасында қыруар істер тындырылып жатыр. Өйткені біздің ұлы мақсатымыз - «Мәңгілік ел» болу. Халқымыздың тарихына, тарихи жәдігерлеріне деген қызығушылығы жастар арасында отансүйгіштікке тәрбиелеуге сүбелі үлес қосатындығы белгілі. Өзім секілді мектеп деңгейіндегі балаларға қазақ елінің тарихын, салт - дәстүрін, елдігін танытып, ата - бабаларымыздан қалған мұраларды, қазақ мәдениетін кейінгі ұрпаққа жеткізе білу, насихаттау. Достарымды ерлікке, жауынгерлікке, батылдыққа, отаншылдыққа баулу.

Болжам: Елімізді жаудан қорғаған батырларымыздың қару - жарағын жасау кезінде темір балқыту үшін пайдаланылған ұстаның негізгі құралдарының бірі - көрік жайлы жас ұрпақ санасына тоқып, ұлттық құндылық ретінде қадірлейді.

Зерттеу кезеңдері:

І кезең: Көрік жайлы деректер жинау.

ІІ кезең: Әкеммен бірігіп көріктің жасалу технологиясын меңгеру.


Зерттеу нысаны

Мұражай, «Рухани жаңғыру» орталығы, Қызылорда облысының қолөнер шеберлерімен жүздесу, кітапхана, әкемнің шеберханасы


Жұмыс нәтижесі: Ұста құралы – көрікті жасап, бес қару жасауда пайдаландық. Жасалу технологиясын және жұмыс процесін меңгердім.

Қызылорда қаласы Ә. Құдабаев атындағы

№197 орта мектебінің 6 сынып оқушысы

Әніс Шыңғыстың «Көрік – ұлттық құндылық,

тарихи жәдігер» тақырыбындағы

зерттеу жұмысына


Пікір


Оқушы Әніс Шыңғыс зерттеу жұмысына тың тақырыпты таңдаған. Көзден ұшып, көңілден кетіп бара жатқан ұстаның негізгі құралдарының бірі – көрікті бала түгілі үлкендер жағы да біле бермейді. Тіпті ғаламтор желісінде де көрік жайлы мәліметтер тым аз. Соған қарамастан оқушы әкесімен бес қару жасауда пайдаланған көрікке қызығушылығы оянып, деректер жинап, тіпті әкесімен бірігіп, көріктің жасалу, жұмыс істеу технологиясын меңгерген.

Кіріспе бөлімінде Шыңғыс тарихымызға тоқтала кетіп, Амангелді сарбаздарына қару - жарақ жасауда пайдаланылған көрік жайлы айта кеткен, және жазушының әңгімесінен үзінді келтірген.

Негізгі бөлімінде көріктің түрлеріне, ерекшеліктеріне тоқталған. Сонымен қатар әкесімен бірігіп жасаған көріктің схемасын сызып, жасау кезеңі, оны пайдалану кезеңін суреттермен дәлелдеген.

Ең қуанарлығы Шыңғыстың өз үйінде әкесінің арғы атасы Өтеулі ұстаның пайдаланған көрігін қадірлеп, отбасылық құндылық ретінде мақтанышпен айтуы.

Болашақта Шыңғысты қазақ қолөнерінің жанашыры, ұлттық мәдени мұраларымызды зерттеуші және насихаттаушы жақсы азамат болады деген сенім мол.


Облыстық «Рухани жаңғыру»

орталығының директоры Н. Мыңжас


І. Кіріспе


Тәуелсіздікті нығайту жолындағы ғасырға бергісіз өміріміз жылжып өтуде. Талай - талай мазмұнды оқиғалар тізбегі көз алдымызда. «Қазақстан» - деген ел атын естісе, таңдана қайран қалатын әлем жұртшылығы, бүгінгі таңда біздің еліміздің әрбір аяқ алысына, қарқынды қадамына қуана қол соғуда. Халқымыздың елдікке, егемендікке, ерлікке, жарқын болашаққа, адамгершілік пен парасаттылыққа шақырып, жетелейтін мәдени мұралары, сонау ежелгі дәуірден бері келе жатқан шежіреміз бұдан әрі жалғасуда.

