- 07 там. 2022 00:00
- 169
«Күшігім-күшігім» десе, күшік ауыз жалайды
Қазақстанның әрбір жерлерінен келген хабарларға қарағанда, бұрынғы ел ішінде білегінің күшіне сеніп, білек күшін арамдыққа жұмсайтын бұзықтар тағы да бастарын көтере бастаған көрінеді. Күшін бұзықтыққа, арамдыққа жұмсайтын қулардың кейбіреулері жігіт жиып топтап, үйірлеп мал айдап ұрлық қыла бастаған көрінеді, кейбіреулері «болыстыққа» таласа бастаған көрінеді. Кейбіреулері болыстыққа таласу партиясын қоздырып, тұтатып, бір жағының шашбауын көтеріп, жемсауын толтыруда көрінеді. Кейбір болыс болып алғандары әртүрлі елге түскен шығынды пайдаланып, елді борсықша соруда көрінеді. Әм басқа да талай сұмдықтарды істеп жатқан көрінеді. Соңғы неше жылғы жұттан, аштықтан, соғыстардан кедей болған Қазақстанды бұл залымдар құртуға бет алған көрінеді. Мұндай хабарлар әсіресе Атбасар, Ақмола, Қарқаралы, Павлодар уездерінен келіп отыр.
Әм басқа жерлерде, мәселен, Торғай, Адай, Ырғыз, Темір, Шалқар уездері де бұл жоғарғы айтылған жауыздықтардан аман көрінбейді. Әр жерден-ақ осылай, бірақ өте-мөте алғашқы айтылған Атбасар, Ақмола, Қарқаралы, Павлодар уездерінде күшті.
Кеңес үкіметі алғашқы жалпы орнап билігін жүргізе бастап, бұрынғы күштілікпен, байлықпен, я болыс болып ел жеген, я сотқарлықпен момынға зорлық қылған, ұрлық қылған, я елді партия қылып шабыстырып, арасынан май жалаған жалмауыздарды ұрлықшы иттей қылып күйелі көсеумен ұрған соң кейбіреулерін реті келген жерлерде мүлде жоқ қылып жіберген соң айтылмас мырзалар құйрықтарын қысып еді.
Енді былтырдан бері Кеңес үкіметі жалпы Россия құрама мемлекетінің күйзелген шаруасын түзеу мақсатымен жаңа шаруашылық саясатын жүргізіп, разверстканы қалдырып, ылау мінуді қалдырып, ат һәм көлік алуларды қалдырып, әм жаңағы айтылған мырзалар тәрізді құзғындарды қара жұмысқа айдап салуды қалдырып, азырақ мұрсатана беріп еді, айтылған бұзық құзғындар тағы да бұрынғысындай қозғалып, арамдықтарын жүргізе бастаған көрінеді.
«Күшігім-күшігім» десе, күшік ауыз жалайды» деген осы.
Бұл қулар істеп жүрген істерін өздері дұрыс, жөн деп біледі. Енді бұл құзғындарға қарсы, төбелеріне ақырын бірте-бірте жай түскендей қылып отыру үшін біздің губернияларда, уездерде отырған іс басындағы (исполком, милиция, сот бастарындағы) жолдастар аямай Кеңес законының қаһарын жүргізуі керек. Біз мұны күтеміз жолдастардан, бұл сөз әсіресе әлгі есімдері аталған губернияларға, уездерге тиеді.
Бұл бұзық құзғындарды тыя алмаған жолдастар азамат емес, құр қарақшы, қарақшыдан торғай да қорықпайды. Оязда отырған жолдастар жігерсіз болса, Орынбордағы аймақтық Қазақстан үкіметі ешнәрсе қыла алмайды. Ол есте болсын, бұзықтарды аямаңдар!
1923 жыл