Тарих - біздің шеберлерімізге шабыт беретін негізгі қайнар көз. Ата - бадаларымыздың сәндік бұйымдар, сауыт - сайман, бес қару жасап, металл балқыту тәсілін қызылордалық шеберлер заманауи жандандырып, жаңа түр сипат беруде.

Менің әкем Жақыпов Бекзат та темірден түйін түйген қолөнер шебері. Жазда әкем тапсырыспен бес қару жасады. Мен қасында көмекші болып, металды жалтыратып тазалау жұмыстарын атқардым. Әкем бес қару жасау кезінде металды жоғары температурада балқыту үшін арғы атасынан қалған көрікті пайдаланды. Әдепкіде не нәрсе екенін түсінбесем де жұмыс барысында оттыққа жел үрлейтін «көрік» деген ұстаның құралы екенін, соның әсерінен от қатты лаулап жанып, металл қып - қызыл шоқтай болатынын көріп қатты таң қалдым. Әкем қызған темірді ауыр балғамен соғу арқылы қылыш, найза, айбалта секілді қазақтың батырлары жауға шапқанда қолданған қаруларды жасап шығарды. Елімізді, жерімізді жаудан қорғаған батырларымыздың қару - жарағын жасауда үлкен рөл атқаратын ұста құралы - көрікке деген қызығушылығым артып, деректер жинай бастадым. Онымен қоймай арғы атасынан қалған көрікті негізге ала отырып, көрік жасайықшы деп әкеме қолқа салдым. Сонымен зерттеу жұмысымның тақырыбын «Көрік – ұлттық құндылық, тарихи жәдігер» деп атағанды жөн көрдім.

Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде басталған ұлттық тарихымызға терең үңіліп, түп - тамырымызды жете тану – баршамызға ортақ міндет. Ата - бабамыздан қалған байтақ еліміздің мұрасын, ұлттық құндылығын сақтап, сан тарихтан сыр шертіп, сайын даланың сырына үңілуге көмектесетін қасиетті орда – музей.

Елбасы мақаласы негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі бірқатар жұмыстар атқаруда. Осы ретте музей қорына 1916 жылғы Торғайдағы ұлт - азаттық көтеріліс кезінде Амангелді Иманов сарбаздарына қару - жарақ жасауда қолданылған көрік, іскенже, төс қабылданды.

«Қара көрікті жібере тартып қозғаған сайын сом темірлер балқып жатыр. Қанішердің тас жүрегін осылай балқытып ажал алдында ышқынса обал болмас еді. Темір балқыды, оны қазір балға мен төстің арасына салып нанша илеп, ойлаған бұйымдары мен аспаптарын істейді. Қара көріктің «жүрегі» соғып тұр. Амангелдінің ұстасы Сәкеңнің алғыр өнері, шебер қолы қып - қызыл темірді бабына түсіріп жатыр. Көрік үні «азаттық, азаттық» дейтін тәрізді...»

Табыл Құлиястың “Қара көрік” атты әңгімесінен үзінді


ІІ. Негізгі бөлім

1. Көрік және оның түрлері

Көрік - ұста дүкенініндегі былғарыдан немесе теріден жасалған ауа үрлеуіш.

Көрік - ұста, зергерлердің түрлі металдарды балқытып, қыздырып, өңдеу үшін қолданатын, оттыққа жел беріп тұратын құралы. Көріктің «қос көрік», «қол көрік», «аспалы көрік», «аяқ көрік» деген түрлері бар.

Көріктің көлемі неғұрлым үлкен болса, оның көмейінен оттыққа берілетін ауаның қысымы да соғұрлым жоғары болады.

Қос көрік. Бір - біріне қарама қарсы орналастырылған екі көрік. Екеуінің көмейі де бір оттыққа, яғни көріктің аузындағы от жағатын жеріне келіп тіреледі. Жеңіл - желпі жұмысты жалғыз көрікпен – ақ атқара беруге болады. Егер жалқы көріктің әлі келмейтін үлкен бұйым соққанда. Қос көрікті бірдей іске қосады.

Қол көрік. Екі тақтайдың арасына иленген тері керіп жасалынған көрік. Оның астыңғы шанағына қайыстан бау тағылып, баудың бір ұшы көріктің бастырығына байланады. Көріктің астыңғы тақтайының ортасындағы тесікте киіз желбезегі болады, бастырықты төмен басқанда астыңғы тақтай жоғары көтеріледі. Сол кезде желбезегі жабылып, астыңғы шанақтағы жиналған ауаның жартысы көріктің көмейіне, жартысы ортаңғы тақтайдағы ашылған желбезек арқылы үстіңгі шанаққа толады.

Астыңғы тақтай төмен түскен кезде, бел ағаштағы желбезек жабылады да, үстіңгі шанақтағы ауа үстіңгі шанақтағы төмен түскендегі қысымымен көріктің көмейіне қарай бет алады. Осы жолмен көріктің екі шанағы да ауаны кезек - кезек үрлеп тұрғандықтан, көріктің көмейінен үздіксіз уілдер жел ұрып тұрады. Осындай сәтті І. Жансүгіров былай суреттейді:

... Көк қалтырап, дірілдеп,

Жел көріктей күрілдеп...

Көріктің көлемі негұрлым үлкен болса, оның көмейінен оттыққа берілетін ауаның қысымы да соғұрлым жоғары болады. Бұндай көлемді көріктер төрт өгіздің терісінен жасалған екен. Ел аузында «Көрігің желді болсын, көлігің жемді болсын, көйлегің жеңді болсын» деген сөз осыдан шыққан.

Мес көрік. Бұл көріктің ең қарапайым әрі ең байырғы түрі. Мұндай көрікті бітеудей, жармай сыпырылған екі ешкінің терісінен жасайды. Ешкі терісін осы әдіспен сыпыруды «мес қылып сою» деп атайды.

Теріні сыпырып жатқанда пышақ тигізбей, жұдырықпен іреп алу керек. Содан соң теріні тұздап, бірнеше күн малмаға салып, уқалап, керіп, созып, әбден жұмсартады. Содан соң терінің бөксе жағын тегістеп қырқып, одан екі жұқа ағаш шегелеп, ішкі жағын жұқа киізбен астарлайды. Ағаштың біреуіне бас бармақ, екіншісіне төрт саусақ еркін сыятындай қайыс бүлдіргі тағылады.

Осы жолмен әзірленген екі ешкінің терісінің алдыңғы пұшпақтарына ағаштан тығын кигізіп, сыртынан қайыспен мықтап байлап, қайыстың артылған ұшын қазақ бау ретінде бос қалдырады. Содан соң кепкен аша ағашын алып, әр ашасының өзегін қуалай қызған темірмен теседі де, ол тесіктер ағаш діңіндегі одан гөрі үлкенірек тесікпен жалғасып жатады. Ағаш діңіндегі тесікке темірден, қаңылтырдан жасалған көмей бекітіледі.

Көрікті орнату үшін бар болғаны үш темір қазық қағылады. Оның бірі көріктің аша тұсына қағылса, екеуі екі местің пұшпағының тұсына қағылады да, пұшпақтарындағы қайыс баулармен байланады.

Мұндай көрікті орнату мен жинап алу үшін бірер минут қана уақыт кетеді. Көшпелі өмірде, жорықта мұндай көрік өте ыңғайлы және жеңіл, қарапайым, көп орын да алмайды.

Бұл көрікті басатын адам екі местің арасына отырып, көріктің бүлдіргесін саусақтарын ақыстырып алып, алақанын ашып, месті жоғары көтеріп тұрып, дереу жұма қойып, төмен басса, местің ішіне толған жел астындағы қуыс арқылы көріктің көмейіне, сол арқылы әрі қарай оттыққа беріледі.

Осы әдіспен екі месті алма - кезек желге толтырып, басап отырса, көрік толассыз жұмыс істейді.

Аяқ көрік. Бұл көріктің алдыңғы көріктерден айырмашылығы - оны қолмен емес, аяқпен басады.

Ол үшін дөңгелек маховиктің иінді білігіне жалғасқан педальді басып отырса болғаны. Жұмыс істеу принципі аяқ машинанікіндей. Маховиктің жетегі көріктің сыртқы қаңылтырмен қоршалған желдеткіш ебелегін айналдырады. Ебелекті қоршауымен қосып, «Ұлу» деп атайды.

Ертеректе көрікті жағатын көмірді қолдан әзірлеген. Оны ұсталар өздері жағып немесе көміршіге жақтыратын болған. «Темірші көміршіге үйір» деген сөз содан қалған.

Көмір әзірлеу үшін тоғайдағы айналасы ашық алаң таңдалып алынады. Алаңдағы көмір жағатын қу бұтақтарды ортаға үйіп өртейді. Ағаш әбден жанған кезде тырмамен тырмалып, сыпырғышпен су сеуіп сөндіреді. Шоқ шала болмай түгел жанғаны дұрыс. Содан соң көмірді алаңға жаймалап, күн көзіне, жел өтіне кептіріп жинап, қаптап алады. Діңі қатты әрі тығыз ағаштың көмірі «өткір», яғни қызуы жоғары болады. Ондай көмірмен темірді қыздырып, соға беруге болады.

...«Көрік ғаріп емес пе,

Салған темір қызбаса», - деп Жамбыл атамыз айтқандай, көрік желді, көмір қызулы болса, жұмыс істеу де жеңіл болады.

Қазыбектің: Сен темір де, мен көмір,

Еріткелі келемін.

Екі еліктің баласын,

Теліткелі келемін, - деген өлең жолдары мен ел аузындағы: «Сусыз өмір жоқ, отсыз темір жоқ», «Темір сырын отта танытады» деген нақыл сөздерден темірді өңдеу үшін оттың маңызы зор екендігін аңғарамыз.

Көрікті дүкеннің ортасына орналастырып, отты шаңырақтың астына түтін шығатын тұсын дәл келтіріп орналастырған. Көріктің оттығына жақын жерде су толтырылған ағаш немесе темір кеспек орнатылады. Көрікке таскөмір жаққанда ыс тимеу жағы да қарастырылған.

Ұстаның өрісі

Көрігінен төсіне дейін


1. Көріктің жасалу технологиясы және атқаратын қызметі

Әкем екеуміз жасаған мына көрік - екі шанақты аспалы көрік. Көрікті кәдімгі қалың фанер ағашынан диаметрі 45, ұзындығы 72 см етіп кесіп алдық. Оның астыңғы тақтайшасына ауа жинағыш тесік орнатылды. Ортасындағы ағашына ауа өткізгіш желбезек орнатылды. Үстіңгі тақтай бүтін, себебі жиналған ауа үстінен шығып кетпеу керек. Астыңғы шанақ жоғары көтерілгенде жиналған ауа үстіңгі шанақ арқылы көріктің көмейіне, одан темір түтікше арқылы оттыққа барып, бірқалыпты ауа үрленіп тұрады. Байырғыда көрікті төрт түлік малдың терісін илеп, өңдеп, сонымен қаптайтын болса, біз әкем екеуміз жасанды былғары сатып алып қаптадық. Қаптаған кезде еш жерінде саңылау қалмау керек.

«Тесік көрік желге толмас,

Топасқа білім қонбас» деген осыдан қалған деп ойлаймын.

Аспалы көрік үш тіреуіш бағанға орнатылады. Астыңғы тақтайшаға жуан жіп немесе қайыс арқылы жоғарыдан ұзын бақан ағашқа байланып, оны бір шетін басып қалғанда қысыммен ауа үрлеп тұра береді.

Әкем екеуміздің жасаған екі шанақты аспалы көрігіміз.


1. Көрік - тарихи және отбасылық жәдігеріміз

Әкемнің арғы атасы Өтеулі өз заманының ұстасы болған. Тұрмысқа қажетті заттарды жасап, халықтың қажеттілігіне еңбек еткен Өтеулі атаның темір балқытуда пайдаланған көрігін туысқандары ата жолын қуған әкеме әкеліп табыстайды. Қазіргі кезде көрік әкемнің ұстаханасынан орын алып, біздің отбасылық жәдігерімізге айналды. Терісі жыртылып, ағаштары мұқала бастап, тозығы жеткен бұл көрік бізге ата - баба аманатындай болды.

Халқымыз көрікті өте қасиетті санаған және оны кез - келген жерге қоймайтын болған.

«Ұсталық өнерде дәретсіз көрік жақпау»,

«Ауырған балаларды көріктің үстінен аттату. Отпен аластау, Қызып тұрған темірге су бүркіп, ұшықтау» деген наным - сенімнен осыны аңғарамыз.


Шамамен ХІХ ғасырдың бас кезінде Өтеулі ұста пайдаланған көрік

ІІІ. Қорытынды

Ұсталық өнерді өзге өнер түрлерінен бөліп, жеке - дара қарауға әсте болмайды. Қазіргі кезеңде де ата - бабамыздың қасиетті жолын қуған, темірден түйін түйген ұсталар республика көлемінде баршылық. "Мәдени мұра, ата - бабамыздан мирас ретінде жеткен дәстүрлі өнер - қазіргі заман мәдениеті үшін қайнар көз, кәусәр бұлақ" - деп мәдениеттанушы Болат Байжігітов айтқандай ұсталық өнерді кең насихаттауда Қалқаман Тілеуханов, Дәркембай Шоқпарұлы сияқты шеберлер Кеңес заманында насихаттауды қолға алды. Дәл қазір тәуелсіз елімізде тез арада шешімін табуға тиісті, кезек күттірмес мәселе бар. Ол – ұлттық жәдігерлер палатасын ашып, арғы, бергі тарихымызда жасалған қару - жарақ, ұсталық өнер туындыларын бір шаңырақ астында жинақтау, елдігіміздің белгісін таныту. Бұл барлық өркениетті елдерде бар ежелден қалыптасқан дәстүр.

Мен осымен “Көрік – ұлттық құндылық, тарихи жәдігер” тақырыбындағы зерттеу жұмысымды қазақ қолөнерінің жанашыры, этнограф, ғалым Дәркембай Шоқпарұлының мына өлең жолдарымен қорытындылағым келеді:

Бабамнан қалған мұра төс пен көрік,

Ұста әкемнің үлгісін өскем көріп.

Ұғынамын осыны мол байлық деп,

Басқа байлық мен үшін бес теңгелік.


Ұсыныс

1. Кезінде елімізді, жерімізді жаудан қорғаған батырларымыздың қолданған бес қаруы, сол бес қаруды жасауда үлкен рөл атқарған көрік сияқты тарихи құндылықтарымыз қазіргі таңда жастардың санасынан біржола жойылып кетпес үшін тарих, көркем еңбек оқулықтарында оқушыларға кең көлемде мәлімет берілсе;


1. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ұлттық қолөнер бұйымдары мен ұста құралдарына музейлерде арнайы залдар ашып, лекторийлер ұйымдастырылса;


1. Әрбір облыс орталығында ашылып жатқан этноауылдарда “Көрік” сияқты ұста құралдарының қызметін көпшілікке кеңінен таныстыруға арналған дәстүрлі қолөнер ұсталарының “шеберлік сағаттары” ұйымдастырылса.

Жалпы алғанда ұлттық қолөнер бұйымдары мен құрал - саймандарды насихаттау жүйелі түрде жолға қойылса.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


1. «Сырдың сырлы бояулары» альбом жинақ. «Кітап» баспасы 2007

2. «Қазақтың қолданбалы өнері» Д. Шоқпарұлы. «Алматы кітап» 2007

3. «Қазақ қолөнері» Қ. Әмірғазин. Алматы 1996

4. «Қазақ қолөнері» Қ. Қасиманов

5. «Қазақтың дәстүрлі қару - жарағының этнографиясы» Қ. Ахметжан. 2006

6. Ғаламтор желісі


Әбу Құдабаев атындағы №197 қазақ орта мектебі
Зерттеу тақырыбы: Көрік – ұлттық құндылық, тарихи жәдігер
Секциясы: Этномәдениеттану
Автор: Әніс Шыңғыс Бекзатұлы
Сыныбы: 6А
Жетекшісі: Жұмабекова Ұлбосын Ерғабылқызы
Ғылыми жетекші: Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Н. Мыңжас
Қызылорда қаласы, 2019 жыл

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама